30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыЖүрек-қан тамырлары аурулары бұрын көбіне егде жастағы адамдарға тән дерт саналғанымен, соңғы жылдары бұл диагноз жастар арасында да жиілеп келеді. Мамандар мұны өмір салтының өзгеруімен, дұрыс тамақтанбаумен және қимыл-қозғалыстың азаюымен байланыстырады.
MedRoom жобасына берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының кардиолог дәрігері Жанар Шәкірова жүрек ауруларының қауіп факторлары, алдын алу жолдары және қоғамда кең таралған қате түсініктер туралы айтты.
Кардиологтың айтуынша, қазіргі таңда жастар арасында миокард инфарктісінің жиілеуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр.
Соңғы кезде жастар арасында миокард инфарктісінің жиілегенін байқап жүрміз. Бұған өмір сүру салтының өзгеруі, дене белсенділігінің төмендеуі, кеңседе ұзақ отырып жұмыс істеу, қимыл-қозғалыстың азаюы және дұрыс тамақтанбау себеп. Сонымен қатар балаларға ерте жастан фастфуд беру, күнделікті сапасыз тағамдар мен тәтті сусындарды тұтыну да өз әсерін тигізеді. Соның салдарынан халық арасында қант диабеті көбейіп келеді, – дейді Жанар Шәкірова.
Маманның сөзінше, қант диабеті, семіздік және қан қысымының жоғарылауы уақыт өте келе жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін бірнеше есе арттырады. Сондықтан дұрыс тамақтану мен тұрақты физикалық белсенділік жүректі қорғаудың негізгі жолдарының бірі саналады.
Тұқымқуалаушылық та жүрек ауруларының пайда болуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Алайда бұл адамның міндетті түрде жүрек дертіне шалдығады дегенді білдірмейді.
Артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және кейбір жүрек ырғағының бұзылыстарының негізгі қауіп факторларының бірі – тұқымқуалаушылық. Бірақ тұқымқуалаушылық тек жүрек ауруына бейімділікті арттырады. Ондай жағдайда біз аурудың алдын алуға тырысамыз. Ол үшін дене белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, қандағы қант пен артериялық қысымды тұрақты бақылау маңызды, – дейді дәрігер.
Энергетикалық сусындар зиян
Соңғы жылдары жастар арасында энергетикалық сусындарды тұтыну көбейген. Дәрігер олардың құрамындағы кофеин мен таурин жүрекке айтарлықтай салмақ түсіретінін айтты.
Энергетикалық сусындардың негізгі компоненттері – кофеин мен таурин. Кофеин орталық жүйке жүйесін және жүрек-қан тамырлары жүйесін белсендіреді. Ол жүректің соғу жиілігін арттырып, жүрек бұлшықетінің оттегіге деген қажеттілігін көбейтеді. Ал энергетиктердің құрамындағы таурин мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болғандықтан, ағзаға кері әсер етуі мүмкін, – дейді кардиолог.
Мамандар әсіресе жүрек ауруына бейімділігі бар адамдарға энергетикалық сусындарды жиі тұтынбауға кеңес береді.
Жүректің туа біткен ақауы неден пайда болады?
Кардиологтың айтуынша, жүректің туа біткен ақауларының пайда болуына жүктілік кезеңіндегі түрлі факторлар әсер етеді. Болашақ ананың вирустық инфекциялармен ауыруы, темекі шегуі, есірткі қолдануы немесе созылмалы аурулары ұрықтың жүрек дамуына кері ықпал етуі мүмкін.
Сондай-ақ кейбір вирустық инфекциялар жүрек бұлшықетінің қабынуына әкеледі. Бұл жағдай медицинада вирустық миокардит деп аталады. Тұмау, герпес және энтеровирустар жүрек бұлшықетіне тікелей зақым келтіріп, оның қызметін әлсіретуі мүмкін.
Жүрек аурулары әрдайым белгі бере бермейді
Маман жүрек ауруларының көп жағдайда ұзақ уақыт бойы ешқандай айқын белгісіз өтетінін ескертеді. Кейбір адамдар қан қысымы көтерілгенін байқамай, тек бас ауырған кезде ауырсынуды басатын дәрі қабылдаумен шектеледі.
Жүрек аурулары ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Қан қысымы көтерілгенде бас ауырып, желке тұсы тартуы, жүрек айнуы, бас айналуы, көздің қарауытуы сияқты белгілер байқалады. Осындай жағдайда міндетті түрде қан қысымын өлшеп, мүмкіндігінше дәрігерге қаралған дұрыс, – дейді Жанар Шәкірова.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды