Жавохир Синдаровтың отбасы Бибісара Асаубаевамен үйлену тойы болатынын растады

Жавохир Синдаровтың отбасы Бибісара Асаубаевамен үйлену тойы болатынын растады

Асқар Таудай
Фото: Фото: t.me/bibissarachess

Өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаровтың атасы Комил Синдаров немересінің қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаевамен шаңырақ көтеретінін растады.

Комил Синдаров екі жас арасындағы қарым-қатынасты қолдайтынын айтып, болашақ келінінің шахмат әлемін жақсы түсінетінін ерекше атап өтті.

«Той міндетті түрде болады. Біз бұл некеден үлкен үміт күтеміз. Егер Жавохирді шахматты түсінбейтін басқа қызға үйлендірсек, бұл белгілі бір қиындықтар туғызуы мүмкін. Өйткені Жавохир жылдың 12 айының 11 айын шетелде, түрлі жарыстарда өткізеді. Мұндай өмір салтына бейімделу үшін оның жанындағы адам шахмат әлемін түсінуі керек. Сондықтан Бибісара бізге барлық жағынан лайықты», – деді Комил Синдаров Олимжон Усаровқа берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол Бибісараның көршілес Қазақстаннан болуы екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

«Оның Қазақстаннан болуы – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл екі бауырлас халықты одан әрі жақындастырады. Біздің бабамыз Әмір Темір де балалары мен немерелеріне басқа мемлекеттерден қалыңдық таңдап, сол арқылы елдер арасындағы достықты нығайтқан», – деді ол.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың романтикалық қарым-қатынасы биыл көктемде көпшілікке белгілі болды. Екі шахматшының бірге түрлі іс-шараларға қатысуы және Парижге сапары жанкүйерлердің назарын аударған еді.

Дегенмен жұптың өзі қарым-қатынастары 2023 жылдың соңына дейін басталғанын меңзеген. Кейіннен екі жастың одағына Синдаровтар отбасы ресми түрде батасын берген. Қазіргі уақытта қос гроссмейстер кәсіби мансабын жалғастырып, халықаралық жарыстарда бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.

Әзірге үйлену тойының нақты күні жарияланған жоқ.

Оқи отырыңыз

{