Жайық өзені шектік деңгейден 11 см-ге асып түсті – Атырау облысы әкімдігі

5 Мамыр, 18:09 3016

Атырау облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерде тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ОКҚ брифингінде атап өткендей, Индер ауданында Жайық өзені шектік деңгейден 11 см-ден асып түсті.  

Жайық өзенінің жағасында орналасқан ауылдарда тәулік бойы кезекшілік пунктері ұйымдастырылды, - деді спикер.

Махамбет ауданында Жайық өзені шектік деңгейге жақындап келеді: бүгінгі таңда су деңгейі - 848 см, шегі-850 см, жалпы ұзындығы 65 шақырым, орташа биіктігі - 2,5-3 м. Бөгеттерді көтеру және нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жарсуат және Құрылыс ауылдарында қорғаныс бөгеттерінің бойында тәулік бойы кезекшілік пунктері орнатылды, - деп толықтырды Руслан Жұмағазиев.

Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейі - 490 см, шектік деңгейі -550 см, 4 - мамырға жоспарланған 250,7 шақырым бөгеттің 249 шақырымы салынды.

Ал Жылыой ауданының Құлсары қаласында соңғы тәулікте 78 үйден су сорылды, бүгінде 27 үй су астында қалып тұр Сорылған судың жалпы көлемі 4 млн текше метрден асады. 1 860 нысанға дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ қаланы санитарлық тазарту жалғасуда, соңғы тәулікте 500 тонна қоқыс шығарылды.

Соңғы тәулікте 16 тұрғын үй мен 3 коммерциялық нысан электр қуатына қосылды. 4 - мамырға дейін азаматтардан залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия 2 818 өтініш қабылдады, зардап шеккен 3 657 адамға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді, - деп нақтылады өңір өкілі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: