Волонтерліктің жас шегі жоқ: Астанаға ТМД елдерінің еріктілері жиналды

Волонтерліктің жас шегі жоқ: Астанаға ТМД елдерінің еріктілері жиналды

Көктем Қарқын
Фото: El.kz

Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің I форумы басталды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған халықаралық жиын ТМД елдерінің волонтерлік бастамаларын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасуға арналған жыл сайынғы алаң болмақ.

«Волонтерлік арқылы бірлік: серіктестік, сенім, даму» тақырыбындағы форумға Достастық елдерінің волонтерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және қоғамдық белсенділер қатысып жатыр. Екі күнге жоспарланған іс-шара барысында экологиялық, әлеуметтік, инклюзивті және мәдени волонтерлік бағыттар талқыланады.

Фото: El.kz

Ашылу салтанатын виртуалды волонтер жүргізді

Форумның ашылу салтанаты да заманауи форматта өтті. Іс-шараны Дос есімді виртуалды волонтер жүргізіп, қатысушыларды форумның бағдарламасымен таныстырды.

Фото: El.kz

Ашылу рәсімінде премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Президент маңызды іс-шараның Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Халықаралық волонтерлер жылында өтіп отырғанына назар аударды.

Қазақстан осы форумды өткізуді ұсына отырып, ТМД елдерінің волонтерлері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларын халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілететін алаң құруды мақсат етті. Біз үшін достықты нығайтып, ынтымақ, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі құндылықтарды қоғамға терең сіңіру айрықша маңызды. Қазақстанда волонтерлік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді, – делінген құттықтау хатта.

Фото: El.kz

Қазақстандағы волонтерлер саны 6 есе өскен

Форумда Аида Балаева Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы болып жариялануы.

Фото: El.kz

Сол жылы мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Даму мақсатындағы волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынған болатын.

Фото: El.kz

Бүгінде осы бастаманың нәтижесі нақты көрсеткіштерден көрінеді. Соңғы алты жылда еліміздегі белсенді волонтерлер саны алты есе өсіп, 50 мыңнан 300 мың адамға жетті. Волонтерлік ұйымдар саны үш есе артып, 810-ға, ал волонтерлік топтар саны он есе көбейіп, 3,5 мыңға жеткен.

Фото: El.kz

Осы жылдар ішінде Қазақстанда волонтерлік қозғалысты одан әрі дамытуға қажетті жүйелі негіз қалыптасты. «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданып, қолдау инфрақұрылымы дамып келеді, білім беру және гранттық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ендігі міндет – қозғалыстың ауқымын кеңейтіп қана қоймай, волонтерлікті қоғам өмірінің қолжетімді әрі табиғи бөлігіне айналдыру. Волонтерлік қауымдастықпен бірлесіп әзірленіп жатқан Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дәл осы мақсатқа бағытталған. Құжатта кәсіби және салалық волонтерлікті өркендетуге, көшбасшылар даярлауға, қолдау тетіктерін жетілдіруге және заманауи цифрлық құралдарды пайдалануға басымдық беріледі. Соның ішінде әр адамның жинақтаған тәжірибесін, құзыреттері мен қосқан үлесін жүйелеуге мүмкіндік беретін волонтердің цифрлық паспортын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, – деді премьер-министрдің орынбасары.

«Таза Қазақстан» қозғалысы волонтерлікке серпін берді

Экологиялық волонтерлік те форумның негізгі бағыттарының бірі болды. Аида Балаева бүгінде бұл бағыт 100 мыңнан астам азаматты біріктіріп отырғанын атап өтті.

Фото: El.kz

Экологиялық волонтерліктің дамуына жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы да серпін берген. Қозғалыс аясында 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, 2 млн тоннаға жуық қалдық жиналған. 2,8 млн гектардан астам аумақ тазартылып, 4,5 млн-ға жуық ағаш егілген.

Фото: El.kz

Келесі қадам – елдеріміздің волонтерлік қауымдастықтары арасында нақты ынтымақтастық орнату. Біз бірлескен жобаларды дамытып, тиімді әдіс-тәсілдермен тәжірибе алмасуға, көшбасшылар мен үйлестірушілерді даярлауға тиіспіз. Сонымен қатар волонтерлік тәжірибе қоғам тарапынан лайықты бағаланып, әр адамның білім алуы мен кәсіби дамуының бір бөлігіне айналуы қажет, – деді Аида Балаева.

Осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары форум қорытындысы бойынша экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, сондай-ақ жастар волонтерлігі бағыттарындағы бірлескен бастамалардың тізбесін әзірлеуді ұсынды.

Фото: El.kz

Алғашқы жобалардың бірі ретінде ТМД елдері волонтерлерінің қазан айында өтетін Арал маңы табиғатын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік аптаға қатысуы ұсынылды.

Фото: El.kz

«Ерікті болу парыз бен борыштан басталады»

Форумға Қазақстанның әр өңірінен белсенді волонтерлер де қатысты. Солардың бірі – Маңғыстау облысынан келген Абзал Марат. Оның айтуынша, волонтерлік – ең алдымен адамның өз қоғамына деген ішкі жауапкершілігінен басталады.

Фото: El.kz

Бүгін елордамызда ТМД жастар форумы өтіп жатыр. Бұл шараның халықаралық маңызы ерекше. Себебі жастарды «болашақ сәулетшілері» деп атайды. Форумда ТМД елдерінің еріктілері бір-бірімен тәжірибе алмасады. Әртүрлі саланы толық меңгерген, айтары бар жастар бас қосты, – дейді маңғыстаулық ерікті.

Фото: El.kz

Абзал Мараттың айтуынша, ерікті болу парыз бен борыштан басталады. Ішкі жауапкершілігінің арқасында жастар еріктілер қатарына қосылады. Елімізде су тасқыны, өрт болған кезде жастар жауапкершілік танытып, еріктілер қатарына қосылды.

Фото: El.kz

Мемлекет басшысының ұсынысымен БҰҰ биылғы жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Сондықтан елімізде осындай халықаралық деңгейдегі шараның өтуі заңды. Маңғыстаудан бүгінгі шараға бес адам келді. Жастар ұйымынан белсенді еріктілер қатысты. Волонтер – өзі тұратын аймаққа бейжай қарамайтын азамат. Біздің облыстағы еріктілер әлеуметтік осал топтарға көмектесіп, нашақорлықпен күресуге атсалысып жүр, – дейді маңғыстаулық ерікті Абзал Марат.

«Волонтерліктің жас шегі жоқ»

Өзбекстан делегациясы да форумға белсенді қатысып жатыр. Өзбекстан Республикасы Жастар ісі агенттігі директорының кеңесшісі, Волонтерлер қауымдастығының жетекшісі Шерин Абидова мұндай кездесулердің ТМД елдері арасындағы ынтымақтастықты күшейтудегі маңызын атап өтті.

Фото: El.kz

Екі жыл бұрын алғаш рет Астанаға келгенбіз. Бүгін қайтадан осында, игі мақсатпен бас қосып отырмыз. ТМД елдерінің волонтерлерін біріктіретін бұл кездесу біз үшін өте маңызды әрі есте қаларлық. Себебі біз жай жылда емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Халықаралық волонтерлер жылында кездесіп отырмыз. Меніңше, волонтерлік – әлемді мейірімді, таза, дені сау әрі, ең бастысы, күшті ететін азаматтық ұстанымның жарқын көрінісі, – дейді Шерин Абидова.

Оның айтуынша, бүгінде біз көптеген сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған кезде әр адамның: «Мен қоғамға пайдалы болғым келеді, өз үлесімді қосқым келеді» деуі өте маңызды. Бүгінгі алаң да дәл осындай адамдар туралы, оларды біріктірудің маңыздылығы туралы.

Фото: El.kz

Мұнда волонтерлік бағытта, экология, әлеуметтік мәселелер, өнер мен мәдениет салаларында белсенді азаматтар жиналып отыр. Шын мәнінде, олардың бәрі – қарапайым адамдар. Олардың балалары, кейбірінің немерелері бар. Өйткені волонтерліктің жас шегі жоқ. Ұйымдастырушыларға да ерекше алғыс айтқым келеді. Олар бұл кездесуде ынтымақтастыққа үлкен әрі маңызды мән беріп отыр. Себебі мұнда тәжірибе алмасумен қатар стратегиялық және серіктестік қарым-қатынастарды нығайту да көзделген. Бұл – халықтық дипломатияның балама әрі маңызды тетігі, – дейді Шерин Абидова.

Фото: El.kz

Форум аясында панельдік сессиялар, тақырыптық пікірталастар және табысты волонтерлік тәжірибелердің таныстырылымдары өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ТМД волонтерлерінің форумы алдағы уақытта тәжірибе алмасуға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған тұрақты алаңға айналады.

Фото: El.kz

Өзбекстан делегациясының атынан айтарым, «волонтер» сөзі біз үшін жаңа болғанымен, Орталық Азия өңірі үшін бұл ұғым мәдениетімізде ежелден бар. Бұл – әрқайсымыздың ДНҚ-мызда, Орталық Азияның бір бөлігі екенін сезінетін әр адамның бойындағы код, – дейді Шерин Абидова.

Фото: El.kz

Айта кету керек, форумды Достастық елдері ротациялық тәртіппен кезек-кезек өткізетін болады. Ал Астанадағы форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысып жатыр.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Оқи отырыңыз

{