Венеция кинофестивалі: биыл кино әлемінде қандай есімдер талқыланады

Венеция кинофестивалі: биыл кино әлемінде қандай есімдер талқыланады

Көктем Қарқын
Фото: ceodestinations.com

83-ші Венеция халықаралық кинофестивалі 2-12 қыркүйек аралығында өтеді. Биылғы бағдарламада еуропалық режиссерлердің туындыларына, сондай-ақ Азия мен Таяу Шығыстың авторлық киносына басымдық берілген. Негізгі байқауға танымал режиссерлердің жаңа фильмдерімен қатар, бірнеше жылдан бері көпшілік назарынан тыс қалған «ДАУ» жобасы да енді.

2026 жылғы еуропалық кинофестивальдерде ортақ үрдіс байқалады. Биыл Голливуд өнімдерінің үлесі азайып, жергілікті режиссерлер мен авторлық фильмдерге көбірек басымдық берілген.

Венециядағы негізгі байқауға француз режиссерлері Седрик Кан мен Стефан Бризе, неміс режиссері Вернер Херцог, швед-иран режиссері Али Аббаси, жапон режиссері Хирокадзу Корээда, оңтүстіккореялық Ли Чхан-дон, ирландиялық Мартин Макдона және Илья Хржановский қатысады.

АҚШ киносы да назардан тыс қалмаған. Негізгі байқауда америкалық актер әрі режиссер Кейси Аффек пен деректі кино режиссері Лэнс Оппенхаймның фильмдері көрсетіледі.

Фестивальді Дэнни Бойлдың фильмі ашады

Венеция кинофестивалінің шымылдығын британиялық режиссер Дэнни Бойлдың «Ink» («Чернила») фильмі ашады. Картина байқаудан тыс бағдарламада көрсетіледі.

Фильм оқиғасы 1960 жылдары Ұлыбританияда өтеді. Онда медиамагнат Руперт Мердоктің жас кезі мен оның Британияның баспасөз нарығындағы ықпалы баяндалады.

Мердоктің рөлін актер Гай Пирс сомдайды. Ал Джек О'Коннелл сол кезде Мердокке тиесілі The Sun таблоидын басқарған редактор Ларри Лэмбтің бейнесін жасайды.

Фильмді АҚШ-та көрсету құқығын Netflix сатып алған.

Фото: Венеция кинофестивалі

«ДАУ»: фильмнен үлкен өнер жобасына дейін

Венеция бағдарламасындағы ең қызық жобалардың бірі – Илья Хржановскийдің «ДАУ» фильмі.

Жобаның тарихы кино өндірісінің үрдісінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бастапқыда «ДАУ» кеңестік физик, Нобель сыйлығының лауреаты Лев Ландаудың өмірі туралы биографиялық фильм ретінде жоспарланған.

Алайда түсірілім барысында жоба ауқымды экспериментке айналды. Харьковте кеңестік ғылыми институттың толық декорациясы салынды. Оған жүздеген адам қатысып, сол ортада ұзақ уақыт өмір сүрді. Нәтижесінде жүздеген сағаттық бейнематериал жиналды.

Кейін сол материалдардан «ДАУ. Наташа», «ДАУ. Дегенерация» және басқа да фильмдер жасалды.

«ДАУ. Наташа» мен «ДАУ. Дегенерация» 2020 жылы Берлин кинофестивалінде көрсетілген. Ал Венецияда жобаның жаңа, ауқымды бөлігі ұсынылмақ.

Фото: Венеция кинофестивалі

Макдонаның жаңа фильмі не туралы?

Ирландиялық режиссер Мартин Макдона Венецияға White Horse Nine атты қара комедиясын алып келеді.

Макдона көрерменге «Брюггеде», «Үш билборд Эббинг шекарасында, Миссури» және «Инишериндік баньшилер» фильмдері арқылы танымал.

Жаңа фильмінің оқиғасы 1973 жылы Чилидегі әскери төңкеріс қарсаңында Пасха аралында өрбиді. Бұл жолы режиссер қылмыскерлердің емес, ЦРУ агенттерінің оқиғасын қара юмор арқылы көрсетеді.

Крус пен Бардем экранда тағы бірге

Испаниялық актерлер Пенелопа Крус пен Хавьер Бардем Флориан Зеллердің «Бункер» фильмінде қайтадан бірге ойнайды.

Фильм – ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы бір күмәнді кәсіби шешімнен кейін бұзыла бастағанын көрсететін психологиялық триллер.

Қызығы, режиссер сценарийді арнайы Крус пен Бардемге арнап жазған. Өйткені актерлер өмірде де ерлі-зайыпты. Сондықтан фильмдегі отбасы дағдарысын көрген көрермен олардың экрандағы қарым-қатынасы мен шынайы өмірдегі жұп екенін қатар ескеріп отырады.

Фото: Getty Images

Венецияда саяси тақырыптар да көтеріледі

Фестивальдің байқаудан тыс бағдарламасында соғыс, саясат және тарихи жады тақырыптарына арналған деректі фильмдер де бар.

Палестиналық режиссер Ахмед Хассуна Газа секторындағы соғыс жағдайында журналистік жұмысын жалғастырып жүрген фотограф туралы «Гражданин Усама» фильмін ұсынады.

Ал украиналық режиссер Сергей Лозница Imperium деректі фильмін көрсетеді. Картина Кеңес Одағының тарихын бұрын жарияланбаған архивтік кадрлар арқылы баяндайды.

Фильм үшін 1970-1973 жылдары түсірілген шамамен 400 Super 16 кинопленкасы пайдаланылған. Түсірілім тобы КСРО-ның 20-дан астам аймағы мен республикасын аралаған. Олардың арасында Орталық Азия, Кавказ, Карпат, Мәскеу, Арктика және Қиыр Шығыс өңірлері бар.

Қазылар алқасында кімдер бар?

Биыл негізгі байқаудың қазылар алқасын америкалық режиссер әрі актриса Мэгги Джилленхол басқарады.

Ол соңғы бес жылда Венеция фестивалінің қазылар алқасына төрағалық ететін төртінші әйел. Бұған дейін бұл қызметті Изабель Юппер, Джулианна Мур және Кейт Бланшетт атқарған.

Қазылар қатарында гонконгтік режиссер Джонни То, тунистік режиссер Каутер Бен Ханья, ауғанстандық режиссер Шахрбану Садат, француз режиссері Ксавье Джанноли, композитор Даниэль Блумберг және италиялық кинотанушы Франческо Казетти бар.

Ал кино саласына қосқан үлесі үшін Джордж Клуни мен Эллен Бёрстинге арнайы марапат табысталады.

83-ші Венеция халықаралық кинофестивалі 2 қыркүйекте басталып, 12 қыркүйекте аяқталады.

Оқи отырыңыз

{