29.04.2026
12:06
175
Жаңалықтар

Ұзақ жолға жайлылық сыйлайтын көліктер

Сарапшылар алыс сапарды жеңіл әрі жағымды ететін алты автокөлікті атады. Бұл модельдер ұзақ жолда жүргізуші мен жолаушыларға жоғары деңгейдегі жайлылық ұсынып, шаршауды азайтады.

Ұзақ сапар тек көліктің техникалық мүмкіндігін ғана емес, жүргізушінің төзімділігін де сынайды. Дұрыс таңдалған автокөлік жүздеген шақырым жолдан кейінгі шаршау, шу мен жайсыздықты сездірмейді. Нарықта дәл тасжолға лайықталып жасалған модельдер бар. Олар жылдамдық пен жайлылықтың арасынан таңдау жасауға мәжбүрлемейді. Мұндай көліктерді сапардың соңғы нүктесін ғана емес, жолдың өзін де бағалайтындар таңдайды.

Алғашқысы – Skoda Superb. Екі литрлік турбоқозғалтқышы мен роботтандырылған беріліс қорабы бұл модельді тасжолға арналған ең үйлесімді нұсқалардың біріне айналдырады. Ішкі әрлеу сапалы материалдардан жасалған, орындықтары ыңғайлы, дыбыс оқшаулауы жоғары деңгейде. Бейімделетін круиз-бақылау жүйесі мен 70 литрге жуық жанармай багы мың шақырымға дейін тоқтаусыз жүруге мүмкіндік береді. Жоғарғы нұсқалары жайлылығы жағынан Audi A6 моделінен кем түспейді.

Toyota Camry XV70сенімділік пен жұмсақ жүрісті бағалайтындар үшін мінсіз таңдау. 2,5 литрлік атмосфералық қозғалтқышы мен классикалық автоматы берілістерді бірқалыпты ауыстырып, сенімді тарту күшін береді. Жайлылыққа бейімделген аспасы жолдағы кедергілерді жақсы сіңіреді, салонда тыныш әрі жайлы атмосфера қалыптасады.

Volvo XC60 шведтік ұзақ сапар философиясын көрсетеді. Дизельді немесе бензинді қозғалтқыштары артық шу шығармай, сенімді үдеу береді. Пневматикалық аспасы мен мұқият ойластырылған эргономикасы сапарды барынша жайлы етеді. Алдыңғы орындықтары өз класындағы ең үздіктердің қатарында.

Отбасылық немесе үлкен компаниямен сапарға Kia Carnival таптырмас нұсқа. 2,2 литрлік дизельді моторы мен сегіз сатылы автоматы үнемді әрі сенімді жұмыс істейді. Кең салонында үш қатар толыққанды орындық, USB қуаттау ұяшықтары, үстелшелер мен перделер қарастырылған. Жол үстінде бұл минивэн тыныш, дірілсіз әрі басқаруға жеңіл.

Бизнес-класс жайлылығы керек болса, Mercedes-Benz E-Class W213 ерекше көзге түседі. Салоны өте тыныш, әрлеуі жоғары деңгейде. Пневмоаспасы жол бедерін тегістеп, орындықтарды желдету, массаж функциясы, жолақта ұстау және шұғыл тежеу көмекшілері секілді жүйелер ұзақ сапарда үлкен артықшылық береді. Иелері тәулігіне 1000-1500 шақырым жүрсе де қатты шаршамайтынын айтады.

Тізімді Citroen C5 Aircross түйіндейді. Оның гидравликалық шектеуі бар фирмалық аспасы шұңқырлар мен ойлы-қырлы жолдарды өте жұмсақ еңсереді. Бұл әсіресе аймақтық трассалар үшін тиімді шешім. Алдыңғы орындықтары кең әрі жайлы, турбомоторы мен автомат қорабы үнемді қозғалыс ұсынады.

Бұл алты модельді біріктіретін басты қасиет – сапар соңында жүргізуші мен жолаушыны титықтатпайды. Тыныш салон, жұмсақ жүріс, ыңғайлы орындықтар мен заманауи қауіпсіздік жүйелері ұзақ жолды сынақ емес, жайлы етеді.