Спорт

Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр

02.06.2026 18:20
Айзат Айдарқызы
Фото: meta-ratings.kz

Михаил Шайдоровтың жалақыға қатысты жазбасынан кейін ұлттық спортта төңкеріс басталғандай. Спортшылар бірінен соң бірі жалақы мәселесіне қатысты мәлімдеме жасап жатыр. Осы жолы ушу-саньда спортынан халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген Нұрсұлтан Тұрсынқұлов ағынан жарылды. Оның айтуынша, Жетісу облысы оған бес айдан бері стипендия төлемеген.

Жетісу облысы маған cтипендия төлемеді, жаттығатын киім беріп, витаминдер мен жаттығу жиындарын қаржыландырмады. Жетісу облысы Әлем чемпионатынан келгенде тренерім екеумізді шақырып, керемет сыйлығы барын айтқан-ды. Алайда соның бірін де бермеді. Тараз қаласынан ұсыныс түскен. Бірақ беріге дейін облыстағы спорт басқармасы басқа облысқа тіркелуіме кедергі болды. Соңында Федерация президенті Гаджи Гаджиевтің араласуымен Тараз қаласының құрама командасына ауыстым, – деді спортшы. 

Иә, спортшының заңды өкілі Абай Мәжитов осы туралы Threads-та жазба жариялағанымен, белгілі адамдардың уәдесінен кейін жазбаны алып тастайды. Сіздерге сол жазбадан бірнеше скриншот ұсынамыз. 

фото: Threads желісінен скриншот

«Алматы облысы құрамасында тіркелген жоқ»

Мұндай шу шыққан соң, Алматы мен Жетісу облысының спорт басқармасына қоңырау шалып, мән-жайды сұрадық. 

Спортшымыз Нұрсұлтан Тұрсынқұловқа Жетісу облысы тарапынан төленетін стипендия 2025 жылы тоқтатылды. Нұрсұлтан Тұрсынқұлов – 2022-2026 жылдары аралығында Жетісу облысының құрамасында болды. Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы 2025 жылға арналған жазғы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының құрамын бекіту туралы бұйрығына сәйкес, Нұрсұлтан Тұрсынқұлов Алматы облысының құрама командасына тіркелді. 
2025 жылы Нұрсұлтан Тұрсынқұлов Алматы облысының құрама командасында тіркелуіне байланысты ақшалай жабдықталым төлемдері Жетісу облысында тоқтатылды.
2026 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облысы құрамасы командасына ауысты, – деп жауап берді Жетісу облысының спорт басқармасы.

Қызығы сол, Жетісу облысының спорт басқармасы Нұрсұлтан Тұрсынқұловтың 2025 жылы Алматы облысына тіркелгенін айтқанымен, аталған облыс мұны жоққа шығарды. 

Бұл спортшы 2025 жылы «Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының» ММ «Алматы облысының спортты дамыту дирекциясы« КММ атынан өнер көрсеткен жоқ, – деді Алматы облысының спортты дамыту дирекциясының маманы Алуа Оспанжан. 

Жауапты екі қайтара тексеруін өтіндік. Екеуінде де Нұрсұлтан Тұрсынқұловтың Алматы облысының намысын қорғамағанын айтты. Сонда қай облыстың спорт басқармасы өтірік айтып тұр?

фото: Threads желісінен скриншот

«Басқа облыс атынан шығуыма тосқауыл болды»

Мен Алматы облысының атынан ешқашан жарысқа шықпадым. 2022 жылы Ушу спорты Жетісу облысында ашылды. 2023 жылдан бері осы облыстың атынан өнер көрсетемін. Маған тек 2024 жылы 8 ай стипендия төледі. 2025 жылы мамыр айында Әлем кубогына қатыстым. Өзім спонсор іздеп, витаминдерімді сатып алып, бақ сынадым. Бірнеше айдан соң Бразилиядағы әлем біріншілігінде алтын жүлде алдым. Жеңіске жетуіме федерация президенті көп көмектесті. Осы жеңістен соң Жетісу облысы спорт басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Дауынбаев сыйақы беретінін, жағдайымды жасайтынын айтты. Бірақ өзі айтқандай бапкерім Мухидин Маюфиге айлық, маған сыйақымды берген жоқ. Биыл 26 сәуірге дейін басқа облысқа ауысуыма кедергі жасады, – деді спортшы Нұрсұлтан Тұрсынқұлов. 

Спортшының айтуынша, Қазақстан чемпионатында топ жарған спортшыға жергілікті жердегі басқарма тарапынан стипендия тағайындайды. Әуелде Тұрсынқұлов 2023 жылы Ақтөбедегі Қазақстан чемпионатында алтын алады. 2023 жылы Далластағы әлем чемпионатына барып, күміс жүлде еншілейді. Жетісу облысы спортшыға 200 мың теңге сыйақы береді. Кейіннен стипендия тағайындаймыз дегені әңгіме күйінде қалады. Нұрсұлтан 2023 жылы берілуі тиіс стипендияны да даулап отыр. Өйткені аталған спорт басқармасы 2024 жылы 8 ай көлемінде стипендия төлеп, 2025 жылы стипендия бермеген. 2026 жылы сәуір айына дейін де стипендия алмағаны тағы бар.

2024 сәуір айынан бастап, 2025 жылға дейін стипендия төленді, – деді Жетісу облысы спорт басқармасы өкілі. 

Спортшы тиісті ақысын  жөнді төлемеген соң, Тараз құрама командасына ауысуға шешім шығарады. Оған қоса федерация президенті Гаджи Гаджиев спортшыға автокөлік пен ақшалай сый табыстағаны тағы бар. 

фото: Ушу мен кунг-фу федерациясы

Тараз қаласы Жетісу облысына үш рет сұрау салып, E-otinish арқылы облыс құрамынан шығаруға өтініш жібереді. Алайда облыс басқармасы үнсіз қалады. Ақыры Ушу мен кунг-фу  федерациясының президенті Гаджи Гаджиевке қоңырау шалып, сол кісінің көмегімен құрамадан кеттім. Спорт министрі де облыс, қала, аудандағы спортқа көңіл бөліп жатыр. Алайда жергілікті спорт басқармалары облыс әкімдігінен ары аса алмай отыр, – дейді спортшы Нұрсұлтан Тұрсынқұлов. 

Нұрсұлтан Тұрсынқұлов кім?

Нұрсұлтан Тұрсынқұлов – тәуелсіз Қазақстан тарихында ушу-саньда спортынан әлем чемпионатының алтынын алған алғашқы спортшы. Ол 2011 жылы осы спорт түріне келіп, жаттығуды бастайды. Алғашқы бапкері – Каранидин Николаев. 2013 жылы ел чемпионатына қатысып, әлем чемпионатына жолдама алғанымен, сол тұстағы бапкерлер оның жолын кеседі. 2014 жылдан бастап Қарағанды атынан өнер көрсетеді. Аталған жылы Азия ойындарына қатысып, қола медаль алады. 2016 жылы Тайпейде өткен Азия чемпионатында  күміс еншілейді. 2018 жылы Қызылорданың атынан жарысқа қатысады. Арасында Көкшетаудың да намысын қорғайды. 2021 жылы  бапкер Мухидин Маюфимен жолы түйісіп,  2023 жылдан бастап Жетісу облысына тіркеледі. Сол жылы Далласта өткен әлем чемпионатында күміс медаль алады. 2025 жылы мамырда әлем кубогында – күміс, қыркүйекте Бразилияда өткен Әлем чемпионатында алтын жүлде алады. 

Қазір жасым 35-ке келді. Салмағым – 110 келі. 2027 жылы Филиппинде өтетін Әлем чемпионатына қатысқым келеді. Иығымда жарақат бар, соған операция жасау керек. Бразилияда өткен әлем чемпионатына 96 елден спортшы келді. Алтын алғанымда арена орнынан тұрып, қол соқты. Қытай мен Оңтүстік Корея елінен ұсыныс түсті. Олар аталған елдердің намысын қорғауымды сұрады, – деді спортшы.  

фото: Gov.kz

2026 жылы 28 сәуірде Тараз сапына ауысқан спортшыны Мухидин Маюфи баптайды. Бапкерінен спортшы жайында сұрадық. 

Нұрсұлтан Тұрсынқұлов маған дейін де мықты спортшы болатын. Оны алғаш рет 2013 жылы көргенмін. Бұған дейін әлем чемпионатының күмісін еншілеген. Тек оған дисциплина қойып, өзіне сай тактика тауып беретін бапкер керек болды. Содан маған келіп, жаттықтыруымды сұрады. Бразилияда барын салып, алтын алып қайттық. «Жеңістің анасы көп, жеңіліс – жалғыз» екені рас. Оны Нұрсұлтанның мәлімдемесінен-ақ оқып-білдіңіз. Оның энергиясы көп. Тегіннен-тегін әлем чемпионы болмағанын тағы бір рет дәлелдейміз, – дейді бапкері.

Сондай-ақ бапкер еліміздегі ушу спортының аяқ алысына тоқталды.   

Ушу – Олимпиадалық спорт түрі емес, бірақ Азия ойындарында бар. Спорт министрлігінің бекіткеніндей, приоритеті жоғары спорт түрі. Бірақ жергілікті жерлерде дұрыс көңіл бөлмей жатады. Бұдан еліміздің түпкір-түпкірінде жаттығып жүрген балалар зардап шегіп жатыр. Қазір Қытай елі осы спортты Олимпиада ойындарының құрамына енгізуге барын салып жатыр. Сондықтан елімізде де жағдай түзелсе деп ойлаймын, – дейді Тұрсынқұловтың бапкері Мухидин Маюфи. 

Оқи отырыңыз