Жасанды интеллект қазақстандықтарға түйіндеме дайындап, жұмыс тауып береді

Жасанды интеллект қазақстандықтарға түйіндеме дайындап, жұмыс тауып береді

Ажар Лаубаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда жұмыс іздеу жеңілдей түспек. Енді жасанды интеллект азаматтардың білімі мен тәжірибесіне сай бос жұмыс орындарын өзі іздеп, түйіндемесін де автоматты түрде дайындайды. Жұмысқа орналасу үшін мансап орталығына арнайы барудың қажеті болмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мүмкіндікті «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы аясында енгізіп жатыр.

Жасанды интеллект жұмыс табуға қалай көмектеседі?

Жаңа жүйе мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтер арқылы жұмысқа мұқтаж азаматтарды анықтап, оларға көмек ұсынады.

Азамат келісім берген жағдайда Enbek.kz порталында оның түйіндемесі автоматты түрде дайындалады. Ол үшін білімі, бұрын қайда жұмыс істегені, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтер пайдаланылады.

Жасанды интеллект осы ақпаратты саралап, адамның мамандығы мен тәжірибесіне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады. Осылайша жұмыс іздеушіге әртүрлі сайттарды ақтарып, түйіндемесін қайта-қайта толтырудың қажеті болмайды.

Жұмыс іздеушілерге жеке көмекші ұсынылады

Жоба аясында ұялы телефон арқылы сөйлесуге болатын жасанды интеллект көмекшісі де іске қосылады. Азамат оған қандай жұмыс іздеп жүргенін, өзіне қандай еңбек жағдайы қолайлы екенін айтып, ұсынылған бос орындар туралы толығырақ біле алады.

Виртуалды көмекші жұмыс табуға ғана емес, жаңа мамандық меңгеруге де бағыт береді. Мәселен, қандай оқу курстарынан өтуге болатынын және мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін түсіндіреді.

Мансап орталықтары жұмысын тоқтата ма?

Жасанды интеллект енгізілгенімен, мансап орталықтарының мамандары жұмысын жалғастырады. Олар азаматтарға жұмысқа орналасқанға дейін қолдау көрсетеді.

Мамандар түйіндеме дайындауға, жұмыс берушілерге өтініш жолдауға және олармен байланыс орнатуға көмектеседі.

Егер азамат жұмысқа орналаса алмаса, маман оның себебін анықтап, мәселені шешудің басқа жолдарын ұсынады. Қажет болса, түйіндемесін қайта қарап, өзге бос орындарды іздеуге немесе жұмысқа қабылдау сұхбатына дайындалуға көмектеседі.

Бұл жұмысты жүйелі жүргізу үшін әр азаматқа жауапты маман бекітіледі. Оның қандай кеңес алғаны, қай жұмыс орындарына өтініш бергені және жұмыс іздеудің нәтижесі арнайы жүйеде сақталады.

Жаңа жүйе қашан іске қосылады?

«Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы 2026 жылдың шілде айынан бері Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып келеді.

Министрлік мәліметінше, осы уақыт аралығында 59,2 мың адамға жұмысқа орналасуға көмек ұсынылған. Олардың 7,5 мыңы жұмыс тапқан.

Жоспар бойынша жаңа жүйе 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірінде қолданысқа енгізіледі.

Оқи отырыңыз

{