Ғалымдар ұйқы безі обырының алғашқы белгілерін ресми диагноз қойылғанға дейін бірнеше жыл бұрын анықтай алатын жасанды интеллект жүйесін жасап шығарды.
Жаңа технология кәдімгі компьютерлік томография (КТ) суреттерін талдап, адам көзі байқамайтын өзгерістерді анықтай алады.
Ұйқы безі обыры онкологиялық аурулардың ең қауіпті түрлерінің бірі саналады. Себебі бұл дерт ұзақ уақыт бойы еш белгісіз дамиды. Көп жағдайда ісік тым кеш анықталып, емдеу мүмкіндігі айтарлықтай шектеледі.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші төмен болып отыр. Бұған басты себеп – диагноздың кеш қойылуы. Тіпті заманауи диагностика әдістері де ісікті көбіне толық қалыптасқан кезде ғана анықтайды.
Жаңа зерттеу нәтижесі Gut ғылыми журналында жарияланған. Онда ғалымдар REDMOD деп аталатын жасанды интеллект жүйесінің жұмысын сипаттаған. Алгоритм КТ-суреттерді математикалық модельге айналдырып, ұйқы безінің құрылымын пиксель деңгейінде талдайды.
Алдымен жүйе екі өлшемді суреттерден ағзаның үш өлшемді моделін жасайды. Содан кейін көзге байқалмайтын өте ұсақ құрылымдық өзгерістерді іздейді. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы өзгерістер кейін қатерлі ісіктің дамуына әкелуі мүмкін.
Зерттеу барысында мамандар бұрын «толық қалыпты» деп есептелген архивтегі екі мыңға жуық КТ-суретті пайдаланған. Кейін сол пациенттердің бір бөлігінде ұйқы безі обыры анықталған.
Нәтижесінде жасанды интеллект мұндай жағдайлардың шамамен 73 пайызын алдын ала болжай алған. Орта есеппен жүйе қауіпті белгілерді ресми диагноз қойылғанға дейін 16 ай бұрын анықтаған. Кей жағдайларда алгоритм қатерлі өзгерістерді екі-үш жыл ерте байқаған.
Зерттеушілер пікірінше, бұл технология медицинада үлкен серпіліс жасауы мүмкін. Өйткені обыр ерте анықталған жағдайда науқастың сауығып кету мүмкіндігі бірнеше есе артады. Егер ісік метастаз бермей тұрып табылса, кей жағдайда ауруды толықтай хирургиялық жолмен емдеуге болады.
Сонымен қатар мамандар жасанды интеллект дәрігерлерді толық алмастырмайтынын да атап өтті. Радиолог мамандар әзірге жалған дабылдарды жақсырақ ажырата алады. Сондықтан болашақта ең тиімді тәсіл – дәрігер тәжірибесі мен жасанды интеллект мүмкіндігін біріктіру болмақ.
Қазір ғалымдар технологияны қосымша клиникалық сынақтан өткізіп жатыр. Зерттеу тобы жүйені алдағы бес жыл ішінде ауруханаларға енгізуді жоспарлап отыр. Әсіресе тұқым қуалайтын бейімділігі бар адамдарға, белгілі генетикалық мутациясы анықталған пациенттерге және жақында диабет диагнозы қойылған азаматтарға ерекше назар аударылмақ.
Сондай-ақ ғалымдар болашақта КТ-талдауды қан мен зәрдегі биомаркерлерді анықтайтын тестілермен біріктіруді ұсынып отыр. Олардың айтуынша, бірнеше әдісті қатар қолдану ұйқы безі обырын ерте анықтау дәлдігін едәуір арттырады.