Жарықтың өшуі, Алагөзованың шағымы және алып сфера: Канье Уэсттің Алматыдағы концерті қалай өтті?

Жарықтың өшуі, Алагөзованың шағымы және алып сфера: Канье Уэсттің Алматыдағы концерті қалай өтті?

Көктем Қарқын
Фото: NewTimes

Америкалық рэпер Ye (бұрын Канье Уэст деген атпен танылған) 15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда алғаш рет Қазақстан көрермендерінің алдына шықты. Әлемдік тур аясындағы шоу бастапқыда 14 тамызға жоспарланған еді. Алайда концертке санаулы сағат қалғанда Алматыда ауа райының күрт бұзылуы мен электр энергиясының үзілуіне байланысты кеш кейінге шегерілді.

Ресми билет платформасында шоу толық форматтағы стадиондық қойылым ретінде сипатталған. Оның бағдарламасына Ye-нің кейінгі шығармаларымен қатар, бірнеше буын тыңдарманына танымал болған хиттері де енгізілген.

Концерт бір күнге шегерілді

14 тамызда мыңдаған көрермен Орталық стадионға жиналып, концерттің басталуын күтті. Алайда Алматыда ауа райы күрт өзгеріп, қатты жел, жаңбыр мен найзағай болды. Бұған қоса, қалада электр энергиясының өшуі тіркелді.

Ұйымдастырушылар қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, концертті 15 тамызға ауыстырды. Бұл шешім концертке жиналған көрермендерге де хабарланды.

Фото Threads / olya.govorit

Ye-нің өзі де әлеуметтік желідегі жазбасында концерттің ауа райына байланысты кейінге қалдырылғанын айтып, көрермендердің денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды екенін атап өтті.

Келесі күні ұйымдастырушылар концерттің 15 тамызда сағат 21:00-де өтетінін растады. 14 тамызға алынған билеттер 15 тамыздағы шоуға да жарамды болды. Көрермендерді стадионға кіргізу сағат 16:00-де басталды.

Қазақстандағы алғашқы ірі шоу

Бұған дейін рэпердің Орталық Азиядағы өнер көрсетуі туралы ақпарат болмаған, сондықтан Алматыдағы шоу аймақтағы музыка индустриясы үшін маңызды оқиғалардың бірі ретінде қарастырылды.

15 тамыздағы қойылымның ең көп назар аудартқан бөлігі – сахнаның ортасындағы алып сфералық конструкция болды.

Ye осы конструкцияның үстінде өнер көрсетті. Жарық, лазер, түтін және пиротехникалық эффектілер біріктіріліп, стадион кеңістігі толыққанды визуалды перформанс алаңына айналды.

Концерттен кейінгі кадрларда сахнадағы сфера, лазер сәулелері мен пиротехника шоудың негізгі визуалды элементтерінің бірі болғанын көруге болады.

Фото: Kazinform

Ye қандай әндерін орындады?

Алматыдағы концерттің бағдарламасына Ye-нің соңғы жылдардағы шығармаларымен бірге оның шығармашылық жолында ерекше орын алған танымал тректері де енді.

Концерт туралы жарияланған материалдарда King, Can't Tell Me Nothing, Ni as in Paris, Mercy, Praise God сияқты әндердің орындалғаны айтылды. Осылайша шоу тек жаңа материалдарға арналмай, рэпердің әр кезеңдегі шығармашылығын қамтыды.

Бұл тәсіл концертті белгілі бір альбомның тұсаукесерінен гөрі Ye-нің көпжылдық шығармашылық жолын көрсететін музыкалық бағдарламаға айналдырды.

Концертке қанша адам жиналды?

Алматыдағы шоуға ондаған мың көрермен келгені туралы ақпарат тарады. Концерт қарсаңында бұған дейін 40 мыңнан астам адамның келуі күтілетіні хабарланған еді.

Көрермендердің көптігі қаладағы көлік қозғалысын ұйымдастыруға да әсер етті. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі концерт күні жол қозғалысына өзгерістер енгізіліп, қоғамдық көлік жұмысы күшейтілетінін хабарлаған.

Бұл іс-шараның тек стадион аумағымен шектелмей, қала инфрақұрылымына да айтарлықтай салмақ түсіргенін көрсетеді.

Баян Алагөзова неге шүйлікті?

Америкалық рэпер Канье Уэсттің (Ye) Алматыдағы концерті аяқталғаннан кейін шоуға қатысты түрлі пікірлер айтылды. Бір жағынан, көрермендер концерттің ауқымы мен техникалық деңгейін жоғары бағаласа, екінші жағынан, отандық және шетелдік әртістерге қойылатын талаптардың айырмашылығы қызу талқыланды.

Продюсер Баян Алагөзова Threads желісіндегі жазбасында Канье Уэсттің концерті кезінде пиротехниканың қолданылғанына назар аударып, қазақстандық әртістерге мұндай мүмкіндік берілмейтініне наразылық білдірді.

Біздің отандық әртістерге әлі де «кешіріңіз, сіздерге болмайды» деген ұстаным бар. Ал Канье үшін болады. Сонда заң алдында бәрі тең, бірақ біреулер теңірек пе? – деп жазды продюсер.

Алагөзованың сөзінше, мәселе әртістердің танымалдығын салыстыруда емес, концерттерді өткізу кезіндегі талаптардың әртүрлі болуында. Оның пікірінше, қазақстандық өнерпаздарға да әлемдік деңгейдегі шоу жасауға мүмкіндік берілуі керек.

Концерттің 14 тамыздан 15 тамызға ауыстырылуы кей көрермендердің көңілінен шықпады. Олардың арасында Баян Алагөзованың сіңлісі Бағым Мұхитденова да бар.

Ол 14 тамызда Канье Уэсттің концертіне барғанын, алайда шоу кейінге шегеріліп, ал өзі 15 тамызда басқа қалаға ұшуы керек болғанын жазды. Оның айтуынша, концертке билетті 800 мың теңгеге сатып алған. Сондықтан концерттің келесі күнге ауыстырылуы оның жоспарына айтарлықтай әсер еткен.

Фото: Informburo.kz

Осылайша, Алматыдағы Канье Уэсттің концерті музыкалық шоу ретінде ғана емес, ұйымдастыру, билет бағасы, қауіпсіздік талаптары және отандық әрі шетелдік әртістерге жасалатын жағдай төңірегіндегі пікірталастарымен де есте қалды.

Хабарландыру түрік тілінде көрсетілген

Концерттен кейін әлеуметтік желіде тіл мәселесі де қызу талқыланды. Орталық стадиондағы экрандарда көрермендерге арналған хабарландырулар орыс, ағылшын және түрік тілдерінде көрсетілген, алайда қазақ тілі қолданылмаған. Бұл жағдай қазақстандық көрермендердің сынына ұшырады.

Фото: әлеуметтік жеілден

Осы тұста концерттің халықаралық форматта өткенін алға тартқан пікірлер де болды. Дегенмен Қазақстан аумағында ұйымдастырылған көпшілік іс-шарада мемлекеттік тілдің қолданылуы керек деген пікірлер де айтылды. Сондықтан тіл мәселесі Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне қатысты негізгі қоғамдық талқылаулардың біріне айналды.

Оқи отырыңыз

{