«Үй салса, мектебін де салсын»: депутат құрылыс компанияларына талап қоюды ұсынды

«Үй салса, мектебін де салсын»: депутат құрылыс компанияларына талап қоюды ұсынды

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда тұрғын үй салатын құрылыс компанияларына әлеуметтік нысандарды қатар тұрғызу міндетін жүктеу қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаты El.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Депутаттың сөзінше, білім саласында атқарылған жұмыстармен қатар, әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Соның ішінде балаларға жасалатын жағдай мен білім мазмұнына ерекше көңіл бөлу қажет.

Шынымды айтатын болсам, білім саласында істелгенінен істелетіні көп. Білім мазмұнын жетілдіру, балаларға жағдай жасау жағынан әлі де көптеген шара атқару қажет, – деді депутат.

Ол әсіресе халық саны қарқынды өсіп жатқан аудандардағы мектеп тапшылығына назар аударды. Депутат мысал ретінде өзі барған аудандағы мектептердің біріндегі жағдайды келтірді.

Мына отырған ауданымызда мектеп 2 мың балаға есептеліп салынған. Қазір төрт жылдың ішінде оқушылар саны 6,5 мыңға дейін жеткен, – деді ол.

Фото: Диана Орынбасар 

Осыған байланысты депутат жаңа тұрғын үйлердің құрылысымен бірге әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесін де қатар қарастыру керек деп есептейді. Оның пікірінше, құрылыс компанияларына мектеп, балабақша мен емхана салуға қатысты нақты міндет жүктелуі қажет.

Кәсіпкерлер мен құрылыс компаниялары тұрғын үй салған кезде міндетті түрде әлеуметтік нысандарды да бірге салуға тиіс. Жер телімі бөлінген кезде осы талап ескерілуі керек. Мысалы, екі мың адам тұратын үй салынса, соған сәйкес емхана, мектеп немесе балабақша салу міндетін құрылыс компаниялары өз мойнына алса, дұрыс болар еді, – деді депутат.

Бұдан бөлек, ол оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету және оқу құралдарының сапасына қатысты мәселелерге де назар аудару керегін айтты.

Балалардың оқулықтармен қамтылуына және олардың сапасына да назар аудару қажет. Мен өзім қырық жыл еңбек еткен педагогпын. Сондықтан бұл мәселелерді жақсы білемін, – деді ол.

Осылайша депутат жаңа тұрғын аудандарын дамыту кезінде тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымның қатар жүруі маңызды екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз

{