Жарқ етті де жоқ болды: өмірден ерте өткен жұлдыздар

11 Қыркүйек 2023, 16:11 28098

Халықтың жүрегінен жастайынан өнерімен, дарынымен ойып тұрып орын алып, бірақ бақилыққа да ерте аттанған жастарымыз бар. Бүгін жасындай жарқ етіп шығып, жалған дүниемен ерте қоштасқан жұлдыздардың бірсыпырасын еске алмақпыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бекзат Саттарханов, бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, 20 жас


vk.com

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Қазақ спортының тарихында ойып тұрып орын алған былғары қолғап шеберінің өмірі тым қысқа болды.

2001 жылдың басталуына санаулы минут қалғанда боксшы Шымкент қаласы жанындағы Темірлан қаласы маңында жол апатына ұшырады. Небәрі 20 жасында төрткүл дүниені бокстағы шеберлігімен тамсандырған Бекзат Саттарханов жол апатынан қаза тапты.

Оқи отырыңыз:

Оразалы Досбосынов, айтыскер, 29 жас


Видеодан кадр

Оразалы Досбосынов көпшіліктің есінде өткір тілімен, ойын батыл жеткізуімен есте қалды. Талайдың көкейінде жүргенді ол сахнада тұрып қымсынбастан айтатын, халқы оны сол үшін де ерекше жақсы көрді, құрмет тұтты. Өкінішке қарай, айтыскер ақынның ғұмыры қысқа болды.

1975 жылы 15 қарашада Райымбек ауданына қарасты Текес ауылында дүниеге келген Оразалы 29 жасында бақилыққа аттанды.

Қазақ халқы Оразалыдай ұлынан 2004 жылғы 30 қазанда айырылды. Досбосынов Алматы облысы Шонжы ауылынан келе жатқанда көлік апатынан көз жұмды.

Ажар Түзелбекқызы, әнші, 34 жас


Видеодан кадр

Оразалы Досбосыновтың жары – әнші Ажар Түзелбекқызы да жалған дүниемен ерте қоштасты. Сыңғырлаған үнімен көпшілікті баурап алған Ажар жолдасының артынан алты жыл өткенде кете барды. «Анаға хат», «Сағындым сені» секілді әндердің орындаушысы күйеуі секілді жол апатына ұшырады. Қайғылы оқиға Алматы-Талдықорған жас жолының бойында болған. Ал әншінің өзі Қапшағай ауруханасында көз жұмды.

Нәби Аймұратов, әнші, 23 жас


Әлеуметтік желіден

Нәби Аймұратов жұртшылыққа «Гүлімсің», «Ең алғашқы махаббат», «Мүмкін емес» әндерімен танылды. Оның да өмірден ерте кетуіне жол апаты себеп. Хит әндерімен көпшіліктің сүйікті орындаушысы айналып келе жатқан Нәби 2009 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданынан Алматыға қарай әнсапардан қайтып келе жатқанда жол апатынан қайтыс болды.

Руслан Бөлебай, тележүргізуші, 24 жас


instagram.com/ruslanbolebai

Дәл осы Руслан Бөлебайды көру үшін ерте оянып, «Қазақстан» телеарнасындағы «Таңшолпанды» қосатын көрермен көп еді. 1985 жылы Қызылорда облысы Шиелі кентінде дүниеге келген тележүргізушіге қамшының сабында қысқа ғана ғұмыр берілген екен.

Ол да 2009 жылы 16 шілде күні жол көлік апатынан көз жұмды. Осылайша 24 жастағы Русланды халқы ақтық сапарға шығарып салды. Русланмен бірге көлікте «BR» тобының әншісі Бауыржан Бегімбетов, әнші Нұржан Қалжан да болған. Бауыржан да сол жол көлік апатынан қайтыс болды.

Денис Тен, мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 25 жас


olympic.kz

Халықтың жүрегін қан жылатып кеткен қаза. Денис Тен тірі болғанда биыл 13 маусым күні 30 жасқа толар еді. Амал нешік, талантты спортшының маңдайына жазылғаны екен. Бірақ қысқа ғұмырында ол бала күнінен армандаған елімді танытсам, Қазақстанның атын шығарсам дейтін арманына қол жеткізіп үлгерді.

1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген Денис Тен өзінің сүйікті қаласында айна ұрыларының қолынан ауыр жарақат алып, артынша ауруханада көз жұмды.  

Darkhan Juzz, рэп орындаушысы, 32 жас


instagram.com/d.juzz

Биылғы 24 ақпанда Darkhan Juzz лақапатымен танымал қазақстандық әнші Дархан Жүнісбеков өмірден өтті. Қазақ музыка мәдениетіне өзінше леп әкелген әнші небәрі 32 жаста еді.

Ол 1991 жылдың 9 тамызында дүниеге келген. Дархан әсіресе жастар арасында танымал еді. Оның өзгелерден ерек стилі тыңдарманының жүрегінен тез арада-ақ орын алуына себеп болды. Өкінішке қарай, рэпердің де маңдайына қысқа ғұмыр жазылған екен. Таиландқа демалуға барған Дархан Пхукет аралында жол апатынан қайтыс болды.

Жанар Хамитова, әнші, 30 жас


instagram.com/zhanar_khamitovaa_official

Балалық шағы Қарағандыда өткен әнші ерте кезден-ақ өнерге әуес болып өсті. Сол өнерін көпшілікке паш ету үшін Жанар 2005 жылы Алматыға аттанып, «Суперстар KZ» жобасының қатысушысы атанды.

Кейіннен ол Нұржан Керменбаевпен дуэтте ән айтып, нәзік үнімен тыңдарманның жүрегін жаулап алды. Бірақ кейіннен бұл жұп екі жаққа кетіп, Жанар тұрмыс құрып, өмірін отбасына арнады. Өкінішке қарай, 30 жасында өмірден өтті. Кейбір болжам бойынша, оның жүрегі тоқтап қалған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: