Ұрланған көлікті қалай танып білуге болады? Сарапшы кеңесі

Ұрланған көлікті қалай танып білуге болады? Сарапшы кеңесі

Назерке Чакирбаева
Фото: Назерке Чакирбаева

Көлік сатып алғанда оның техникалық жағдайына ғана емес, құжаттарының заңдылығына да назар аудару қажет. Себебі сырттай еш күмән тудырмайтын автомобильдің іздеуде жүргені немесе сәйкестендіру нөмірінің өзгертілгені кейін анықталуы мүмкін. Мұндай жағдайға тап болмас үшін нені тексеру керек?

VIN-кодты тексеру неге маңызды?

Көлік нарығындағы алаяқтық тәсілдерінің бірі – ұрланған автомобильге басқа көліктің сәйкестендіру нөмірін (VIN) орнату. Мұндай жағдайда алаяқтар заңды тіркелген, ешқандай шектеуі жоқ автомобильдің VIN-кодын пайдаланады. Соның салдарынан дерекқор арқылы жүргізілген тексеру кезінде көліктің күмәнді тарихы анықталмауы мүмкін.

Сарапшы Валерий Сафонов сатып алушыларға электронды тексерумен шектелмеуге кеңес береді. Оның айтуынша, көлік шанағындағы VIN-кодты мұқият қарап шығу қажет.

Әсіресе мына белгілерге назар аударған жөн:

Осындай күмәнді белгілер байқалса, мәміле жасамас бұрын автомобильді мамандарға тексерткен дұрыс.

Көліктің тарихын қайдан білуге болады?

Автомобиль сатып алмас бұрын оның тіркеу деректерін ресми ақпараттық жүйелер арқылы тексеру маңызды.

Қазақстанда бұл үшін «ЦОН» мобильді қосымшасы мен электрондық үкіметтің eGov.kz порталындағы тиісті қызметтерді пайдалануға болады.

Тексеру барысында көліктің тіркелу тарихына, кепілде немесе тыйымда болуына қатысты мәліметтерге назар аудару қажет. Қажетті ақпараттың қолжетімділігі пайдаланылатын қызметке байланысты.

Алайда электрондық жүйелердегі мәліметтер көліктің заңды тарихына толық кепілдік бермейді. Әсіресе шетелден әкелінген автомобильді сатып алғанда қосымша тексеру жүргізген жөн.

Сатушыдан қандай құжаттарды сұрау керек?

Сарапшы көліктің техникалық паспортын тексерумен шектелмеуге шақырады. Автомобильдің бұрын кімге тиесілі болғанын және қазіргі сатушының оны қандай негізде иеленіп отырғанын анықтау маңызды. Сатушыдан бұрынғы сатып алу-сату шартын және көлікке меншік құқығын растайтын құжаттарды сұраған жөн.

Ал шетелден әкелінген автомобильге қатысты кедендік рәсімдеу құжаттарын, кәдеге жарату алымының төленгенін растайтын мәліметтерді және Қазақстанда алғаш тіркелгені туралы құжаттарды тексеру ұсынылады.

Құжаттардағы сәйкессіздік немесе сатушының қажетті мәліметтерді көрсетуден бас тартуы қосымша тексеруге негіз бола алады.

Көлікті қалай қауіпсіз рәсімдеуге болады?

Валерий Сафонов автомобильді сатып алу-сату мәмілесін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ресімдеуге кеңес береді. Көлікті тек сенімхат негізінде сатып алу меншік құқығын сатып алушыға автоматты түрде өткізбейді. Сондықтан ақшаны бермес бұрын автомобильдің заңды иесін анықтап, меншік құқығының тиісті тәртіппен ауысуын қамтамасыз ету қажет.

Мамандандырылған ХҚКО-да көлікті қайта тіркеу кезінде тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер тексеріледі. Алайда тіркеуден сәтті өту автомобильдің бұрынғы тарихына қатысты барлық тәуекел толық жойылды дегенді білдірмейді.

Арзан көлікке неге сақтықпен қарау керек?

Нарықтағы ұқсас автомобильдермен салыстырғанда бағасы айтарлықтай төмен көлік сатып алушының назарын аударуы мүмкін. Дегенмен мұндай ұсыныстың себебін анықтау маңызды. Сарапшының айтуынша, алаяқтар күмәнді автомобильді тезірек өткізу үшін бағасын әдейі төмендетуі мүмкін.

Сондай-ақ сатушы көліктің бұрынғы иелері туралы ақпарат бермесе, құжаттарын көрсетуден жалтарса немесе мәмілені тез аяқтауға асықтырса, сақ болған жөн.

Автосалоннан сатып алу да барлық тәуекелді автоматты түрде жоймайды. Сондықтан сатушының кім екеніне қарамастан, автомобильдің құжаттарын және құқықтық мәртебесін тексеру қажет. 

Біз бұған дейін еліміздегі автонесие алушылардың күрт артқаны және оның салдары туралы жазған едік. Толғырақ осы жерден оқыңыз.

Оқи отырыңыз

{