27.04.2026
12:00
201

«Университет бітірген әр үшінші түлек өз мамандығымен жұмыс істемейді». Депутат Мәжілісте дабыл қақты

Бүгін Парламент Мәжілісінде жоғары білімді кадрларды даярлау тақырыбына арналған Үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева еңбек нарығындағы кемшілікті атады. Білім саласына бөлінген қаржы мөлшері жыл сайын артса да, жүйедегі өзекті мәселелер шешімін таппай отырғанына тоқталды. 

— Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жоғары білім беру жүйесінің алдында бірқатар өзекті мәселе бар. Біріншіден, еңбек нарығының қажеттіліктерін ұзақ мерзімді болжаудың жоқтығы. Университет түлектерінің әрбір үшіншісі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Еңбек нарығындағы сұраныс мемлекеттік білім беру тапсырысы түзетілгеннен әлдеқайда жылдам өзгеріп жатыр, бұл бір мамандықтар бойынша артық даярлауға, ал басқалары бойынша тапшылыққа әкеледі, — деді Дания Еспаева Парламент Мәжілісінде.

Осы орайда ол жоғары білім беру жүйесі еңбек нарығының трансформациясына ілесе алмай отырғанын, ал түлектердің құзыреттері жұмыс берушілердің қазіргі талаптарына сәйкес келмей жатқанын айтты. Дания Еспаева білім беру жүйесіндегі өзекті төрт мәселені атап өтті. 

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 кәсіп немесе еңбек нарығының 44%-ы (шамамен 4 млн. адам) жасанды интеллекттің ықпалымен өзгеретін болады, 46 кәсіп (362 мың адам, 4%) қысқарады, ал 14 кәсіп (49 мың адам) мүлдем жоғалады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен экономика салаларының қиылысында жаңа мамандықтар қалыптасуда, оларға сұраныс алдағы жылдары өсе бастайды. Нәтижесінде жоғары білім беру жүйесі еңбек нарығының трансформациясына ілесе алмай отыр, ал түлектердің құзыреттері жұмыс берушілердің қазіргі талаптарына сәйкес келмейді, – деді ол. 

Оның айтуынша, жоғары білім беру жүйесіне демографиялық жүктеменің артуы себеп болып отыр. Туу көрсеткішінің тұрақты өсуі  жөніндегі болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай талапкерлер саны екі есеге өсіп, төрт жүз қырық мыңнан (440) асады. Бүгіннің өзінде жоғары оқу орындарының мұндай өсімге дайындығы мәселесі туындайды – бұл әрі материалдық-техникалық базаға, әрі білікті оқытушылармен қамтамасыз етілуіне қатысты. 

Үшіншіден, оқу жоспарларын жаңғырту жеткіліксіз – оқытушылардың оқыту тәсілдерін қайта қарастырып, заманауи технологиялар мен әдістерді меңгеруі қажет. Олардың ойлау жүйесінің трансформациясы жоғары білім беруді жаңартудың негізгі шарты болып табылады. Осыған байланысты профессорлық-оқытушылық құрамды жасанды интеллектті тиімді пайдалануға дайындау басты міндетке айналып отыр, – деді Еспаева. 

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасының орынбасары  жастардың инженерлік мамандықтарды таңдауға деген мотивациясының төмен екенін атап, мұны төртінші себеп ретінде көрсетті. Мемлекеттік білім беру тапсырысы мен шекті балл жыл сайын артқанымен, талапкерлердің бір бөлігі грант алу үшін ғана түсіп, болашағын инженерлік мамандықпен байланыстырмайды. Бұл жағдайда бөлінетін ресурстар сұранысқа ие инженерлік кадрлардың қалыптасуына әкелмейді, ал гранттарды бөлу жүйесінің өзі экономиканың басым салаларында түлектерді саналы түрде таңдауды және бекітуді ынталандырмайды. Кадрларды даярлау мәселесі бойынша аудит жүргізілді, ол осы саладағы бірқатар өткір жүйелік проблемаларды анықтады, олар туралы бүгін сіздерге Жоғары аудит палатасының
мүшесі хабарлайды.

Оның айтуынша, кейінгі бес жыл ішінде білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін артты. Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының саны артып келеді, биыл олардың саны 77 мыңды құрады (оның ішінде 18,8 мыңы – инженерлік бағыттар бойынша). Стипендия мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылып, бес жылда шамамен 2 есеге өсті.