Жасөспірімдер Олимпиадасы: Қазақстан құрамасы Дакарда қандай нәтиже көрсетіп жатыр?

Жасөспірімдер Олимпиадасы: Қазақстан құрамасы Дакарда қандай нәтиже көрсетіп жатыр?

Айзат Айдарқызы
Фото: ҰОК

Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық спортшылар бірнеше спорт түрінен бақ сынап жатыр. Осы уақытқа дейін ел қоржынына екі медаль түсті. Дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтын жүлдеге қол жеткізсе, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола медаль иеленді. Сонымен қатар бокс, спорттық гимнастика және велоспорт өкілдері де жарыс жолына шықты.

Бокс: қос боксшы ширек финалға жолдама алды

7 қарашада жасөспірімдер Олимпиадасында бокс бәсекелері басталды. Алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасынан Бибарыс Әшірбай шаршы алаңға шықты.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз алғашқы жекпе-жегінде Ливия өкілі Мохамед Джихадпен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осылайша Бибарыс Әшірбай жарыстың ширек финалына жолдама алды. Енді қазақстандық боксшы келесі кезеңде жүлдеге таласу мүмкіндігін сарапқа салады.

фото: ҰОК

Әйелдер арасында 54 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан Марал Төлепберген алғашқы жекпе-жегінде Ұлыбритания өкілі Калси Джаямен жұдырықтасты. Нәтижесінде қазақстандық боксшы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Енді бұрымды боксшымыз ширек финалда өнер көрсетеді. 

Спорт гимнастикасы: Ева Тациева финалға шықты

Қазақстандық гимнастар да Дакарда бақ сынап жатыр. Ерлер арасындағы жекелей көпсайыста өнер көрсеткен Андрей Терман іріктеу кезеңінде алты снаряд бойынша 69,199 ұпай жинады. Алайда бұл нәтиже оған финалға шығуға жеткіліксіз болды.

Ал әйелдер арасындағы жекелей көпсайыста сынға түскен Ева Тациева іріктеу кезеңін сәтті өткізді. Отандасымыз 47,866 ұпай жинап, жалпы есепте 21-орынға тұрақтады. Дегенмен жарыс ережесіне сәйкес, бір елден финалға екі спортшыдан артық қатыса алмайды. Осы талаптың нәтижесінде Ева үздік 18 гимнастың қатарына еніп, финалға жолдама алды.

фото: ҰОК

Айта кетейік, спорттық гимнастикадан жекелей көпсайыстың финалы 10 қарашаға жоспарланған.

Велоспорт: Әнел Тәшбай үздік ондыққа енді

Тасжолдағы велоспорттан қыздар арасындағы топтық жарыста Қазақстан намысын Әнел Тәшбай қорғады. Отандасымыз 1 сағат 31 минут 19 секунд нәтиже көрсетіп, мәре сызығын жетінші болып кесті.

Жарыста Ресей өкілі Ангелина Новолодская жеңімпаз атанса, Аустралия спортшысы Элси Аппс күміс, Чехия өкілі Линда Ситкова қола медаль иеленді. Бір қызығы, жарыстың алғашқы 20 қатысушысы бірдей уақытта мәре сызығын кескен. Сондықтан қорытынды орындар спортшылардың мәреге келу ретіне қарай анықталды.

Ал ұлдар арасындағы топтық жарыста Қазақстан атынан Глеб Новиков өнер көрсетті. Ол 76,5 шақырым қашықтықты 1 сағат 48 минут 3 секундта жүріп өтіп, 22-орынға тұрақтады. Отандасымыз жеңімпаздан 59 секундқа қалып қойды.

фото: ҰОК

Бұл бәсекеде Бельгия өкілі Даан Вилмсен топ жарды. Күміс жүлде Ресей спортшысы Степан Бортникке бұйырса, Аустралия өкілі Калеб Маккензи үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан қоржынында әзірге екі медаль бар

Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы әзірге екі жүлде иеленді. Алғашқы алтын медальді дзюдошы Фатима Сұпығалиева жеңіп алды. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда Португалия өкілі София Гаспарды жеңіп, жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды.

Ал триатлоншы Рамазан Әйнегов қола жүлдеге қол жеткізді. Ол жарыс қашықтығын 53 минут 27 секундта аяқтап, жапониялық Дайки Нисидзакимен үшінші орынды бөлісті. Екеуі де жеңімпаздан 14 секундқа қалып қойды.

фото: ҰОК

Айта кетейік, IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Бұл – Олимпиада тарихында Африка құрлығында ұйымдастырылып отырған алғашқы жасөспірімдер Олимпиадасы. Дакардағы додаға 204 Ұлттық олимпиадалық комитеттен 2 655 спортшы қатысып жатыр.

Қазақстандық спортшыларды алда әлі бірнеше жарыс күтіп тұр. Сондықтан ел қоржынына қосымша жүлделер түсуі мүмкін.

Оқи отырыңыз

{