АҚШ ғалымдары 100 миллион адамды қамтыған ауқымды зерттеу жүргізіп, ешқашан некеге тұрмаған адамдар арасында қатерлі ісік аурулары жиірек анықталады деген тұжырымға келді.
Зерттеу авторлары бұл дерекке біржақты қарамауға шақырады. Олардың айтуынша, мәселе некенің «қорғайтын фактор» болуында емес, адамның өмір салты мен денсаулыққа деген көзқарасында жатыр.
Зерттеу нәтижелері неке қатерлі ісіктің алдын алады немесе міндетті түрде үйлену керек дегенді білдірмейді. Бұл тек некеде тұрмайтын адамдарға қауіп факторларына ерекше мән беріп, уақтылы тексеруден өтіп, денсаулығын мұқият бақылау қажет екенін көрсетеді, – дейді зерттеу авторы Фрэнк Пенедо.
Ғалымдар бастапқыда тек статистикалық салыстыру жүргізуді мақсат еткен. Сол арқылы олар қатерлі ісікке кімдер жиі шалдығатынын анықтағысы келген: некеде тұрғандар ма, әлде бойдақтар ма. Сол үшін 2015-2022 жылдар аралығында АҚШ-тың 12 штатынан жиналған деректер талданды.
Зерттеуге 30 жастан асқан 100 миллион азамат енгізілген. Қатысушылар екі топқа бөлінді: бірінші топқа некеде болған, ажырасқан немесе жесір қалған адамдар кірсе, екінші топқа ешқашан ресми некеге тұрмағандар (жалпы қатысушылардың шамамен бестен бірі) енгізілді.
Нәтижесінде 4 миллионнан астам адамға онкологиялық диагноз қойылған. Соның ішінде ең жоғары көрсеткіш дәл осы ешқашан некеге тұрмағандар арасында тіркелген. Атап айтқанда, бойдақ ер адамдарда қатерлі ісікке шалдығу қаупі үйленгендерге қарағанда шамамен 70 пайыз жоғары болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 85 пайызға дейін жеткен.
Сарапшылар сонымен қатар жалғызбасты ер адамдар арасында бауыр, өкпе, асқазан және өңеш қатерлі ісіктері жиі кездесетінін анықтады. Бұл аурулар көбіне инфекциялармен, темекі шегумен және алкогольді шамадан тыс тұтынумен байланысты. Ал әйелдер арасында аналық без бен жатыр денесі қатерлі ісігі жиірек тіркелген, бұл репродуктивті факторлармен сабақтас.
Дегенмен ғалымдар маңызды жайтты тағы да нақтылап өтті: зерттеу барысында неке мен қатерлі ісік қаупінің төмендеуі арасында тікелей байланыс анықталмаған. Бұл тек денсаулық сақтау жүйесіне белгілі бір сигнал ретінде қарастырылуы тиіс.
Мамандар пікірінше, профилактикалық тексерулер жүйесін қайта қарау қажет, яғни медициналық орталықтар пациенттің отбасылық жағдайын да ескергені жөн, ал жалғызбасты адамдар өз денсаулығына бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарауы тиіс.