Бүгiн, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырадыАстанада жүзуден өткен Әлем кубогы кезеңінде көпшіліктің назарын аударып, жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген спортшылардың бірі деп нидерландтық Шон Ниволдты айтуға болады. Ал қазақстандықтардың Шонды «өзіміздің бала» деп қабылдап, оған жылы шырай танытуының өзіндік себебі бар.
Ол Олимпиадада Нидерланд туының астында сынға түседі. Бірақ жүрегінің бір бөлшегі Атырауда, анасының туған жерінде қалған. Қазақтың еті мен бауырсағын сағынатын, киіміне Қазақстанның туын тағып жүретін, командасына қазақ мәдениетін таныстыратын Шон Ниволд үшін туған тамырдың қадірі медальдің түсімен өлшенбейді.
Спортшының болмысын кейде секундтар анықтайды. Жүзу жолындағы бір сәт, мәреге жеткендегі бір қимыл, таблода жарқ еткен нәтиже – бәрі де оның еңбегін, төзімін, мінезін көрсетеді. Алайда кейбір адамдарды тек спорттық көрсеткіштерімен өлшеу аздық етеді. Өйткені олардың өмірінде секундомерге сыймайтын, жеңіс тұғырынан да биік тұратын құндылықтар бар. Шон Ниволд – сондай спортшылардың бірі.
Нидерландтың ұлттық құрамасында өнер көрсететін 24 жастағы жүзгіштің есімі халықаралық жарыстардан таныс. Ол Париж Олимпиадасына қатысып, Еуропа чемпионаттарында эстафеталық сайыстарда күміс жүлдегер атанған. Еркін стиль мен баттерфляй әдісіндегі қысқа қашықтықтарда ел рекордтарын жаңартқан спортшы үшін жоғары нәтиже – күнделікті еңбектің жемісі. Ал оның жан дүниесін жақынырақ таныған сайын, Шонды өзгелерден даралайтын тағы бір ерекшелік байқалады: ол өзін екі мәдениеттің өкілі санайды және мұны мақтанышпен айтады.
Өзім екі мәдениеттің – нидерландтық және қазақ мәдениетінің адамымын және оны мақтан тұтамын, – дейді ол.
Бұл сөздер жай ғана әдемі айтылған тіркес емес. Шонның өмір жолына үңілсеңіз, оның бойындағы екі әлемнің қалай тоғысқанын аңғарасыз.
Атыраудан басталған отбасылық тарих
Шонның анасы Эльмира – Атырау өңірінен шыққан қазақ қызы. Әулеті Кіші жүздің Адай руынан тарайды. Ал әкесі – Нидерланд азаматы, мұнай саласының маманы. Екеуінің жолы Қазақстанда тоғысып, отбасылық тарих осылай басталған. Кейін Шон дүниеге келетін кезде ата-анасы Нидерландқа аттанған.
Оның балалық шағы да бір ғана елдің шекарасымен шектелмеді. Отбасы Ливияда тұрған, кейін Сауд Арабиясына қоныс аударған. Ал Шонның өзі Нидерландта есейді. Әртүрлі елдің тынысын сезініп өскен бала үшін бірнеше мәдениетті тану қалыпты жағдайға айналды. Дегенмен анасының бойына сіңірген қазақы тәрбие оның мінезі мен құндылықтарына ерекше із қалдырды.
Қазақы болмыс – тәрбиемнің, құндылықтарымның маңызды бөлігі. Анам мені тәрбиелеп өсірді, тұлға ретінде қалыптасуыма әсер етті, – дейді Шон.
Анасы оған тек отбасының тарихын айтып қана қоймаған. Ата-бабасының рухын, батырлығын, қайсарлығын да санасына сіңірген.
Анам біздің ата-бабамыздың батыл, күшті жауынгер болғанын, ештеңеден қорықпай, тек алға ұмтылғанын үнемі айтатын, – деп еске алады ол.
Бәлкім, спорттағы табандылықтың, қиындыққа мойымаудың бір ұшы осы тәрбиеде жатқан шығар. Өйткені жоғары деңгейдегі спортшы үшін физикалық дайындықпен бірге ішкі беріктік те маңызды. Ал Шонның түсінігінде алға ұмтылу – тек бассейндегі міндет емес, өмірлік ұстаным.
Жүзуді таңдаған бала
Шон спортқа бірден жүзуден келген жоқ. Бала кезінде баскетбол ойнап, футболға қатысып, үлкен теннисті де байқап көрген. Бірақ судың ішінде ол өзгеше сезімге бөленді.
Дәл суда мен ерекше еркіндікті сезіндім. Жүзу бірден сүйікті спортыма айналды, – дейді ол.
Жүзудің тартымдылығы Шон үшін тек жылдамдықта емес. Бұл спортта қарсыласыңмен жарысқанмен, ең алдымен өзіңді жеңуге тиіссің. Кеше қолыңнан келмеген нәтижеге бүгін жету, әлсіз тұсыңды түзету, бір секундтың жүзден бір бөлігі үшін қайта-қайта жаттығу – чемпиондық жолдың көзге көріне бермейтін бөлігі осы.
Шонның алғашқы кумирі де кездейсоқ таңдалмаған. Ол жүзу тарихындағы ең танымал спортшылардың бірі Майкл Фелпстің Олимпиададағы жарыстарын тамашалап өсті.
Оның жүзгенін көріп, адам өзін спортқа толығымен арнаса, қандай биікке жете алатынын ойлайтынмын. Фелпстің жолы маған сенім берді. Ештеңе мүмкін емес емес екенін түсінуге көмектесті, – дейді Ниволд.
Бір кездері экраннан көрген ұлы спортшының жетістігі оған арманның ауқымын көрсетсе, бүгінде Шонның өзі де жас жүзгіштерге үлгі бола алатын деңгейге жетті. Париж Олимпиадасына қатысуы, Еуропа чемпионаттарындағы жүлделері мен ұлттық рекордтары – соның дәлелі. Бірақ ол осы жетістікпен тоқтап қалмайтыны анық.
Қазір басты мақсатым – Олимпиада алтыны. Күн сайын оянып, жаттығуға баратын себебім де осы, – дейді ол.
Бұл – нақты мақсат. Бірақ оған апарар жолдың жеңіл болмайтынын Шон жақсы біледі.
«Жаным – қазақ»
Шонның Қазақстанмен байланысы туған-туыспен араласумен ғана шектелмейді. Ол қазақтың туын спорттық киіміне тағып, Қазақстан жазуы бар жейделер мен костюмдерді күнделікті өмірде де киіп жүреді. Мұның өзі – айналасындағыларға қазақ мәдениетін таныстырудың бір тәсілі.
Бір кездері жасөспірімдер арасындағы жарыстарға Қазақстан туы бейнеленген жүзу қалпағын киіп қатысқан. Ол кезде бұл шағын ғана белгі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Шон үшін оның мәні терең еді: қай елдің атынан жарысса да, анасының туған жерімен байланысын ұмытпайтынын көрсеткісі келген.
Қазақстан туы бар қалпақты әдейі киетінмін. Нидерланд атынан жарыссам да, Қазақстанмен байланысым бар екенін көрсеткім келді. Бұл түп-тамырыма деген құрметтің белгісі, – дейді ол.
Спортшының әлеуметтік желідегі видеоларының бірі қазақстандық аудитория арасында кең тарағаннан кейін, оған жазылатын жанкүйерлер де көбейген. Шон мұндай ықыласты күтпегенін жасырмайды.
Қазақстаннан қолдау білдіретін адамдардың көбейгеніне өте қуаныштымын. Біреулер мені «бауырым» дейді, біреулер «жиенім» немесе «немерем» деп атайды. Жарысқа шыққанда маған сенетін қазақ халқының бір бөлшегін өзіммен бірге алып жүргенімді сезінемін, – дейді ол.
Бұл сөздерден спортшыға көрсетілген қолдаудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Жүзу жолында оның жанында қарсыластары, жаттықтырушылары мен командасы бар.
Шонның айтуынша, Нидерланд құрамасындағы әріптестері де Қазақстан туын жиі байқап, оның қай ел екенін сұрайды. Сондайда ол Қазақстан туралы, қазақтың мәдениеті мен ұлттық тағамдары жайлы әңгімелейді. Кейбірі тіпті интернеттен ақпарат іздеп, елмен жақынырақ таныса бастайды.
Өз командамда Қазақстанның шағын елшісі сияқтымын деуге болады, – дейді ол күлімсіреп.
Ол үшін бұл – міндеттелген миссия емес, жүрегіне жақын дүниені бөлісудің табиғи жолы. Бір жалау, бір футболка, бір әңгіме арқылы басқа елдің мәдениетіне қызығушылық оятуға болатынын Шон өз тәжірибесінен көріп жүр.
Ет пен бауырсақты жақсы көреді
Мәдени байланыс кейде үлкен ұрандардан емес, дастарқан басындағы қарапайым сәттерден басталады. Шон үшін Қазақстанды еске салатын сондай сәттердің бірі – анасының үйде дайындайтын ұлттық тағамдары.
Анам қазақтың дәстүрлі тағамдарын дайындағанда, үйдегі атмосфера ерекше болып кетеді. Отбасымызда Қазақстанның кішкентай бір бөлшегі пайда болғандай сезіледі. Өзім бауырсақ пен етті жақсы көремін, – дейді ол.
Шон әр елде өмір сүргендіктен, оның достары да әртүрлі мәдениеттен шыққан. Соған қарамастан, анасы пісіретін бауырсақ олардың есінде ерекше сақталыпты. Достары оны бір кездері «қазақ наны» деп атаған екен. Кейін тағамның атауын да жаттап алған.
Ол қазақ тілін де үйренгісі келеді. Қазір «Сәлеметсіз бе», «Рақмет», «Қалайсың?», «күшті», «жақсы» сияқты қарапайым сөздер мен тіркестерді біледі. Тілді меңгеру үшін Қазақстанға келіп, адамдармен көбірек араласу керек деп санайды.
Қазақстанға келіп, адамдармен жиі сөйлессем, тілді тезірек үйренетініме сенімдімін, – дейді ол.
Оның сөзінен қазақ тілін үйренуге деген ниет қана емес, анасының тіліне жақындауға деген ықылас та сезіледі.
Тәжірибе бөліскісі келеді
Университеттегі сабақтар, жаттығулар, оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстар оның уақытын тығыз кестеге байлаған. Сондықтан Қазақстанға жиі келіп тұруға әзірге мүмкіндік бола бермейді.
Соған қарамастан алдағы уақытта елімізге жиі келіп тұруға тырысатынын айтады. Туыстарымен жүздесіп, қазақ мәдениетін тереңірек танып, мүмкіндігі болса, жас жүзгіштерге арналған шеберлік сабақтарын өткізуді ойлайды.
Тәжірибе бөлісіп, жас буынға шабыт беру өте маңызды деп ойлаймын, – дейді спортшы.
Оның бұл ойы Қазақстандағы жүзу спортының дамуына қатысты пікірімен де үндеседі. Шон балалардың жүзуді ерте жастан үйренгенін қалайды. Ол үшін мектептерде жүзу сабақтарын енгізу, оларды қызықты өткізу, бассейндер мен білікті жаттықтырушыларға инвестиция салу қажет деп есептейді.
Инфрақұрылымның балаларға қолжетімді болуы өте маңызды. Сонда олардың да спортпен айналысуға ынтасы артады, – дейді ол.
Шон Қазақстанның ұлттық құрамасында өнер көрсететін Әділбек Мусин, София Сподаренко және Ксения Игнатова сияқты спортшылардың жетістіктерін де бақылап жүреді. Жарыстарда бір-бірін арнайы барып қолдайтынын да айтады.
Арманның шекарасы жоқ
Шон Ниволдтың есімі Қазақстанмен байланысты болғандықтан, оның болашақта ұлттық құрамамыздың сапында өнер көрсетуі мүмкін бе деген сұрақ талай жанкүйердің көкейінде жүргені түсінікті. Спортшының өзі де бір кездері осындай мүмкіндікті қарастырғанын жасырмайды.
Алайда әзірге оның азаматтығына байланысты бұл ойды жүзеге асыру мүмкін емес.
Мен Нидерланд азаматымын, сол елдің ғана паспорты бар. Сондықтан Қазақстан атынан өнер көрсете алмаймын, – дейді ол.
Бірақ елімізде жүзуден өткен әлем кубогы секілді жарыстарда Қазақстанмен, жергілікті халықпен, оның мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алатыны сөзсіз.
Қазақстанды ерекше жақсы көремін. Екінші үйім ғой, – дейді ол.
Шон Ниволдтың әңгімесінен байқағанымыз, спортшының қай елдің атынан жарысқа түсетіні маңызды болғанымен, оның жүрегінде қандай құндылықтар сақталғаны да назар аударарлық дүние.
Ал Шонның жүрегінде Қазақстанға арналған орын бар. Ол мұны сөзбен ғана емес, әр сапарында, әр естелігінде және қазақы тамырын мақтан тұтатын болмысымен көрсетіп келеді.
Бүгiн, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырадыБүгiн, 12:42
1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?Кеше, 14:06
Бакалавриат енді 3 жыл бола ма? Қазақстанда оқу мерзімі қысқаруы мүмкін мамандықтар аталды15 Қазан, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһары