21.04.2026
14:33
212
Жаңалықтар

«XXI ғасырдың пандемиясы»: елімізде аллергиктер саны көбейіп барады

Қазақстанда маусымдық аллергияға шалдыққан адамдар саны жыл сайын артып келеді. Сарапшылар бұл құбылысты тек денсаулық мәселесі ғана емес, жаһандық деңгейдегі күрделі үрдіс ретінде бағалап отыр.

Ғалымдардың айтуынша, бүгінде аллергиялық аурулар әлем халқының 20-30 пайызына дейін әсер етеді. Бұл көрсеткіш Қазақстанда да өзекті: ресми деректерге сәйкес, елдегі әрбір бесінші адам аллергиядан зардап шегеді. Мамандар оны «XXI ғасырдың пандемиясы» деп атауы да сондықтан.

Маусымдық аллергия ерте басталады

Әдетте аллергия көктемде, өсімдіктер гүлдеген кезеңде күшейеді. Қазақстанда сәуір айынан бастап маусымдық аллергияның жаңа толқыны басталады. Дегенмен дәрігерлер алғашқы белгілер одан да ерте байқалуы мүмкін екенін айтады.

Бұл көбіне саңырауқұлақ аллергендеріне байланысты. Аллергия тек өсімдік тозаңынан ғана туындамайды, ауада болатын саңырауқұлақтарға да реакция болуы мүмкін. Топырақта споралар болады, олар әсіресе қар еріген ақпан айында және күзде, яғни жапырақтар шіри бастаған кезде белсенді байқалады, – дейді аллерголог Арай Батырбаева.

Қазақстанда қай аллерген басым

ОЛИМП клиникалық-диагностикалық зертханасының мәліметінше, елімізде ең күшті аллергендердің бірі – қайың ағашы. Зертханаға осы бағыт бойынша жылына 6 мыңға жуық адам жүгінеді екн. Соның ішінде 1,5 мыңға жуық пациентте қайың тозаңына аллергия анықталған.

Балалар арасында көрсеткіш өсіп келеді

Дәрігерлер аллергиялық аурулардың әсіресе балалар арасында жиілеп бара жатқанын айтады.

Шынында да, біз аллергиялық аурулардың көбейіп жатқанын байқап отырмыз, әсіресе бұл үрдіс балалар арасында анық көрінеді. Ал ересектерде көбіне бронх демікпесі тіркеледі, бұл аурудың уақыт өте келе асқынып бара жатқанын көрсетеді. Негізгі себептердің қатарында тозаңның жоғары деңгейі, әсіресе Алматыда, сондай-ақ кеш диагностика мен өзін-өзі емдеу бар. Сондықтан аллергия – жай ғана маусымдық мәселе емес, ерте жастан бақылауды қажет ететін созылмалы ауру. Егер бақылау болмаса, ол асқынуы мүмкін, – деп атап өтті Арай Батырбаева.

2025 жылы елімізде 14 жасқа дейінгі балалар арасында шамамен 4,7 мың аллергиялық ринит және 3 мыңнан астам бронх демікпесі тіркелген. Ал ересектер арасында астма жағдайлары 11 мыңнан асады.

Аллергия белгілері және қаупі

Аллергияның ең жиі кездесетін белгілері – мұрын бітелуі, түшкіру, көздің қызаруы, қышу және жөтел. Осы белгілерге қарап әдетте адамдар тұмау деп шатасады.

Сондықтан алғашқы белгілер байқалған сәттен бастап дәрігерге қаралып, нақты аллергенді анықтау маңызды.

Неге аллергия көбейіп жатыр

Сарапшылар аллергияның таралуына бірнеше фактор әсер етеді деп санайды:

  • қоршаған ортаның ластануы;
  • климаттың өзгеруі;
  • урбанизация;
  • өмір салтының өзгеруі.

Сонымен қатар «гигиена гипотезасы» да бар. Бала кезден микробтармен байланыс аз болған сайын, иммунитет әлсіреп, аллергияға бейімділік артады.

Аллергия қай қалаларда жиі тіркеледі

Ресми деректерге сүйенсек, аллергия ең көп тіркелетін өңірлер:

  • Алматы
  • Шымкент
  • Астана
  • Жетісу және Түркістан облыстары

Алматыда жағдай ерекше күрделі. Мұнда поллиноз көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 417,6 жағдайға жеткен. Бұл – ел бойынша орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.

Алдын алу жолдары

Дәрігерлер аллергияның алдын алу үшін бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді:

  • құрғақ әрі желді күндері сыртта аз болу;
  • үйге келген соң бет-қолды жуып, киімді ауыстыру;
  • мұрынды шаю;
  • бөлмені ылғалды тазалау;
  • ауа тазартқыш қолдану.

Алдын алудың басты мақсаты – тозаңмен байланысты барынша азайту. Ол үшін ауадағы тозаң деңгейін бақылап, сыртта болатын уақытты дұрыс жоспарлау және емді белгілер күшейгенше күтпей, алдын ала бастау маңызды. Сонымен қатар өзін-өзі емдеумен айналыспау керек, – деп ескертеді мамандар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2050 жылға қарай әлем халқының жартысына жуығы аллергияға тап болуы мүмкін. Қазақстанда да алдағы жылдары бұл көрсеткіш шамамен 35 пайызға жетеді деген болжам бар.