Кеше, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындыларыАстанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» тақырыбында сарапшылық диалог алаңы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген мәселелер талқыланды.
Кездесуге Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері және студенттер қатысты. Қатысушылар жастарды жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік қолдау, инклюзивті орта қалыптастыру және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелеріне тоқталды.
Қазақстанда 5,9 миллионға жуық жас бар
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жастардың ел дамуындағы рөліне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 5 миллион 890 мың жас бар. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жастардың белсенділігі маңызды.
Қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жастардың әл-ауқатын жақсартуға, олардың өмірден өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау шараларын жастарға дұрыс жеткізіп, олармен бірлесе отырып жаңа жобаларды жүзеге асыру. Жастар тек білім алумен шектелмей, жан-жақты дамуға ұмтылуы керек, – деді Қайрат Қамбаров.
Комитет төрағасы жастар саясаты әлеуметтік қолдау көрсетумен ғана шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның сөзінше, жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, еңбек нарығына бейімделуіне көмектесу және бастамаларын қолдау маңызды.
Осы бағытта мемлекет тарапынан бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Бағдарлама аясында республикалық деңгейде іріктелген 30 үздік жобаға 3 миллион теңгеден бөлінеді.
Біздің басты қағидаттарымыздың бірі – жастар арасында масылдыққа жол бермеу. Жастардың қолына дайын мүмкіндік беріп қана қоймай, өз ісін дамытуына жағдай жасауымыз керек, – деді ол.
Қайрат Қамбаров «Таза Қазақстан» бастамасының нәтижелеріне де тоқталды. Оның мәліметінше, осы уақытқа дейін акция аясында 7 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 миллионнан астам жас қатысқан.
«Әр азаматқа тең мүмкіндік берілуі керек»
Құрылтай депутаты Ақерке Искандерова Президент Жолдауындағы инфрақұрылымды дамыту мәселесінің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, елді мекендердің даму деңгейіне қарамастан, әрбір азамат сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізуі тиіс.
Азамат ауылда, ауданда немесе мегаполисте тұрса да, барлығына бірдей мүмкіндік жасалуы керек. Балаларымыз сапалы мектептерде білім алып, медициналық қызметке қол жеткізіп, кейін жоғары оқу орындарында жақсы білім алса, болашақта мемлекет дамуына өз үлесін қоса алады, – деді депутат.
Ақерке Искандерова жастардың отаншыл, жауапты әрі белсенді болуы елдің дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді. Сондай-ақ Президент көтерген «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарын күнделікті өмірде ұстанудың маңызын атап өтті.
Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселесі көтерілді
Ал Құрылтай депутаты Динара Наумова Жолдаудағы инклюзивті орта қалыптастыруға қатысты бастамаларға назар аударды. Оның айтуынша, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету мәселесі маңызды.
Жолдауда көптеген өзекті мәселе қамтылды. Мен үшін ерекше маңыздысы – инклюзивті ортаны дамытуға қатысты бағыттар. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту мүмкіндіктерін кеңейту және оларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдауды күшейту қажет. Бұл бағыттағы жұмыс Үкіметпен, Құрылтаймен және басқа да жауапты органдармен бірлесіп жалғасады деп ойлаймын, – деді Динара Наумова.
Жиында жастардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және кәсіби әлеуетін дамыту мәселелері де қаралды.
Сарапшылық диалог алаңы ашық форматта өтіп, студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдеріне өздерін толғандырған мәселелерді көтеруге мүмкіндік берілді.
Кеше, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек