Кеше, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдарТокио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев біраз уақыттан бері үлкен рингтен көрінбей жүр. Париж Олимпиадасынан кейін оның мансабына қатысты түрлі әңгіме айтылды. Алайда боксшы қолғапты біржола шешкен жоқ. Лайықты ұсыныс түссе, кәсіпқой рингке қайта оралуға да, қажет болса ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауға да дайын екенін айтады.
El.sport YouTube арнасына берген сұхбатында Қоңқабаев өзбекстандық Олимпиада чемпионы Баходир Жалоловпен кәсіпқой бокста кездесу мүмкіндігі, ұлттық құрамадағы бәсеке, Айбек Оралбайдың әлеуеті, Мырзағали Айтжановтың бапкерлік қыры, Данияр Елеусіновпен арадағы қарым-қатынасы және өзінің алдағы жоспары туралы әңгімеледі.
– Қамшыбек, Париж Олимпиадасынан кейін жанкүйерлер сізді рингтен көрмей кетті. Ұзақ жыл көпшіліктің назарында жүрген спортшы үшін мұндай үзіліс қиын болған жоқ па?
– «Көзден таса қалдым» деп айта алмаймын. Кейін де боксқа қатысты ұсыныстар болды. Мысалы, Астанада IBA ұйымдастырған турнирге шақырды. Бірақ сол кезде атқарып жүрген қызметіме байланысты қатысудан бас тарттым. Мүдделер қақтығысы болуы мүмкін деп ойладым.
Жалпы, ұлттық құрамаға көмегім қажет болса, әрқашан дайынмын. Керек болса, жұмысымды уақытша тоқтатып, ел намысы үшін қайта қолғап киюге де әзірмін.
– Демек, мансабыңызға әлі нүкте қойылған жоқ қой?
– Жоқ. Әзірге нақты әрі ресми ұсыныстар көп болған жоқ. Астанадағы IBA турниріне қатысты ұсыныс түсті, бірақ келіссөз ары қарай жалғасқан жоқ. Болашақта көңілге қонымды ұсыныс болса, міндетті түрде қарастырамын.
– Баходир Жалоловпен кәсіпқой рингте қайта кездесуге қалай қарайсыз?
– Баходирмен жекпе-жек әрқашан қызық. Бір-бірімізді жақсы білеміз, бірнеше рет кездестік. Мен де оны жеңдім, ол да менен басым түскен кездер болды. Сондықтан біздің жекпе-жек жанкүйерлерге де қызық болар еді.
Кәсіпқой бокста екі тарапқа да тиімді ұсыныс түссе, онымен жұдырықтасуға дайынмын. Бірақ мұндай кездесуді өткізу үшін екі боксшының қалауынан бөлек, промоутерлер мен командалардың да келісімі қажет.
– Жалоловтың өзі мұндай жекпе-жекке келіседі деп ойлайсыз ба?
– Оны нақты айта алмаймын. Оның өз командасы, өз жоспары бар. Кәсіпқой бокста алдына қойған мақсаты да бөлек.
Біздің бұрынғы жекпе-жектеріміздің бәрі тартысты өтті. Сондықтан мұндай кездесуге екі тарап та жан-жақты қарайтыны түсінікті. Егер ертең бір салмақта, бір титул үшін таласатын жағдай туса, неге кездеспеске?
– Кезінде Жалоловты жеңдіңіз. Қазір қайта шықсаңыз, сол нәтижені қайталай аласыз ба?
– Бокста әр жекпе-жек бөлек. Бұрынғы жеңіске немесе жеңіліске қарап келесі кездесудің нәтижесін айту қиын. Бірақ мен онымен кез келген уақытта жұдырықтасуға дайынмын. Тек толыққанды дайындалуға уақыт берілуі керек.
Кәсіпқой бокс әуесқой бокстан бөлек. Раунд саны көп, тактикасы басқа, төзімділік пен соққы күші маңызды. Сондықтан мұндай жекпе-жекке арнайы дайындық қажет.
– Қанша уақыт жеткілікті?
– Кемінде екі-үш ай. Бүгін ұсыныс жасап, бір айдан кейін рингке шығарса, дұрыс болмайды. Толыққанды дайындық керек.
Ал жекпе-жектің қайда өтетіні мен үшін аса маңызды емес. Ташкентте де, Астанада да, басқа елде де жұдырықтасуға болады. Бастысы – екі тарапқа бірдей жағдай жасалып, бәрі әділ ұйымдастырылса болды.
– Жалоловтың басты артықшылығы неде?
– Ол – табиғи аса ауыр салмақтағы боксшы. Бойы ұзын, қолының құлашы кең, дене бітімі де осы салмаққа сай. Ең бастысы, осы артықшылықтарын дұрыс пайдаланады. Арақашықтықты жақсы ұстайды, рингте еркін қозғалады, соққысы да ауыр.
Мен кәсіпқой бокста крузервейтке түсу үшін салмақ тастауым керек. Ал Баходир аса ауыр салмақта өзін еркін сезінеді. Бұл – оның табиғи артықшылығы.
Дегенмен жеңілмейтін боксшы болмайды. Әр спортшының осал тұсы бар. Дұрыс дайындық пен сауатты тактика болса, кез келген қарсыласпен тең дәрежеде жұдырықтасуға болады.
– Сіздер рингте талай рет қарсылас болдыңыздар. Ал өмірде қарым-қатынастарыңыз қандай?
– Біз тек рингте қарсыласпыз. Сол жерде әрқайсымыз өз еліміздің намысын қорғаймыз. Ал рингтен түскеннен кейін бір-бірімізді сыйлаймыз.
Баходир – көрші елдің азаматы, мұсылман бауырымыз. Өзбекстанға барғанда олар мені қонақ қылды. Қазақстанға келгенде мен де қазақы дәстүрмен шапан жаптым.
Мен қарсыласқа кек сақтамаймын. Басқа жарыстарда кездескенде бірге отырып әңгімелесеміз, күлеміз. Бірақ рингке шыққанда достықты ұмыту керек. Сол сәтте жеңіске жету үшін барыңды саласың. Жекпе-жек аяқталған соң қайтадан сыйластық жалғасады.
– Кей мамандар қазақ боксшыларына рингтегі агрессия, өжеттік жетіспейді деп жатады. Келісесіз бе?
– Белгілі бір деңгейде жаны бар пікір. Рингтен тыс жерде қарсыласыңмен дос болып, күліп жүруге болады. Бірақ жекпе-жек басталғанда оның кім екеніне, қай елден келгеніне қарамау керек.
Рингке шықтың ба – мінез көрсетуің қажет. Бұған дейін бірге жаттықтың ба, доссың ба – бәрібір. Жеңіс үшін барыңды саласың. Ал рингтен шыққаннан кейін қайта амандасып, араласуға болады.
Бірақ біздің жігіттерде өжеттік мүлде жоқ деп айта алмаймын. Мұндай мінез жаттығуда қалыптасады. Жаттығуда бір-біріңді аяп жұмыс істесең, жарыста да сол әдет шығады. Сондықтан дайындықтың өзінде шынайы бәсеке болуы керек.
– Қазіргі аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбайдың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Айбектің аяқ алысы жақсы. Ол – әлем чемпионы. Демек, аса ауыр салмақта жоғары деңгейде жұдырықтаса алатынын дәлелдеді. Меніңше, Олимпиада алтынына да таласа алады.
Тек физикалық дайындығын әлі де жетілдіру қажет. Аса ауыр салмақта жай ғана салмақ қосу жеткіліксіз. Артық май емес, таза бұлшықет массасын көбейткен дұрыс. Өйткені күшпен бірге жылдамдық пен төзімділікті де сақтап қалу керек.
Айбектің аяғы жақсы жұмыс істейді, қозғалысы шапшаң. Осы қасиеттерін жоғалтпай, физикалық күшін арттыра алса, бұдан да жоғары нәтижеге жетеді.
– Ұлттық құрамадағы бәсеке қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Әр салмақта бірнеше мықты боксшы болғаны жақсы. Жастарға да мүмкіндік беру қажет. Көпшілік әлі тани қоймаған спортшыны халықаралық жарысқа апармай, оның шын деңгейін біле алмайсың.
Бір турнирге бір боксшыны, келесісіне екіншісін апарып, екеуін де сынап көру керек. Сонда нәтиже өзі-ақ кімнің мықты екенін көрсетеді. Құраманың ішінде бәсеке болған жерде спортшы да үнемі өзін дамытуға мәжбүр болады.
– Мырзағали Айтжановпен ұзақ жыл жұмыс істедіңіз. Оның бапкер ретіндегі ерекшелігі неде?
– Мырзағали ағаймен 2016 жылдан бастап жұмыс істедім. 2017 жылғы әлем чемпионатына дайындық кезінде мені жеке дайындады. Маған сенім білдіріп, жауапкершілікті өз мойнына алды. Сол сенімнің арқасында жақсы нәтиже көрсете алдым.
Оның бір ерекшелігі – спортшыға сенім бере біледі. Кейде боксшыға жаттығудан бөлек, психологиялық қолдау да қажет. Бапкердің саған сенетінін сезіну үлкен күш береді.
«Аса ауыр салмақта тәжірибесі жоқ» деген пікірмен келіспеймін. Жақсы бапкер спортшының салмағына емес, оның мүмкіндігіне қарай жұмыс істей білуі керек.
– Ал «өз шәкірттерін құрамаға көбірек тартады» деген сынға не дейсіз?
– Ондай әңгіме әрқашан болады. Бірақ бапкер жарысқа ең мықты спортшыны апаруға тырысады. Егер оның шәкірті бәсекеде жеңіп тұрса, оны неге апармасқа? Деңгейлес бірнеше боксшы болса, әртүрлі турнирде сынау керек. Соңғы сөзді нәтиже айтуы тиіс.
Мырзағали ағайдың тұсында Қайрат Ералиев, Біржан Жақыпов секілді мықты боксшылар болды. Олардың әрқайсысы жетістігіне өз еңбегімен жетті. Жалпы, спортшы мен бапкерге баға бергенде ең алдымен нәтижеге қарау керек.
– Данияр Елеусінов екеуіңіз ұлттық құрамаға шамалас уақытта келдіңіздер. Бірақ оның үлкен спорттағы жолы ертерек ашылды...
– Әр спортшының жұлдызды шағы әр кезде туады. Данияр боксқа бала кезінен келді. Әкесі Марат ағай оны жастайынан дайындады. Өзі де өте талантты болды.
Ал мен боксты 15-16 жасымда ғана бастадым. Ауыр салмақта болғандықтан, ол кезде лайықты қарсылас табудың өзі қиын еді.
Данияр Лондон Олимпиадасына қатысып, кейін Риода чемпион атанды. Менің үлкен нәтижелерім одан кейін келді. Бірақ оған өкінбеймін. Әркімнің өз жолы бар. Біреу биікке ерте шығады, біреу кешірек жетеді.
– Қазір Даниярмен араласып тұрасыз ба?
– Әрине. Қазір Америкада. Әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, жағдайымызды сұрасып тұрамыз.
Данияр – Олимпиада чемпионы, еліміздің мақтанышы. Кейінгі кезде оған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Бірақ мен оны жақсы адам, өте талантты боксшы ретінде білемін.
Әр адамның өмірінде қиын кезең болады. Бәрі уақыт өте реттеледі деп ойлаймын. Кәсіпқой бокста да әлеуеті өте жоғары. Әлем чемпионы болуға қабілеті жетеді. Сондықтан оған тек сәттілік тілеймін.
– Қызылордадан мықты боксшылар көп шықты. Соның бірі – Тасымбай Құлахмет. Жалпы, Сыр өңіріндегі бокс деңгейіне қатысты не айтар едіңіз?
– Тасымбай – әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы. Кезінде Исраил Мадримовты да жеңген өте мықты боксшы.
Біз бір ауданнанбыз, бір мектепте оқыдық. Ол менен бірнеше сынып төмен болды. Әкесі маған сабақ берген. Сондықтан оны туған інімдей көремін.
Оның әлеуеті өте жоғары еді. Олимпиадаға аз уақыт қалғанда кәсіпқой боксқа ауысты. Жалпы, Қызылордада қазір де талантты жастар бар. Бірақ жастар арасындағы жетістікті ересектер боксына алып өту оңай емес. Кей спортшы бірнеше жыл нәтиже шығара алмай, психологиялық тұрғыда шаршап қалады. Сондықтан талантпен бірге тұрақтылық та өте маңызды.
– Жас боксшылар сізден ақыл-кеңес сұрап тұра ма?
– Сұраған адамға білгенімді айтуға әрқашан дайынмын. Үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуді бала кезден көріп өстік. Жас спортшылар үйге келсе, сөйлесемін, тәжірибеммен бөлісемін.
Бірақ ешкімге өзім барып ақыл үйретуге тырыспаймын. Адам өзі сұраса, көрген-білгеніңді бөліскен дұрыс.
– Болашақта сізді комментатор немесе бокс сарапшысы ретінде көруіміз мүмкін бе?
– Қазір ондай нақты жоспарым жоқ. Бір істі бастасаң, оны жақсы деңгейде атқару керек.
Комментатор болу да оңай емес. Эфирде ойыңды қысқа әрі нақты жеткізу, жекпе-жекті дұрыс талдау қажет. Біреудің өнеріне баға бергенде де абай болуың керек.
Менің алдағы мақсатым сәл ауқымдырақ. Спортқа немесе басқа салаға пайдам тиетін үлкен жобаларға араласқым келеді. Сөйлей білу бір бөлек, ал кәсіби комментатор болу үшін арнайы тәжірибе қажет.
– Спорттық жолыңызға қарағанда орындалмай қалған арман немесе өкініш бар ма?
– Әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар. Алла әркімге өз несібесін, өз биігін береді. Сондықтан барға шүкіршілік ету керек. Мен мансабыма өкінбеймін. Үлкен жарыстарда жүлде алдым, кәсіпқой бокста да жетістіктерім болды. WBA Gold белбеуін иелендім, бірнеше жыл рейтингте тұрдым.
Әрине, спортшы болған соң биік мақсат әрқашан болады. Менің де бір тілегім бар. Спорттық жолымды әдемі аяқтағым келеді. Соңғы нүктені жақсы жеңіспен, елдің есінде қалатын жекпе-жекпен қойғым келеді. Ең бастысы – рингтен жеңімпаз болып кеткім келеді.
Кеше, 15:55
Аутизм диагнозы қойылған әлемге танымал адамдар13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?