22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алдыЕлордада жасанды интеллект көмегімен түсірілген қысқаметражды туындылардың Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық байқауы жарияланды.
Ұйымдастырушылар дүниежүзілік доданың шымылдығы түрілгенін айтып, ресми порталда өтінім қабылдауды бастап кетті. Бәске тігілген қаламақы көлемі - қомақты 1 миллион АҚШ доллары.
Заманауи технология мен шығармашылықты ұштастырған бұл жобаның егжей-тегжейін анықтадық.
Байқаудың биылғы негізгі тақырыбы - «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»). Жауапты шешім қабылдайтын қазылар алқасының басты талабы - ұсынылатын туындының басынан аяғына дейін тек жасанды интеллект желілері арқылы таспалануы. Яғни адам сипаттамасы (промпт) негізінде нейрожелі өз бетінше бейнебаян әзірлеп шығуы тиіс.
Режиссерлер бақ сынайтын екі негізгі бағыт белгіленді:
Басты тақырыптық бағыт: болашақ әлемнің бейнесін ерекше концепциямен суреттеу.
Ашық секция: Мұнда қатысушылар бес кәсіби номинация (үздік режиссура, визуалды тіл, үздік сюжет, ерекше идея және үздік кейіпкер) бойынша өзара бақ сынайды.
Байқау ережесіне сәйкес, үміткерлердің еңбегі 3 минуттан 10 минутқа дейінгі қысқаметражды шеңберді қамтуы шарт. Мамандардың пайымдауынша, 2,5 ай мерзім - сапалы дүние шығаруға әрі ойды жинақы жеткізуге ең қолайлы уақыт.
«The Future of Worlds Within» - бұл біз ертеңін көргіміз келетін бейнелер әлемі. Креаторлар бүгіннен бастап іске кірісе алады. Ой қорытып, туындыны таспалауға тура екі жарым ай уақыт беріледі, - деп атап өтті жоба авторы Айзатулла Хуссейн.
Қаржылық бәйге: жүлде қоры қалай үлестіріледі?
Халықаралық доданың бір миллион долларлық қаламақысы келесідей тәртіппен бөлінеді:
Басты тақырып бойынша:
Бас жүлде (Гран-при): 450 000 доллар;
ІІ орын: 200 000 доллар;
ІІІ орын: 100 000 доллар.
Ал ашық секцияның бес дербес номинациясы бойынша оқ бойы озық шыққан әр жеңімпазға 50 000 доллардан табысталады.
Мұндай қомақты қаржылай ынталандыру - отандық креативті индустрияның әлемдік аренада салмағын арттыруға септігін тигізбек. Ұйымдастырушы Алмас Жалидің айтуынша, бұған дейін мұндай ірі сыйақы тек Дубайдағы халықаралық форумда ғана тігілген. Алайда ол жақта бүкіл қаржы бір ғана авторға берілсе, Қазақстандағы дода бірнеше таланттың бағын ашуға мүмкіндік береді.
Ең маңыздысы - бұл қаражатқа мемлекет қазынасынан бірде-бір теңге жұмсалмаған. Ұйымдастыру алқасы қаржыны толықтай отандық және халықаралық жеке инвесторлар есебінен құраған. Ал мемлекеттік органдар шетелдік қонақтарды күту, логистика және инфрақұрылым жағынан ғана қолдау көрсетеді.
Іріктеу кезеңдері: маңызды мерзімдер
Жобаның уақыт кестесі нақты бекітілген:
25 мамыр – 15 тамыз: Өтінімдерді қабылдау кезеңі. Ниет білдірген кез келген үміткер aaiff.ai ресми порталы арқылы тіркеле алады.
15 тамыз – 15 қыркүйек: Қазылар алқасының сараптауы. Әлем бойынша түсетін мыңдаған жұмыстың ішінен ең үздік 30-40 туынды шорт-параққа іріктеліп алынады.
1 қазан: Астанадағы EXPO аумағында қорытынды іс-шаралардың басталуы. Іс-шара ауқымды Жасанды интеллект апталығымен (Astana AI Week) ұштасады.
3 қазан: Салтанатты марапаттау рәсімі және жеңімпаздар есімін жариялау.
Кәсіби студияның қажеті жоқ: үйде отырып бақ сынау мүмкіндігі
Байқаудың басты ерекшелігі - қолжетімділігінде. Бүгінде кәсіби камера, қымбат жарық құрылғылары немесе үлкен түсірілім тобы жоқ таланттардың өзі тек интеллектуалды әлеуеті мен идеясы арқылы миллиардтар нарығына жол тарта алады.
Қатысу тәртібі қарапайым:
Ескерту: Егер туынды YouTube-ке жүктелсе, сипаттама бөліміне міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесін, автордың аты-жөнін және #SpecialForAAIFF хэштегін жазу қажет.
Канн деңгейіндегі амбиция
Қазақстанның бұл қадамы - әлемдік үрдісті уақытында аңғарудан туған стратегиялық шешім. Классикалық кинофестивальдер форматында Канн немесе Венеция сынды алпауыттармен бәсекелесу қиын екені даусыз. Алайда жасанды интеллект кинематографиясы - әлі ешкім еншілемеген, дәстүрі қалыптаспаған жаңа соқпақ.
Қазірден бастап осы көштің басында тұру - елімізді алдағы 5-6 жылда цифрлық өнердің жаһандық орталығына айналдыруға жасалған үлкен қадам.
Авторы: Қаламқас Нысанбай
22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова30 Сәуір, 23:45
Өзбек боксшыларының осал тұсын таптым І Түнгі 10-да ұйықтап қаламын – боксшы Темірлан Мұқатаев