«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?

«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

«Отыр» десеңіз, отырады, «тұр» десеңіз, тұрады, ал «ұял» дегенде бір аяғымен бетін басып, ұялған кейіп танытады. Бес жасар Челси – қазақша да, орысша да айтылған түрлі бұйрықты түсініп, орындайтын лабрадор. Оның иесі, жетісайлық Камаладин Абдуллаев алғашында Челсиді өзіне серік етіп, түрлі бұйрықтарды үйрете бастаған. Кейін бұл қызығушылығы кәсіпке ұласып, бүгінде ол өзге иттерге де қазақша бұйрықтарды үйретіп жүр. El.kz тілшісі Камаладинмен Челсидің ерекше қабілеті, итті қазақша үйретудің жолдары және ит тәрбиелеудің қыр-сыры туралы әңгімелесті.

Челси есімі әкесімен байланысты

25 жастағы Камаладин Абдуллаев – Жетісай қаласының тумасы. Мамандығы бойынша заңгер. Ит үйретумен айналысып жүргеніне екі жылдан асқан.

Челси олардың үйіне 2021 жылы келген. Сол жылы Камаладиннің әкесі өмірден өтіп, ол інісіне жұбаныш әрі серік болсын деп күшікті Шымкенттен Жетісайға алып келеді. Алайда бір айдан кейін інісінің қызығушылығы басылып, Челси Камаладиннің қарауында қалады. Иттің Челси атануының да өзіндік тарихы бар.

Әкем өмірден өтпей тұрып үйімізге кішкентай мысық алып келген еді. Оның атын Челси деп өзі қойған. Кейін күшік таңдауға барғанда алдымызда бірнеше ит болды. Солардың арасынан көзі көкшіл, мұрны қызғылт осы күшікті байқадым. Әкемнің де көзі көк еді. Оның үстіне әкемнің сүйікті футбол командасы да «Челси» болатын. Сөйтіп, күшіктің атын Челси деп қойдым, – дейді Камаладин.

Алғашқы уақытта Челси аулада қамауда жүрген. Кейде оны босатып, кейін қайта қамап қоятын. Ит екі жасқа толғанда Камаладин оны қасына алып, күн сайын серуендетіп, түрлі бұйрықтарды үйрете бастаған.

Үнемі қамауда отырғанына жаным ашыды. «Босқа жата бергенше, үйретіп көрейін» деп қасыма алдым. Күн сайын сағаттап серуендейтінбіз. Жетісайды түгелдей дерлік жаяу аралап шыққан шығармыз. Түрлі бұйрықтарды үйретіп, бірте-бірте өзіме жақын дос ретінде қабылдай бастадым, – дейді ол.

Ол кезде Камаладиннің Челсимен арнайы видео түсіру немесе оны әлеуметтік желі арқылы танымал ету ойында болмаған. Барлығы күнделікті серуен мен жаттығудан басталған.

Фото: Камаладин Абдуллаевтың жеке мұрағатынан

Челси қазақ тілін екі айда меңгерген

Алғашында Камаладин Челсиге бұйрықтарды орыс тілінде үйреткен. Ит түрлі сөздерді меңгергеннен кейін екеуі TikTok-та тікелей эфирге шыға бастайды. Сонда көрермен Камаладиннің қазақша сөйлейтінін байқап, Челсиге де қазақша бұйрықтарды үйретуді ұсынған.

Көрермен «Неге итті қазақша үйретпеске?» деп жазды. Содан кейін тікелей эфир кезінде қазақша бұйрықтарды үйрете бастадым. Оларды меңгеруіне шамамен екі ай уақыт кетті, – дейді Камаладин.

Қазір Челси екі тілде айтылған бұйрықтарды қатар түсінеді. Мәселен, иесі қазақша «жат», «үр», «кел» десе де, орысша «лежать», «голос», «иди ко мне» десе де, тиісті әрекетті орындайды. Камаладиннің сөзінше, Челси қарапайым бұйрықтармен шектелмей, қазақ тіліндегі күрделірек сөздерді де түсінеді.

Ит нақты айтылған сөзді түсінеді. Әрине, кейбір күрделі бұйрықтарды орындағанда адамның қимылы мен дауыс ырғағына да мән береді, – дейді ол.

Бір айда онға жуық бұйрық үйретуге болады

Челсидің түрлі бұйрықты орындағанын әлеуметтік желіден көргендер Камаладинге өз иттерін де үйрету туралы өтініш айта бастаған. Осылайша ол 2023 жылдың соңында өзге адамдардың иттерін жаттықтыруға кіріскен.

Камаладин осы уақытқа дейін шамамен 20-30 итпен жұмыс істегенін айтады. Қазір екі итке қазақша бұйрықтарды үйретіп жүр.

Итті үйрету ең алдымен оның өз атын танып, шақырған кезде назар аударуынан басталады. Одан кейін «отыр», «жат» секілді негізгі бұйрықтарға көшеді.

Бір айдың ішінде итке онға жуық бұйрықты немесе сөзді түсінетіндей деңгейде үйрете аламын. Бірақ оның жасы мен тұқымы маңызды. Күшіктер бұйрықты жылдам меңгереді. Жас кезінен үйренген дағдылары өмір бойы сақталуы мүмкін. Ал ересек иттердің мінезі мен күнделікті әдеттері қалыптасып қойғандықтан, оларды үйрету қиындау, – дейді Камаладин.

Оның айтуынша, иттің тұқымы да үйрену жылдамдығына әсер етеді. Кейбір тұқымдар жаңа бұйрықты тез меңгерсе, енді біріне көбірек уақыт қажет.

Иесі итін Камаладинге бір айға қалдырады. Осы уақыт ішінде ол жануармен күнделікті жұмыс істеп, қажетті бұйрықтарды меңгертеді. Жаттығу аяқталған соң ит иесіне оны әрі қарай қалай жаттықтыру керегін түсіндіріп, үйренген бұйрықтарды қалай орындатуға болатынын көрсетеді.

Итті қазақша үйрету қанша тұрады?

Камаладиннің айтуынша, итін арнайы қазақша үйреткісі келетіндер көп. Қызмет құны жануардың жасына, салмағына және қандай мақсатта үйретілетініне байланысты өзгереді.

Бір айлық жаттығу құны кемінде 200 мың теңгеден басталады. Оның ішінде итті үй жағдайында тәртіпті ұстау және онға жуық бұйрықты үйрету қарастырылған. Ал итті аңшылыққа дайындау қызметі 300 мың теңге тұрады. Бір жастан асқан, салмағы үлкен иттермен жұмыс істеу қымбатырақ, ал күшіктерді үйрету арзанырақ, – дейді ол.

Камаладин итті белгілі бір бұйрықтарға үйреткеннен кейін жұмысты иесі жалғастыруы керек екенін айтады. Сондықтан бір айлық жаттығу аяқталғанда, иттің иесіне онымен әрі қарай қалай жұмыс істеу керегін де көрсетеді.

Фото: Камаладин Абдуллаевтың жеке мұрағатынан

Челсидің «сәлем салған» видеосы көпшіліктің назарын аударды

Челсимен түсірілген видеолар алғаш TikTok-та жарияланып, кейін Instagram-да да тарала бастаған. Қазір Камаладиннің TikTok-та 127 мыңнан, Instagram-да 139 мыңнан астам оқырманы бар.

Челсиді көпшілікке танытқан видеолардың бірі – оның «ұялған» сәті. Видеода Челси иесінің бірнеше бұйрығын бірінен соң бірін орындайды.

Камаладин мұншалықты үлкен аудитория жиналады деп күтпегенін айтады.

Бір жылдың ішінде 100 мыңға жуық оқырман жинадық. Бірақ үлкен табыс тауып отырмын деп айта алмаймын. Instagram бізге ақша төлемейді, жарнама да көп емес. Негізінен өз өнімдерімді сату арқылы пайда табамын, – дейді ол.

Оның сөзінше, қазақ тілінде ит үйретуге арналған контент жарнама нарығында әзірге жеткілікті бағаланбайды. Камаладин жарнама берушілердің көбіне Астана мен Алматыда орыс тілінде контент жасайтын парақшаларға жүгінетінін айтады.

Даладағы күшіктерді тауып, өз сүтін берген

Камаладин Челсидің ақылдылығымен қатар, оның басқа жануарларға деген жанашырлығын ерекше қасиеті деп санайды. Айтуынша, өзі асырап алған кейбір дала күшіктерін де Челси тауып берген.

Осындай оқиғалардың бірі Челси алғаш күшіктеген кезде болған. Күшіктерінің туғанына бір апта өткенде Камаладин оны серуендеуге алып шығады. Сонда Челси далада қалған кішкентай күшіктерді байқап қалған.

Оларды біреу тастап кеткен болуы мүмкін. Әлі анасының сүтінен шықпаған, емізулі күшіктер еді. Челси олардың қасына барып, жанашырлық танытып, өз сүтін берді. Оның ең керемет қасиеті – осындай қамқорлығы, – дейді Камаладин.

Челси осы уақытқа дейін екі рет күшіктеген. Иесі оны жуас, мейірімді, ақылды әрі еркелегенді жақсы көретін ит деп сипаттайды.

«Итті ұрып, қорқытып тәрбиелеуге болмайды»

Челси – Камаладиннің алғашқы иті. Сондықтан ол төрт аяқты досын тәрбиелеу барысында өзінің де біраз қателік жібергенін жасырмайды.

Бастапқыда итпен қалай жұмыс істеу керегін білмеген Камаладин қажетті ақпаратты өз бетінше іздей бастаған. YouTube пен Google-дағы материалдарды қарап, кейін иттердің мінез-құлқы мен психологиясын зерттеген.

Кезінде Челсиге көп ұрысқан кезім болды. Өйткені итпен қалай тіл табысу керегін білмедім. Кейін итті шектен тыс еркелетуге де, тым қатал ұстауға да болмайтынын түсіндім. Үнемі ұрып, қорқытып тәрбиелесеңіз, ит сізден жасқанып жүреді. Егер ол дұрыс емес әрекет жасаса, ұрып-ұрыспай-ақ, дұрыс тәсілмен тыю керек, – дейді ол.

Камаладиннің айтуынша, жануарды тәрбиелеуде қаталдық пен қорқытуға емес, дұрыс қарым-қатынас пен жүйелі жаттығуға мән берген жөн. 

Челсиге екі миллион теңге ұсынған

Әлеуметтік желіде танымал болғаннан кейін Челсиді сатып алғысы келгендер де табылған. Камаладиннің айтуынша, оған ұсынылған ең жоғары баға – 2 миллион теңге. Алайда иесі Челсиді сатпаған.

Қазір Камаладин ит үйрету ісін әрі қарай дамытқысы келеді. Оның алға қойған мақсаты тек иттерге түрлі бұйрықтарды үйретумен шектелмейді. Ол қоғамның үй жануарлары мен көшедегі иттерге деген көзқарасы өзгергенін қалайды.

Жетісайда Челсимен еркін серуендеп жүргенде кейбір адамдар «Итіңді алып кетпейсің бе? Неге жетектеп жүрсің?» деп жақтырмай сөйлейді. Сондықтан адамдарға иттерге қалай дұрыс қарау керегін түсіндіргім келеді. Қоғамның көшедегі және жалпы барлық итке деген көзқарасы өзгерсе деймін, – дейді Камаладин Абдуллаев.

Бір кездері інісіне серік болсын деп үйге әкелінген Челси бүгінде Камаладиннің өмірінің бір бөлігіне айналған. Оған деген қамқорлықтан басталған қызығушылық уақыт өте кәсіпке ұласып, бүгінде Камаладин өз тәжірибесін өзге иттерді қазақша бұйрықтарға үйретуге қолданып жүр.

Оқи отырыңыз

{