Жатақханадан орын таба алмаған студенттер қайда барады

Жатақханадан орын таба алмаған студенттер қайда барады

Көктем Қарқын
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда студенттерді жатақханамен қамту мәселесі жалпы республика бойынша шешілген. Алайда Алматыда орын тапшылығы әлі де бар. Мұнда жатақханаға қажеттілік 5 176 орынды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Министрдің сөзінше, 2024 жылдан бастап жатақхана беру қызметі проактивті форматқа көшірілген. «Smart Data Ukimet» жүйесі мен Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы интеграцияланған.

ЖОО-ға түскен студенттердің деректері негізінде жүйе жатақханаға мұқтаж азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Өтініш те автоматты түрде қалыптастырылады. Шешім шыққаннан кейін студентке хабарлама жіберіледі. Бұл ретте әлеуметтік осал топтарға басымдық беріледі.

Фото: El.kz архиві

2025 жылы осы жүйе арқылы 48 282 проактивті қызмет көрсетілген.

Цифрландыру әкімшілік жүктемені азайтып, адам факторын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді Саясат Нұрбек.

2026 жылы 18 жатақхана ашылады

Еліміздің басқа өңірлерінде жатақхана тапшылығы жоқ. Соған қарамастан жаңа нысандар салу жалғасып жатыр. 2026 жылы жалпы сыйымдылығы 6 857 орын болатын 18 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған.

Фото: El.kz архиві

Жаңа жатақханалардың ең көбі Астанада орналасқан. Қазақ ұлттық спорт университетінің жанынан екі жатақхана ашылып, онда 1,5 мыңнан астам студент тұра алады.

Алматыда биыл Халықаралық білім беру корпорациясының 339 орындық жатақханасы пайдалануға берілді. Қазір тағы жеті жатақхананы іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 11 жатақхананы ашу жоспарланған.

Алматыда студенттер қайда жүгіне алады?

Алматыда жатақханадан орын таба алмаған студенттер үшін Ситуациялық және Дағдарыс орталықтары жұмыс істейді.

Ситуациялық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында орналасқан. Мұнда студенттер мен олардың ата-аналары жатақханаға орналасу тәртібі, қажетті құжаттар және өтініш беру жолдары туралы ақпарат ала алады.

Орталықта сегіз маман жұмыс істейді. Былтыр оның көмегіне 3 мыңнан астам студент жүгінген.

Фото: El.kz архиві

Ал тұрғын үй мәселесі туындаған жағдайда студенттер М. Тынышпаев атындағы ALT University базасындағы Дағдарыс орталығына бара алады. Онда уақытша тұруға арналған 50 орын бар.

Былтыр Дағдарыс орталығына 55 студент уақытша орналастырылып, кейін тұрақты жатақханаларға көшірілген, – дейді министр.

Сонымен қатар барлық өңірде студенттік омбудсмендер жұмыс істейді. Олар студенттердің оқу процесі, жатақханада тұруы және әлеуметтік мәселелеріне қатысты қиындықтарды шешуге көмектеседі.

Біз бұған дейін студенттер жолақы, ұшақ және музейге қатысты қандай жеңілдіктерді пайдалана алатыны туралы жазған едік. 

Оқи отырыңыз

{