12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікЖаңа жылды ерекше атмосферада қарсы алу үшін міндетті түрде шетелге шығудың қажеті жоқ. Қазақстанның өзінде-ақ қарлы ормандар мен солтүстік бұғыларын көруге болады.
Бір жерде өзіңді Финляндияның Лапландиясында жүргендей сезінсең, енді бірінде Альпі тауларына тап болғандай әсер аласың. Ал елордада ұзындығы 1,4 шақырым болатын мұз айдынында сырғанауға мүмкіндік бар. 2027 жылды есте қаларлықтай қарсы алуға болатын Қазақстандағы ТОП-5 локацияны ұсынамыз.
Астанадан шамамен 250 шақырым жерде орналасқан Бурабай қыста нағыз ертегі мекеніне айналады. Қар басқан қарағайлы орман, мұз қатқан көлдер, ерекше пішіндегі жартастар мен таза ауа демалысқа өзгеше реңк береді. Алайда бұл өңірдің ең қызықты қысқы нысандарының бірі – Қазақстандық Лапландия (BurabayLand).
Финляндияның Лапландиясынан шабыт алған бұл тақырыптық саябақта Санта-Клаустың резиденциясы, тілектер поштасы, ертегілер әлеміне апаратын арнайы аймақтар бар. Ең қызығы – мұнда солтүстік бұғыларын және хаски иттерін көруге, арнайы шанамен серуендеуге болады. Балаларға арналған қысқы сырғанақтар, мұз айдыны мен фотозоналар да қарастырылған.
Бурабайда бұдан бөлек, қысқы маусымда Жұмбақтас жартасы, курорттың визит-орталығы мен орталық алаңы да туристердің назарын аударады. 2026 жылғы қысқы маусымда «Magic Burabay» бағдарламасы аясында төрт негізгі тақырыптық локация ұсынылған. Олардың қатарында BurabayLand пен марал өсіретін «Ақмарал» шаруашылығы бар.
Алматыдан шамамен 40 минуттық жерде орналасқан Oi-Qaragai тау курорты – қысқы демалысты табиғат аясында өткізгісі келетіндерге арналған ерекше мекен. Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы көрікті шатқалда орналасқан кешенді көпшілік «Лесная сказка» атауымен де таниды.
Курорттың басты ерекшелігі – демалыс орындарының орман табиғатымен үйлесуі. Мұнда ағаштардың арасында орналасқан ерекше үйлерде түнеуге, тауға қарап таңғы ас ішуге немесе SPA-орталықта тынығуға болады. Тіпті ағаш басындағы үйлер мен дәстүрлі қазақы киіз үй үлгісінде жасалған этно-SPA кешені де бар.
Қысқы спортты ұнататындар үшін курортта 26 шаңғы трассасы жұмыс істейді. Олардың жалпы ұзындығы – 28 шақырым. Шаңғы мен сноубордтан бөлек, қар үстінде сырғанау, аспалы жолмен көтерілу және басқа да белсенді демалыс түрлері ұсынылады.
Тағы бір қызық нысан – 2025 жылы ашылған Aqtas аймағы. Мұнда он адамға арналған гондолалық аспалы жол арқылы 2140 метр биіктікке көтеріліп, Тянь-Шань таулары мен Алматының панорамасын тамашалауға болады.
Жаңа жылды қарлы таулардың арасында қарсы алғысы келетіндер үшін Шымбұлақ – Қазақстандағы ең танымал бағыттардың бірі. Алматының жоғарғы жағында, Іле Алатауының баурайында орналасқан тау курорты теңіз деңгейінен шамамен 2200 метр биіктіктен басталып, Талғар асуында 3200 метрге дейін көтеріледі.
Мұнда тек шаңғы тебу үшін ғана емес, таудың әсем көрінісін тамашалау үшін де баруға болады. Медеу шатқалынан Шымбұлаққа дейінгі аспалы жолдың өзі жеке туристік әсер сыйлайды. Жоғары көтерілген сайын қар басқан тау шыңдары мен шыршалы беткейлер алақандағыдай көрінеді. Курортта шаңғы мен сноуборд трассалары, жабдықтарды жалға беру орындары, жаттықтырушылар қызметі, тау мейрамханалары мен қонақүйлер бар. Сондықтан шаңғы тебе алмайтын туристер де мұнда бір күнін қызықты өткізе алады.
Шымбұлақтың тағы бір ерекшелігі – таудағы мейрамханалар мен демалыс орындары. Жаңа жыл қарсаңында осындай орындардың бірінде кешкі ас ішіп, қарлы тауларға қарап мерекені қарсы алу ерекше әсер қалдыруы мүмкін.
Алматының орталығындағы Панфилов көшесі – қысқы серуенге арналған ең көрікті орындардың бірі. Жаяу жүргіншілерге арналған көше бойында кафелер, мейрамханалар, шағын демалыс орындары мен тарихи ғимараттар орналасқан. Бұл жердің ерекшелігі – заманауи қалалық өмір мен тарихи сәулеттің үйлесуі. Көшені аралап жүріп, жақын маңдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына және әйгілі Вознесенск кафедралды соборына баруға болады.
Айта кетейік, Вознесенск соборы – Алматының ең танымал сәулет ескерткіштерінің бірі. Ағаштан салынған бұл ғимарат қаланың тарихи келбетін айқындайды. Оның түрлі-түсті сәулеті мен саябақтағы ескі ағаштар қысқы фотосессияға ерекше фон болады.
Панфилов көшесі мен оған жақын орналасқан Арбатты бірге аралауға болады. Мерекелік кезеңде көшелердегі безендіру, жарықтар мен кафелердің атмосферасы қаланы еуропалық Рождество мерекесіндей сезіндіреді.
Жаңа жылдық атмосфераны сезіну үшін елордадан алыстаудың қажеті жоқ. Қыста Астананың бірнеше қоғамдық кеңістігі тұрғындар мен туристерге арналған үлкен демалыс аймағына айналады. Биыл ерекше назар аударатын үш орын бар: Abu Dhabi Plaza маңы, EXPO аумағы және «Астана Арена» стадионының айналасы.
Елордадағы ең ерекше қысқы жобалардың бірі – Astana Winter Park. Астана әкімдігінің 2026 жылғы 15 қазандағы хабарламасына сәйкес, мұнда ұзындығы 1,4 шақырым, жалпы аумағы шамамен 6000 шаршы метр болатын мұз айдыны жасалмақ. Оның дәстүрлі мұз айдындарынан айырмашылығы – келушілер тек бір орында шеңбер жасап сырғанамай, ұзын мұз жолымен серуендей алады. Жоба аясында жылы павильондар, коньки жалға беру орындары, отбасылық демалыс аймақтары, тамақтану орындары мен мерекелік жарықтандыру қарастырылған. Мұз айдынының алғашқы маусымы 2027 жылғы 31 наурызға дейін жалғасуы жоспарланған.
Елордадағы тағы бір көрікті қысқы бағыт – EXPO аумағы. Мұндағы ерекше сәулетті Нұр Әлем сферасы түнгі жарықтандырумен бірге қаланың ең танымал фотолокацияларының біріне айналады. Қысқы маусымда EXPO аумағында да үлкен мұз айдыны ұйымдастырылады. Мұнда жылы киім ауыстыратын орындар, фотозоналар мен жайлы дәмханалар қарастырылған. Сондықтан бұл жер отбасымен серуендеуге де, достармен уақыт өткізуге де қолайлы.
Елорда әкімдігінің 2026 жылғы 9 қарашадағы мәліметінше, Нұра ауданында «Астана Арена» стадионының маңында да мұз айдынын жабдықтау жоспарланған. Осылайша Астанада бір күннің ішінде бірнеше қысқы локацияны аралап, мұз айдынында сырғанап, сәулеттік нысандардың әсемдігін тамашалауға болады. Әсіресе кешкі уақытта қала жарықтары ерекше көрініс сыйлайды.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер