Үздіксіз кітап оқудың пайдасы бар ма?

Үздіксіз кітап оқудың пайдасы бар ма?

Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Ынта-шынтаңызды салып үнемі кітап оқысаңыз, есте сақтау қабілетін жақсартып, эмоциясы тұрақты адамға айналасыз. Кембридж университетінің ғалымдары мыңдаған еріктіні жинап, осы туралы зерттеу жұмысын жүргізген. Сүйікті кітап қартаю мен стрестің алдын алатыны дәлелденген. Әлеуметтік желі заманында эмоционалды саулықты сақтаудың жалғыз жолы кітап оқуды әдетке айналдыру болып тұр. 

Көңіл көтеру үшін кітап оқу эмпатияны дамытудың күрделі механизмін іске қосады. Бұл үдерісте «ақыл теориясы» деп аталатын қабілет маңызды рөл атқарады. Яғни адам өзге адамның эмоциясын, уәжін және ойлау жүйесін түсінуге үйренеді.

Адам көркем әдебиетке терең бойлаған кезде оның миында шынайы әлеуметтік қарым-қатынас кезінде іске қосылатын нейрондық желілердің бір бөлігі белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар небәрі алты минут кітап оқу стресс гормоны – кортизолдың деңгейін шамамен үштен екіге дейін төмендетуі мүмкін.

Кембридж университетінің ғалымдары Барбара Сахакянның жетекшілігімен ауқымды зерттеу жүргізіп, бес сауалнама мен сегіз ұзақмерзімді зерттеудің нәтижелерін біріктірді. Зерттеулерге ондаған мың адам қатысқан. Ғалымдар бос уақытта, яғни ләззат алу үшін кітап оқу ойлау мен есте сақтауға жауап беретін ми бөліктеріндегі сұр зат көлемінің артуымен және мидың әртүрлі аймақтары арасындағы байланыстың нығаюымен тікелей байланысты екенін анықтаған. Зерттеу нәтижелері Psychological Medicine журналында жарияланған.

Зерттеу авторларының бірі Барбара Сахакянның айтуынша, кітап оқу  когнитивтік резервті қалыптастыруға ықпал етеді. Когнитивтік резерв – жүйке жүйесінің жас ұлғайған сайын болатын өзгерістерге төтеп беріп, өмір салтының әсерінен туындайтын өзгерістерден қорғану қабілеті.

Сонымен қатар зерттеу кітап оқуға тұрақты түрде уақыт бөлудің күнделікті күйзеліс деңгейін төмендетіп, эмпатияны дамытып, жалғыздық сезімімен күресуге көмектесетінін көрсеткен.

Кітап оқудың балаларға пайдасы қандай?

Кітап оқу балалардың миына да айтарлықтай әсер етеді. Ерте жастан кітапты қызығушылықпен оқуға дағдыланған балалардың эмоцияны басқаруға жауап беретін ми қыртысы аймақтарындағы сұр зат көлемі көбірек болады. Жастардың психикалық денсаулығына қатысты әлемдік деңгейдегі мәселелер күшейіп отырған кезеңде бұл фактордың маңызы артып жатыр.

Зерттеулерге сәйкес, кітап оқитын балалардың зейіні, атқарушы функциялары мен оқу үлгерімі жақсырақ болуы мүмкін. Ал егде жастағы адамдарда кітап оқу когнитивтік қабілеттердің төмендеу қаупін азайтуға ықпал етеді. Макс Планк атындағы психолингвистика институтының тәуелсіз сарапшысы Фальк Хюеттиг кітап оқуды «ақыл-ойға арналған жаттығуға» теңейді.

Көркем әдебиеттің ерекшелігі неде?

Мамандардың айтуынша, кейінгі жиырма жылда кітапты ләззат алу үшін оқу деңгейі айтарлықтай төмендеген. Сарапшылар мұны әлеуметтік желілердің танымалдығының артуымен байланыстырады. Әсіресе, көркем әдебиеттің өзіндік маңызы бар. Себебі ол адамды түрлі тағдырмен таныстырады.

Оқиғаның желісін бақылай отырып, ми алда не болуы мүмкін екенін болжауға және күрделі жағдайларда өзін қалай ұстау керегін модельдеуге жаттығады. Ал шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық таныту адамның жалғыздық пен оқшаулану сезімін азайтады.

Ал ғылыми-көпшілік және деректі кітаптар мидың басқа нейрондық желілерін белсендіреді. Олар логикалық ойлау мен аналитикалық қабілеттерді дамытуға ықпал етеді. Дегенмен Барбара Сахакянның айтуынша, бұл жерде ең маңызды шарт – кітап оқудан ләззат алу.

«Ләззат алу үшін оқыңыз. Сонда кітапты жиі әрі ұзақ оқитын боласыз», – дейді ғалым.

Осылайша адамның өзі таңдаған кез келген роман немесе ғылыми-көпшілік кітап ұзақ өмір сүруге, жақсы көңіл-күй мен жалпы әл-ауқатты сақтаудың негізіне айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{