«Meloman Publishing» баспасынан Қазақстанның ең танымал әрі даңқты спортшыларының бірі – Елдос Сметов туралы жазылған «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» атты кітап жарық көрді. Мәтін авторы – Есбол Нұрахмет.
Бұл кітап – құлау мен қайта тұрудың, үміт пен қайсарлықтың, ақырына дейін жеткен жеңіс жолы. Бұл жай өмірбаян емес, қарапайым қазақ баласының асыл арманынан бастау алып, олимпиада алтынына жеткізген өмір жолы жайындағы шынайы хикая. Кітапта арманға адалдық, тәртіп пен төзім арқасында Олимпиада тұғырына жеткен қазақ баласының жүріп өткен жолы баяндалған.
Әйгілі дзюдошы Елдос Сметовтің Олимпиада медальдарының толық жиынтығын иеленуі, әлем чемпионатының алтын тұғыры, жарақаттан кейінгі ауыр сәттер мен қайта оралған жеңіс – бәрі осы кітаптың өзегінде.
Автор спортшының жан дүниесіне терең үңіледі. Бұл тек жетістіктер шежіресі ғана емес, сонымен бірге өзін-өзі жеңу, мінезді шыңдау, отбасының қолдауы мен жанкүйер сенімінің маңызы туралы мағыналы баяндау. Әрбір биік жетістіктің артында жылдар бойғы табанды еңбек, темірдей тәртіп пен арманға адалдық жатыр.
Кітаптың негізгі ойы айқын: нағыз жеңіс татамиге шығардан әлдеқайда бұрын басталады. Бұл - қандай қиындық болса да мойымайтын, әрдайым алға ұмтылатын қажырлы, қайсар жанның жолы.
Бұл кітапта табиғи дарын мен өзін үздіксіз жетілдірудің сирек кездесетін үйлесімі баяндалады. Елдос Сметовтің жолы – жай ғана спорттық жетістіктер шежіресі емес, кез келген салада қолдануға болатын жеңімпазға тән ойлау үлгісі, – деген пікірін білдірді Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Мен көптеген спортшыны жаттықтырдым, бірақ Елдос әрдайым бір қасиетімен ерекшеленетін – ол ешқашан мойымайтын. Тіпті ең ауыр сәттерде де. Олимпиада чемпионы дәл осылай қалыптасады, – дейді спортшының жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев.
Елдос Сметовтің тарихы – табандылық, тәртіп және Отанға деген сүйіспеншілік нағыз чемпионды қалай шыңдайтынының жарқын мысалы. Бүгінде мұндай кітаптар жастарға аса қажет. Олар әр жеңістің артында жылдар бойғы еңбек пен сынақтан өткен мінез тұрғанын түсінуі тиіс, – деп атап өтті Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.
Бұл кітаптың ерекшелігі – оқырмандар QR-кодтар арқылы спортшының шешуші белдесулерінің бейнежазбасын тамашалай алады.
«Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабы көпшілік оқырманға арналған. Ол тек спорт жанкүйерлері ғана емес, өз мақсатына жету жолында жігер мен шабыт іздеген әрбір оқырман үшін де пайдалы болмақ.