21.04.2026
12:20
118
Жаңалықтар

Жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау: кімге беріледі және қандай өзгерістер бар

Қазақстанда мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасының талаптары күшейтілді. Өзгерістер 12 шілдеден бастап күшіне енеді және жалған схемалардың алдын алуға бағытталған.

Бағдарлама 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның аясында мемлекет әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жалдау ақысының 50 пайызын өтейді. Бұл санатқа көп балалы отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Негізгі талаптардың бірі – отбасының жан басына шаққандағы табысы бір күнкөріс минимумынан аспауы тиіс. 2026 жылы бұл көрсеткіш 50 851 теңгені құрайды.

Бағдарлама операторы – «Отбасы банк». Қаржылай қолдау үшжақты келісімшарт негізінде жүзеге асады: банк, жалға алушы және тұрғын үй иесі арасында келісім жасалады. Қазіргі таңда жыл сайын шамамен 10 мың отбасы субсидия алады.

Бақылау күшейеді

Жаңа талаптарға сәйкес, енді өтінім беру мен субсидия рәсімдеу толық цифрлық форматқа көшіріледі. Барлық өтініш онлайн қабылданып, қатысушылар туралы мәліметтер мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты түрде тексеріледі. Әр кезең жүйеде тіркеліп отырады.

Сонымен қатар субсидия алушылардың нақты тұрғылықты жері де қатаң бақылауға алынады. Енді әкімдіктер тоқсан сайын тексеріс жүргізе алады. Бұл ретте қатысушының шынымен көрсетілген мекенжайда тұратыны, пәтерді басқа біреуге жалға бермейтіні және бөтен адамдардың тұрмайтыны назарға алынады.

Ережені бұзғандарға қатаң шара қолданылады

Егер заң бұзушылық анықталса, қатысушыға оны түзету үшін үш күн беріледі. Талап орындалмаса немесе заң бұзушылық қайталанса, субсидия біржола тоқтатылады және қайта қалпына келтірілмейді.

Сондай-ақ туыстарының пәтерін жалдауға да тыйым салынған. Енді мұндай жағдай анықталған жағдайда да мемлекеттік қолдаудан толық айыру қарастырылған.

Мемлекет бұл шаралар арқылы субсидияның шынайы мұқтаж азаматтарға ғана жетуін қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Бағдарламаға өтінім otbasybank.kz сайты арқылы қабылданады.

Ипотека талаптары да қатаңдайды

Бұған қоса, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда ипотекалық несие беру шарттары да өзгереді. Банктер енді қарыз алушыларды бұрынғыдан да қатаң іріктейді, ал несиелеу шарттары әр адамға жеке қарастырылады.

Бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарызға батуы мен жоғары пайыздық мөлшерлемелердің (қазіргі таңда 20-25%) өсуіне байланысты енгізіліп отыр. Сарапшылар пікірінше, мұндай жағдайда ипотека кейбір азаматтар үшін «қаржылық тұзаққа» айналуы мүмкін.

Әр адамға – жеке шарт

Енді ипотекалық мөлшерлеме барлық азамат үшін бірдей болмайды. Ол бірнеше факторға байланысты анықталады:

  • бастапқы жарна көлемі;
  • табыс деңгейі;
  • несие тарихы;
  • қарыз жүктемесі;
  • отбасы құрамы.

Мысалы, бастапқы жарнасы жоғары (30% және одан көп) әрі тұрақты табысы бар азаматтар тиімді шарттарға қол жеткізе алады. Ал тәуекелі жоғары қарыз алушыларға пайыз өсірілуі немесе несие беруден бас тартылуы мүмкін.

Тек ресми табыс ескеріледі

Жаңа талап бойынша банктер тек ресми расталған табысты ғана есепке алады. Яғни зейнетақы аударымдары мен салық төлемдері арқылы дәлелденбеген кірістер ескерілмейді. Мұндай жағдайда ипотека алу іс жүзінде мүмкін болмайды.

Қарызға бақылау күшейеді

Қазіргі қолданыстағы қарыз жүктемесі коэффициентіне (КЖК) қосымша жаңа көрсеткіш – қарыздың табысқа қатынасы (ҚТҚ) енгізіледі.

Егер КЖК ай сайынғы төлемдердің табысқа қатынасын (50%-дан аспауы тиіс) көрсетсе, ҚТҚ азаматтың жалпы қарыз көлемін жылдық табысымен салыстырады. Бұл тәсіл азаматтың қаржылық жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

Қарыз алушыларға кеңес

Мамандар ипотека алуды жоспарлаған азаматтарға алдын ала дайындалуға кеңес береді:

  • ұсақ несиелер мен қарыздарды жабу;
  • бастапқы жарнаны көбейту;
  • ресми табысты растау;
  • жаңа несие алмау;
  • несие тарихын тексеру.