Биыл наурызда ҰҚК прокуратура органдарының үйлестіруімен Астана және Алматы қалаларында ҚР азаматтарының дербес деректерін заңсыз жинап, таратқан күдікті топ ұсталды.
Тергеу материалдары бойынша қылмыстық іс фигуранттары заңсыз жолмен алынған ақпаратты интернет желісінде сатып келген. Сатып алушылар қатарында микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың кейбір өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған. Тінту барысында компьютерлік техника, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемде ақша қаражаты және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қылмыстық кодекстің 147, 208 және 210-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Жеке дерек қалай тарайды?
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, дербес деректер тарап кеткен жағдайда E-Otinish арқылы өтініштерді жібересіз. Өтініш берушінің аты-жөні, байланыс нөмірі, болған жағдайдың сипаттамасы, кезеңі мен мерзімі көрсетілуі керек. Оған қоса заң бұзу фактісін растайтын материалды, заң бұзған тұлға не ұйымның атауын жазасыз. Мысалы, несие аламын деп жеке басын куәландыратын деректерді беріп, бірақ несие рәсімделмей, шот ашпайтын жағдайда дербес деректерді жою туралы өтініш жазып кетуі керек. Бірақ көпшілік мұндай қарапайым ережеге мән бермейді.
Жаза қандай?
Наурыз айында өткен Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев Қазақстанда деректерді қорғаудың заманауи құралдарын, соның ішінде маскирлеу мен хэштеуді енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оған қоса жазаны қатаңдату керегін ұсынды:
«Жеке деректердің жаппай таралуы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылуда. Әңгіме Қылмыстық кодекстің 147-бабына заңсыз жинау және тарату үшін жауапкершілікті көздейтін қолданыстағы нормаларды толықтыру туралы болып отыр, сонымен қатар бұзушылықтардың жаппай сипаты үшін санкциялар енгізіледі. Санкциялардың нақты параметрлері заңнамалық түзетулер аясында айқындалады» деп жазылған хабарламада.
Егер Жасұлан Мәдиевтің ұсынысы қабылданар болса, жеке деректерді қорғау талаптарын бұзғандар 21 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуі мүмкін. Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабына сәйкес жеке деректер туралы заңды бұзғаны ірі бизнес иесіне салынатын ең жоғары айыппұл – 2000 АЕК (8,6 миллион теңге).