02.08.2025
18:11
333
Ұйқысыздық 170-тен астам аурудың даму қаупін арттырады

Ұйқысыздық 170-тен астам аурудың даму қаупін арттырады

Ұйқының сапасы мен режимінің бұзылуы 170-тен астам аурудың дамуымен тығыз байланысты. Бұл туралы Health Data Science журналында жарияланған UK Biobank деректеріне негізделген ірі зерттеуде айтылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ғалымдар 90 мыңға жуық адамның бірнеше жыл бойы жиналған объективті мәліметтерін талдаған. Зерттеу қатысушылары арнайы құрылғылар — акселерометрлер таққан. Олар адамның ұйқы ұзақтығын, ұйқының тұрақтылығын, түнгі оянулар жиілігін және күн сайынғы ұйқы режимінің өзгерісін тіркеп отырған. Бұл тәсіл сұхбат пен сауалнамаға негізделген бұрынғы зерттеулерге қарағанда анағұрлым дәл әрі сенімді нәтижелер берді.

Нақты деректер не көрсетті?

Зерттеу нәтижесі бойынша, ұйқының бұзылуы қант диабеті (II тип), Паркинсон ауруы, бауыр циррозы, гангрена және бүйрек жетіспеушілігі сияқты ауыр аурулардың даму қаупін екі есе немесе одан да жоғары деңгейге көтереді.

Мысалы, түнгі сағат 00:30-дан кейін ұйықтайтын адамдарда бауыр циррозының даму қаупі сағат 23:00 шамасында ұйықтайтындармен салыстырғанда 2,5 есе жоғары болған. Ал ұйқы режимінің жиі өзгеруі — гангрена қаупін екі еседен көп арттырған.

Ең қауіпті фактор — ұйқы ырғағының бұзылуы

Анықталған байланыстардың жартысына жуығы ұйқы ырғағының тұрақсыздығына — яғни күн сайынғы ұйықтау және ояну уақытының бірізді болмауына қатысты. Бұл фактор бұған дейін көп зерттелмеген еді, себебі алдыңғы ғылыми жұмыстар көбінесе қатысушылардың субъективті бағаларына сүйеніп келген.

Қосымша биохимиялық талдаулар ұйқының нашар болуы ағзадағы қабыну үдерістерін күшейтетінін көрсетті. Мұндай адамдарда қан құрамында лейкоциттер мен С-реактивті белок деңгейі жоғарылаған.

Ғалымдар не ұсынады?

Мамандар ұйқының ұзақтығымен қатар оның тұрақтылығы мен тәртібін сақтау — созылмалы аурулардың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын айтады. Түнгі тыныш әрі бірқалыпты ұйқы — денсаулық кепілі.

Айта кетейік, бұған дейін маусым айында жарық көрген бір зерттеу күні бойы 20 минуттық қысқа ұйқы ми жұмысына оң әсер етіп, креативті ойлауды жақсартатынын анықтаған.