23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келдіПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу, өңірлер мен қалалардың инфрақұрылымын жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ Үкіметке бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Егемендікті нығайту және қуатты мемлекет қалыптастыру – басты міндет
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне сеніммен қадам басып, ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырды. Президент мұны әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін құбылыс ретінде атап өтті.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз. Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор. Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі буынның алдында болашақ ұрпаққа қуатты экономикасы, дамыған технологиялары мен ғылым-білімі бар, заң үстемдігі қамтамасыз етілген мемлекет қалдыру міндеті тұрғанын атап өтті.
Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс
Президент елдің тұрақты дамуы үшін маңызды міндеттерді сапалы әрі жедел орындау қажет екенін айтты. Оның сөзінше, халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін азаматтарды қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету маңызды.
Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз. Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет, – деді президент.
Осыған байланысты мемлекет басшысы өңірлердегі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті жан-жақты зерттеп, талдау жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырды. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты шешімдерді нақты қажеттілікке сай қабылдауға мүмкіндік береді.
Қуатты қалалар – күшті мемлекеттің негізі
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл-аймақтарды дамыту мәселесі мемлекет назарында қала беретінін айтты. Сонымен қатар қалалардың экономика, білім мен технологияны дамытудағы және адами әлеуетті арттырудағы рөліне ерекше тоқталды.
Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн. Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуы тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Президент қала ресурстарын тиімді басқару үшін Үкімет пен әкімдіктерге қалалық инфрақұрылымның цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын маңызды мемлекеттік міндет ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады, – деді президент.
Инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу мен жаңғыртуға басымдық берілетінін айтты. Ол Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, қолда бар әлеуетті елдің инфрақұрылымын дамытуға бағыттау қажеттігін жеткізді.
Осы орайда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән береміз. Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді. Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.
Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өңдеу өнеркәсібінің дамуына да назар аударды. Оның айтуынша, бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан жоғарылаған.
Мемлекет басшысы осы экономикалық мүмкіндіктерді инфрақұрылымды жаңғыртуға және ел өңірлерін көркейтуге жұмсау қажеттігін атап өтті.
Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет, – деді президент.
23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады