Ыдыс жуушыдан миллиардерге дейін. Nvidia басшысы Дженсен Хуанг кім?

Ыдыс жуушыдан миллиардерге дейін. Nvidia басшысы Дженсен Хуанг кім?

Ажар Лаубаева
Фото: Shutterstock

Жасөспірім кезінде мейрамханада ыдыс жуып, даяшы болып жұмыс істеген Дженсен Хуанг бүгінде әлемдік технология индустриясының ең ықпалды тұлғаларының бірі. Ол достарымен бірге шағын компания құрып, оны жасанды интеллект саласындағы алпауыт кәсіпорынға айналдырды. Алайда миллиардердің табысқа жету жолында қаржылық қиындықтар мен сәтсіздіктер де аз болмаған.

Еңбек жолын ыдыс жуушы болып бастаған

Дженсен Хуанг 1963 жылы 17 ақпанда Тайваньда дүниеге келген. Балалық шағының бір бөлігін Таиландта өткізген. Кейін ата-анасы Дженсен мен оның ағасын АҚШ-тағы туыстарына жібереді.

Америкадағы алғашқы жылдары оңай болмаған. Туыстары ағайынды екеуін қателесіп, Кентукки штатындағы тәртібі қатаң интернатқа орналастырған.

Жасөспірім кезінде Дженсен Хуанг Denny’s мейрамханасында ыдыс жуып, кейін даяшы болып жұмыс істеген. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жұмыс оған ұялшақтығын жеңіп, адамдармен еркін қарым-қатынас орнатуға көмектескен.

1984 жылы Орегон мемлекеттік университетінде электротехника мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып, 1992 жылы Стэнфорд университетінің магистратурасын тәмамдаған.

Еңбек жолын бүгінде Nvidia-ның басты бәсекелестерінің бірі саналатын AMD компаниясында бастады. Кейін LSI Logic компаниясында инженерлік және басқарушылық қызметтер атқарды.

40 мың доллармен құрылған компания

1993 жылы Хуанг Крис Малаховски және Кертис Приеммен бірге Nvidia компаниясының негізін қалады. Бір қызығы, үш кәсіпкер жаңа бизнес ашу идеясын Denny’s мейрамханасында талқылаған.

Олар 40 мың доллар бастапқы қаражатпен шағын кеңседе жұмысын бастайды. Алайда компанияның алғашқы өнімдері нарықта сұранысқа ие болмады. 1996 жылы қаржылық қиындыққа тап болған Хуанг қызметкерлерінің жартысынан астамын жұмыстан босатуға мәжбүр болды.

Қалған қаражат жаңа графикалық чипті әзірлеуге жұмсалды. RIVA 128 өнімі сатылымға шыққанда компанияның бір ай ғана жалақы төлеуге жететін ақшасы қалған еді. Дегенмен жаңа өнімнің танымал болуы Nvidia-ны банкроттықтан құтқарды.

Жасанды интеллектінің болашағын ерте болжады

1999 жылы Nvidia қор нарығына шығып, GeForce 256 графикалық процессорын таныстырды. Ал 2006 жылы компания графикалық процессорларды ғылыми зерттеулер мен күрделі есептеулерде қолдануға мүмкіндік беретін CUDA технологиясын әзірледі.

Хуанг 2013 жылдың өзінде жасанды интеллектіні дамытуға басымдық бере бастады. 2016 жылы ол Nvidia әзірлеген DGX-1 суперкомпьютерін OpenAI зерттеу тобына өзі жеткізіп берген.

Кейін нейрожелілердің қарқынды дамуы компания өнімдеріне деген сұранысты күрт арттырды. 2024 жылдың ақпанында Nvidia-ның нарықтық құны 2 триллион доллардан асып, АҚШ-тағы ең қымбат компаниялардың үштігіне енді.

Миллиардердің өмірі мен ұстанымдары

Дженсен Хуангты көпшілік қара былғары күртешесі арқылы да таниды. Ол он жылдан астам уақыт бойы маңызды таныстырылымдарға осы киіммен шығып келеді. Тіпті иығына Nvidia логотипін татуировка ретінде салдырған.

Кәсіпкер қызметкерлерімен тікелей байланыс орнатып, күніне жүздеген қысқа электронды хат жібере алады. Жұмыс барысында қиындық туындаса, инженерлермен бірге мәселенің шешімін іздейді.

Хуанг болашақ жары Лори Миллспен университет қабырғасында танысқан. Олардың Спенсер есімді ұлы мен Мэдисон есімді қызы бар.

Миллиардер қайырымдылықпен де айналысады. Ол Стэнфорд университетіне 30 миллион доллар, Орегон мемлекеттік университетіне 50 миллион доллар қаржылай қолдау көрсеткен.

Тағы бір қызықты дерек – Хуанг пен Nvidia-ның басты бәсекелестерінің бірі AMD компаниясының басшысы Лиза Су туыс болып келеді.

Nvidia төңірегіндегі жанжал

2026 жылдың қарашасында Дженсен Хуанг халықаралық жанжалдың ортасында қалды. Шетелдік БАҚ мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері кәсіпкердің Қытай барлау қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген Элис Хуанг есімді әйелмен байланысын тексере бастаған.

12 қарашада Хуанг Nvidia басшысы қызметінен кетіп, оның орнына Колетт Кресс уақытша тағайындалды. Кәсіпкер жұбайына опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан көпшілік алдында кешірім сұрады.

Алайда 23 қарашада Nvidia директорлар кеңесі Хуангты бұрынғы қызметіне қайтару туралы шешім қабылдады. Осы жаңалықтан кейін компания акциялары 30 пайыздан астам қымбаттаған.

Оқи отырыңыз

{