Жасұландықтар Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесті

4 Мамыр, 04:34 331

Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде Жеңіс күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Шара барысында жасұландықтар майдангерлермен және Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Кездеуге Ұлы Отан соғысының ардагері Владимир Белозеров, «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ қалалық филиалының төрағасы отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин, ардагерлер ұйымының мүшесі генерал-майор Владимир Тузиков, Алматы гарнизонының әскери прокуроры, полковник Айдос Ақберген және Кеңес Одағының батыры, армия генералы, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова қатысты.

Республикалық мектеп аумағында іс-шараға қатысушылар Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.  

Оқу орнының бастығы полковник Нұрлыхан Ерекешов ардагерлерді Жеңіс күнімен ерекше ықыласпен құттықтады. 

Жыл сайын мамыр күндері біз Ұлы Отан соғысына қатысқандарды шақырамыз және ұрыс даласынан елге оралмағандарды еске аламыз. Осындай үш буынның кездесуі ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, шынайы патриоттық рухты Жеңіс күнімен сезінуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Әскери үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен алаңда төрт оқу ротасының офицерлері мен тәрбиеленушілері салтанатты маршпен жүріп өтті. Ашық аспан астындағы сахнада рейхстаг, шайқасқа қатысушылар, окоптар және мектеп оқушыларының қолымен жасалған жауынгерлік техникасы – соғыс уақытының көрінісі қайта сомдалды.

Жасұландықтар Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған театрландырылған қойылым көрсетті. 

Концертте әр жүрекке ыстық «Журавли», «Катюша», «Синий платочек», «Ах, Самара-городок» сынды соғыс жылдарындағы әндер орындалды. Концерт «День Победы» әнімен аяқталды, оны көрермендер тұрып, қол шапалақтап шырқады. 

Ардагерлер ұжымға жастық шаққа апарып, сол керемет күнді қайта жаңғыртқан осындай көңіл-күй мен эмоция үшін алғыстарын жаудырды.

Перизат Саденова
Бөлісу: