Жаңаөзендегі жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды

17 Сәуір 2023, 15:09 1105

Жаңаөзендегі жарылыс орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр, жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда үйінді астынан барлық адамдар шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маңғыстау облыстық прокуратураның мәліметінше, жарылыс Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан 2-қабатты үйде газдың тарауы салдарынан болды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша «Екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Облыс прокуратурасы тұрғын үйдегі жарылыс туралы іс жүргізетін прокурорлар тобын анықтады және ТЖ департаменті мен өңірдің полиция департаментінің бірлескен бұйрығымен тәжірибелі қызметкерлер қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу облыс прокуратурасының бақылауында. Тергеу шаралары жалғасып жатыр, – деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Жазира Қуанова.

Айта кетейік, Жаңаөзендегі екінші шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде газ жарылды. Жарылыс салдарынан 4 адам көз жұмды. «ҚазМұнайГаз» Жаңаөзендегі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер береді.

EL.KZ
Бөлісу: