14.05.2026
18:15
169
Жаңалықтар

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешу қиындай түсе ме

Жыл басынан бері зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегі өзгеретіні туралы жиі айтылады. Жауапты органдар әзірге нақты шешім шығарған жоқ. Десе де мамыр айының соңына дейін белгілі болуы мүмкін.

Ай соңында белгілі болады

Осы жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев пікір білдірді. Оның айтуынша, тиісті есептеулер жүргізіліп жатыр.

Біз Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен консультациялар жүргізіп жатырмыз. Жеткілікті шегін қандай деңгейге көтеретінімізді дәл қазір айта алмаймын. Шешім қабылданған кезде бұл туралы міндетті түрде БАҚ арқылы хабарлаймыз. Біздің мақсатымыз – азаматтарымызды қартайған шағында лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Мұндағы логика қарапайым, – деді вице-министр.

Ербол Тұяқбаев зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегінің қанша мөлшерде және қашан өсетініне қатысты пікір білдірмеді. Спикер бұл меже 2026 жылы көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Меніңше, мамыр айының соңына дейін қандай да бір шешімге келеміз. Биыл көтерілуі мүмкін бе дегенге келсек, иә, мүмкін, – деп атап өтті вице-министр.

Жүйе өзгере ме?

Қазір минималды жеткілікті шек әлеуметтік және болжамды көрсеткіштерге негізделеді. Ең төменгі жалақы, күнкөріс деңгейі және азаматтың болашақта аударатын жарналары ескеріледі. Ал жаңа жүйеде бұлай болмауы мүмкін. Жинақтың өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз етуі есептеледі. Жинақтың жеткілікті болуы азаматтың ай сайынғы төлем жасау мүмкіндігіне байланысты болуы мүмкін. 

2026 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша, ең төменгі жалақы – 85 000 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге. Биыл да ТЖШ 10%-ға өсті. 

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 395 млрд теңге зейнетақы төленген. Орташа мөлшер – 157 843 теңге. Ал былтыр жұмыс берушілер 5 млн-нан аса жұмыскерге міндетті зейнетақы жарналарын аударды.