Жасыл шай ма, әлде қара шай ма: денсаулық үшін қайсысын таңдаған дұрыс

Жасыл шай ма, әлде қара шай ма: денсаулық үшін қайсысын таңдаған дұрыс

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Зерттеулерге сүйенсек, адамдардың басым бөлігі жасыл және қара шайды күніне бірнеше рет ішеді. Көпшілік үшін шай – кофенің баламасы, сергектік сыйлайтын сусын, күнделікті әдет немесе ерекше рәсім. Ендеше, шайдың денсаулыққа пайдасы қандай және оны қалай дұрыс таңдау керек?

Шай ішу дәстүрі қайдан бастау алған?

Шайдың тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Шай дайындалатын Camellia sinensis өсімдігінің отаны – Оңтүстік-Шығыс Азияның орталық бөлігі саналады.

Шайдің алғаш шыққан жері Қытай деседі. Аңыз бойынша б.з.д. 2500 жылдары Қытай императоры Шен Йонг ем ретінде суды қайнатып ыстықтай ішкен екен. Жаздың шіліңгір ыстығында қызметшілері дайындаған қайнаған суына желмен ұшып келген бірнеше шай жапырағы түседі. Сусын өзінің дәмімен және қош иісімен билеушіні қатты қызықтырып, сол күннен бастап ол өзінің қол астындағыларға да шай демдеп, оны ішуді бұйырады.

Осылайша жел ұшырған шәй жапырақтары адамзат өміріне жаңа сусынның мәдениетін әкеледі.  Аңыз осылай дейді. Кейін шай Қытайдан Ұлы Жібек жолы арқылы Жапонияға, Корея түбегіне, одан әрі Үндістанға, Еуропаға, Солтүстік Африкаға және басқа өңірлерге тарады. Әр халықтың шай ішу мәдениеті әртүрлі: бір жерде сүт пен дәмдеуіштер қосылса, енді бірінде тұз, жеміс шырыны, бал, жидек немесе сары май қосып ішеді.

Фото: pexels.com

Ал қазақтардың шайды сусын ретінде қолдана бастағаны туралы деректер әсіресе, ХҮІІІ ғасырдағы орыс, қытай құжаттарында жиі кездеседі. 

Шайдың денсаулыққа әсері қандай?

Дәстүрлі шайлардың құрамында дәрумендер мен қоректік заттар көп болмаса да, олар полифенолдарға бай. Бұл қосылыстар шайға ерекше дәм мен хош иіс беріп қана қоймай, ағзаға пайдалы әсер етеді.

Ғылыми зерттеулердің нәтижелері әртүрлі болғанымен, олардың көбі шайдың пайдасы бар екенін көрсетеді. Мысалы, күніне екі-үш рет шай ішетін адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульттің және ІІ типті қант диабетінің қаупі төмен болуы мүмкін.

Басқа зерттеулер жасыл шайды тұрақты тұтыну «сәтті қартаюмен» байланысты екенін көрсетеді. Оның құрамындағы катехиндер ағзаны қатерлі ісіктің кейбір түрлерінен қорғауға және жалпы өлім-жітім қаупін азайтуға ықпал етуі мүмкін.

Сонымен қатар шайдың құрамында С, Р, В, К, РР, А, D, Е дәрумендері мен фтор, мырыш, йод, мыс, марганец, фосфор және кальций сияқты микроэлементтер кездеседі.

Шайдың қандай зияны болу мүмкін? 

Шайдың пайдалы қасиеттерімен қатар, кейбір қауіптері де бар.

Біріншіден, өте ыстық шайды (60°C-тан жоғары) жиі ішу өңеш пен асқазан обырының қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан кез келген ыстық сусынды аздап салқындағаннан кейін ішкен жөн. Дегенмен бұл байланысты нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Фото: pexels.com

Екіншіден, мамандар шай пакеттерін таңдауға сақтықпен қарауға кеңес береді. Кейбір шай қалташықтарын өндіруде қолданылатын полипропилен жоғары температура әсерінен ыдырап немесе зиянды заттар бөлуі мүмкін деген пікір бар. Бұл ішек микрофлорасы мен зат алмасуға кері әсер етуі ықтимал. Алайда бұл мәселе бойынша ғылыми ортада әлі де ортақ пікір қалыптасқан жоқ.

Ал шайдың арықтауға көмектесетіні туралы жарнамалық мәлімдемелердің ғылыми дәлелі жеткіліксіз. Шай тәбетті уақытша басуы мүмкін, бірақ ол толыққанды тамақтың орнын алмастырмауы тиіс. Ал іш жүргізетін компоненттері бар детокс-шайларды дәрігердің кеңесінсіз қолданбаған дұрыс.

Қай шай пайдалырақ: жасыл ма, әлде қара ма?

Дегенмен, жапырақты шай пакеттелген шайға қарағанда сапалырақ саналады. Оның шикізатын көзбен бағалау оңайырақ әрі сапасына сенімді болуға мүмкіндік береді.

Жасыл шайда пайдалы заттар көбірек сақталады. Бұл оның өндіріс барысында аз өңделетіндігімен байланысты. Алайда қай шайдың жақсы екенін біржақты айту мүмкін емес. Оның пайдасы адамның жалпы тамақтануына, өмір салтына, денсаулық жағдайына және шайды қаншалықты жиі ішетініне байланысты.

Фото: pexels.com

Сондай-ақ шайдың пайдасына оны қандай тағаммен бірге тұтынатыныңыз да әсер етеді. Мысалы, шайға қосылған сүттің құрамындағы ақуыз бен май антиоксиданттардың әсерін төмендетуі мүмкін.

Шайды қалай дұрыс таңдау керек?

Егер шайдың иісі немесе дәмі ұнамаса, оның қымбат немесе «элиталық» болуы маңызды емес. Ал супермаркеттен шай сатып алғанда, мүмкіндігінше ішіндегі жапырақтары көрінетін қаптаманы таңдаған дұрыс.

Жапырақты шайды таңдағанда мына белгілерге назар аударыңыз:

Алдымен шайды аз мөлшерде сатып алып көріңіз. Оның шынайы дәмі мен хош иісі тек өзіңіз үйренген жағдайда ғана толық ашылады.

Қалай көбірек пайда алуға болады?

Егер шайдың пайдасын арттырғыңыз келсе, құрамында қант немесе жасанды тәттілендіргіштері бар дайын шай сусындарынан бас тартқан жөн. Мұндай өнімдер ағзаға айтарлықтай пайда әкелмей, тек артық калория береді.

Фото: pexels.com

Жақсы шайды достарыңызға, жақындарыңызға сыйлаңыз, өзіңіз де сапалы шай ішіңіз және оның түрлері мен ерекшеліктерін танып-білуге уақыт бөліңіз. Өйткені жақсы шай ішу мәдениетінде, кез келген іс сияқты, ұсақ-түйектің өзі маңызды.

Оқи отырыңыз

{