Валюталық депозиттердің мөлшерлемесі 1 қазаннан бастап өзгереді: не білу керек

Валюталық депозиттердің мөлшерлемесі 1 қазаннан бастап өзгереді: не білу керек

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда 1 қазаннан бастап кейбір валюталық депозиттер бойынша шарттар өзгереді. Банктер шетел валютасындағы ұзақ мерзімді жинақ салымдарына жоғары мөлшерлеме ұсына алады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, бір жылдан астам мерзімге ашылатын валюталық жинақ депозиттері бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлеме жылдық 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін көтеріледі.

Бұл барлық банк салымшыларына автоматты түрде 2,5 пайыз төленеді дегенді білдірмейді. Қор тек ұсынылатын ең жоғары шекті белгілейді, ал нақты мөлшерлемені әр банк өзі анықтайды.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қазаннан кейін ашылған немесе ұзартылған депозиттерге қолданылады.

Қысқа мерзімді депозиттерде өзгеріс жоқ

Қалған валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелер өзгермейді. Атап айтқанда, мерзімді және талап етілмелі салымдар, сондай-ақ бір жылға дейінгі мерзімге ашылған жинақ депозиттері бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлеме бұрынғыдай жылдық 1 пайыз деңгейінде қалады.

Неліктен мөлшерлеме көтерілді?

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры бұл шешімді елдегі валюталық депозиттердің үлесінің айтарлықтай төмендеуімен түсіндірді.

2015 жылы депозиттердің долларлану деңгейі 80 пайызға жеткен. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 19,2 пайызға дейін төмендеген.

Қордың бағалауынша, валюталық депозиттердің үлесінің азаюы шетел валютасындағы салымдар бойынша мөлшерлемелерге қойылатын шектеулерді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте валюталық депозиттер бойынша кепілдік берілетін сома өзгермейді. Егер банк лицензиясынан айырылған жағдайда, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры шетел валютасындағы депозиттер, шоттар және төлем карталары бойынша есептелген сыйақыны қоса алғанда, 5 миллион теңгеге дейінгі өтемақыға кепілдік береді.

Қордың соңғы деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың депозиттердегі жинағы 30 триллион теңгеге жеткен. Бұл үш жарым жыл бұрынғы көрсеткіштен 77,5 пайызға жоғары.

Оқи отырыңыз

{