Жасанды интеллект спорттағы жеңістің жаңа формуласына айналып келеді

Жасанды интеллект спорттағы жеңістің жаңа формуласына айналып келеді

03.07.2026 17:12
Ажар Лаубаева
Фото: Ажар Лаубаева

Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде өткен «New Era of Sport: Education. Science. Innovation. Excellence» халықаралық конференциясында спорт саласындағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктері талқыланды. Панельдік сессияда сарапшылар спортшыларды даярлау, оқу процесін жаңарту және деректерді талдау ісінде жасанды интеллектінің рөлі күннен-күнге артып келе жатқанын айтты.

Жасанды интеллект – көмекші құрал

Халықаралық деңгейдегі көшбасшы, Duke университетінің Фукуа бизнес мектебінің MBA түлегі, AAA Consulting компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Асель Аяпова бүгінде технологияның даму қарқыны адамнан да жылдам екенін айтты.

Оның сөзінше, бұрын жасанды интеллектіні пайдалануға күмәнмен қараған әлемнің жетекші университеттері бүгінде оған деген көзқарасын өзгертіп жатыр.

Фото: Ажар Лаубаева
Фото: Ажар Лаубаева

Жасанды интеллектіні қолданудың өзі маңызды емес. Ең бастысы – оның берген нәтижесін түсініп, тексеріп, дұрыс пайдалана білу. Қазір бұл технологияны адамды алмастыратын емес, адамның жұмысын жеңілдететін құрал ретінде қарастыруымыз керек, – деді Асель Аяпова.

Спикердің айтуынша, спортшылар мен жаттықтырушылар ғана емес, спорт психологтары, менеджерлер мен оқытушылар да жаңа технологияларды меңгеруге дайын болуы керек.

Ол өзінің марафонға дайындық тәжірибесін мысалға келтіріп, жаттығу кезінде ақылды сағат пен жасанды интеллектінің көмегіне жүгінгенін айтты.

Garmin сағаты күн сайын ағзамның жағдайын көрсетіп отырды. Тіпті кейде басты жаттықтырушым Garmin мен ChatGPT болды десем де болады, – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы жасанды интеллект ұсынған ақпаратқа көзсіз сенуге болмайтынын ескертті.

Университет диплом емес, нәтиже беруі керек

Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университетінің ректоры, PhD докторы Сапар Тоқсанов болашақта университеттердің міндеті түбегейлі өзгеретінін айтты.

Оның пікірінше, бүгінгі күні ақпараттың өзін табу қиын емес. Ең маңыздысы – сол білімнің негізінде жаңа өнім жасап, жаңа шешім ұсына алатын маман даярлау.

Фото: Ажар Лаубаева

Университеттің міндеті – дайын ақпаратты қайталау емес, әлі жоқ дүниені жасауға үйрету, – деді Сапар Тоқсанов.

Ол қазіргі еңбек нарығында дипломнан гөрі адамның тәжірибесі мен нақты жобалары маңызды бола бастағанын атап өтті.

Біз дипломнан портфолиоға көшуіміз керек. Студент оқуын аяқтағанда қолында тек диплом емес, жасаған жобалары, зерттеулері мен әзірлемелері болуы тиіс, – деді ол.

Сапар Тоқсановтың айтуынша, жасанды интеллект енді жеке мамандық емес, кез келген салаға қажет негізгі дағдыға айналып келеді.

«ЖИ жаттықтырушыны алмастырмайды»

«Қазақстан гольф федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының директоры Даниярхан Шоранов гольфта қазір жеңіске жету үшін физикалық дайындықпен қатар деректерді талдай білу де маңызды екенін айтты.

Оның сөзінше, бүгінде жасанды интеллект спортшының соққы техникасын талдап, жаттығу жоспарын құруға, ойын тактикасын таңдауға және жарақаттың алдын алуға көмектеседі.

Фото: Ажар Лаубаева

Жасанды интеллект жаттықтырушыны алмастырмайды. Бірақ оның жұмысын әлдеқайда тиімді әрі нақты етеді. Соның арқасында әр спортшыға жеке дайындық бағдарламасын жасауға мүмкіндік туады, – деді Даниярхан Шоранов.

Ол сондай-ақ цифрлық технологиялардың жарысты ұйымдастыру мен төрешілік барысында да кеңінен қолданылып жатқанын айтты. Ал осы бағыттағы зерттеулерді дамыту үшін Қазақ ұлттық спорт университетімен бірлесіп гольф зертханасы ашылғанын жеткізді.

Фото: Ажар Лаубаева

Оқи отырыңыз