Вейп жасөспірімдерді темекіге әуес етуі мүмкін – зерттеу

Вейп жасөспірімдерді темекіге әуес етуі мүмкін – зерттеу

Мадина Асылбекова
Фото: unsplash.com/Vaporesso

Электронды темекі кәдімгі темекіден бас тартуға көмектесетін балама ретінде жиі айтылады. Алайда ауқымды зерттеулерге жасалған жаңа шолу вейптің, керісінше, жасөспірімдердің кәдімгі темекі шегуге көшуіне ықпал ету мүмкіндігі жоғары екенін көрсетті.

Ұлыбританияның Корольдік педиатрия және балалар денсаулығы колледжінің мамандары вейптің балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен мінез-құлқына әсерін зерттеген 81 ғылыми жұмыстың нәтижесін саралаған.

Вейптің денсаулыққа әсері қандай?

Зерттеу нәтижелері электронды темекіні толықтай қауіпсіз деп санауға болмайтынын көрсеткен. Вейп қолдану жөтел, сырыл секілді тыныс алу жүйесіндегі проблемалармен, сондай-ақ мазасыздық, депрессия және дүрбелең ұстамаларымен байланысты болған.

Бұдан бөлек, зерттеушілер электронды темекі қолдану мен ұйқының бұзылуы, көз аурулары және ауыз қуысы денсаулығындағы проблемалар арасында да байланыс барын анықтаған. Атап айтқанда, ауыз қуысының қабынуы, ойық жаралар мен ауыздың құрғауы жиі кездескен.

Жүктілік кезінде вейп қолданудың да қаупі бар

Мамандарды жүктілік кезінде электронды темекі қолданған әйелдердің балаларына қатысты деректер де алаңдатқан.

Мұндай сәбилерде кейбір рефлекстердің бұзылыстары айқынырақ байқалып, қимыл-қозғалысының жетілу деңгейі төмен болған. Сондай-ақ ана құрсағында вейптің әсеріне ұшыраған балалардың салмақ қосуы баяуырақ болғаны анықталған.

Зерттеу авторлары электронды темекінің балалар мен жасөспірімдерге ықтимал зияны туралы ғылыми деректер көбейіп келе жатқанын атап өтті. Сондықтан вейпті жасөспірімдер арасында зиянсыз әдет ретінде қабылдауға болмайды.

Вейп кәдімгі темекіге бастайтын жол болуы мүмкін

Зерттеудің маңызды қорытындыларының бірі – жастардың электронды темекі қолдануы мен кейін кәдімгі темекі шегуге көшуі арасында байланыс бары анықталған.

Бұл мәселе Ұлыбританияда вейп қолданушылар санының артуы аясында ерекше өзекті болып отыр. Былтыр елде электронды темекі қолданатындар саны алғаш рет кәдімгі темекі шегетіндерден асып түскен.

Кәдімгі темекі де, электронды темекінің басым бөлігі де ағзаға никотин жеткізеді. Алайда олардың жұмыс істеу принципі әртүрлі. Кәдімгі темекі жанған кезде мыңдаған химиялық зат, соның ішінде шайыр мен көміртек тотығы бөлінеді. Олардың арасында қатерлі ісік қаупін арттыратын қосылыстар да бар.

Ал электронды темекіде аккумулятор арқылы арнайы сұйықтық қыздырылып, адам жұтатын аэрозоль түзіледі. Бұл сұйықтықтың құрамында көбіне никотин болады.

Вейп қолданғанда адам кәдімгі темекімен салыстырғанда зиянды заттардың аз мөлшеріне ұшырайды. Осы себепті электронды темекі кәдімгі темекіден зияны азырақ деп есептеледі. Дегенмен бұл оның денсаулыққа қауіпсіз екенін білдірмейді.

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі де вейптің кәдімгі темекіге қарағанда зияны аз екенін атап өтеді. Алайда мамандар электронды темекінің толық қауіпсіз еместігін және оны ұзақ уақыт қолданудың денсаулыққа әсері әлі де толық зерттелмегенін ескертеді.

Оқи отырыңыз

{