15.05.2026
15:50
177
Жаңалықтар

⁠Underdog effect: неге әлсізге жақтасуға құмармыз?

Спортта, саясатта, тіпті күнделікті өмірде де адамдар көбіне фаворитке емес, әлсізге жанашырлық танытады. Күтпеген жерден жеңіске жеткен команданың атағы айға жетіп, ал алыптардың жеңілісі қызығырақ көрінеді. Психологияда бұл құбылыс «underdog effect» деп аталады.
 
Underdog – бәсекелесуге мүмкіндігі төмен, ресурсы аз, жеңіске жетуі екіталай деген мағына береді. Ал «underdog effect» – адамдардың әлсіз тарапқа жақтасып, жеңіске жетуін қалайтын құбылыс.
 
Зерттеулер көрсеткендей, адамдар ғажайыпқа, әділеттің орнайтынына, теңсіздікке қарсы тұруға болатынына сенгісі келеді. Сондықтан мүмкіндігі мен күші аз тарапты қолдауға бейім. Яғни, бұл тек эмоция не эмпатия емес, әлеуметтік теңсіздікпен байланысты психологиялық реакция.
– «Underdog effect» – терең биологиялық және эволюциялық механизм. Адамзат тарихында әлсіздерді қорғау – топтың өмір сүруіне көмектескен қасиет. Психологияда бізде жеңіске мүмкіндігі аз  адамды қолдауға бейсаналық бейімділік күшті. Себебі оның күтпеген жеңісі эмоциялық жағынан күштірек әсер етеді. Сонымен қатар, біз әлсіз адамның ішкі күйінен өзімізді көреміз. Егер ол жеңсе, түптің түбінде біз әлсіздігімізге қарамастан жеңіске жететінімізге үміт пайда болады, – дейді психолог Балабек Сақтағанов.
Ғылым не дейді?
 
2014 жылы Флорида университетінің ғалымдары Joseph A Vandello , Nadav P Goldschmied, David A R Richards зерттеу жүргізеді. Адамдарға әртүрлі жарыс  сценарийін береді. Нәтижесінде, қатысушылардың басым бөлігі ресурсы аз, бірақ күресіп жүрген тарапты таңдаған. Тіпті оның жеңу ықтималдығы төмен екенін біле тұра қолдаған. 
 
Ғалымдар мұны бірнеше фактормен түсіндіреді. Алдымен, адамдар табиғатынан әділдікке құмар. Бай мен кедей, күшті мен әлсіз арасындағы айырмашылық артқан сайын, әлсізді қолдауға бейім келеді. Екіншіден, эмпатия. Қиындық көріп жатқан адамға немесе командаға автоматты түрде жанкүйер болады. Үшіншіден, көпшілік өзін фаворит емес, күресіп жүрген тарапта жүргендей кейіп танытады. Психолог та мұндай эффект адамға ләззат сыйлайтынын айтады. 
– Иә, тіпті ағзада бірнеше гормон бөлінеді. Біріншіден – окситоцин, сіз оның жүріп өткен жолына, еңбегіне таңырқай қарайсыз. Екіншіден – дофамин, оның жеңісіне масаттанасыз. Зерттеулер көрсеткендей, «аутсайдердің» күтпеген жеңісі фавориттің жеңісімен салыстырғанда дофаминді әлдеқайда көп бөлдіреді. Үшіншіден – серотонин, бұл гормон көңіл-күйді реттейді. Яғни, әлсіздің жеңісііне жан-тәнімізбен қуанамыз. Бірақ  әлсіз адам моральдық тұрғыдан жағымсыз болса (алаяқ, агрессор), онда мұндай әсер болмайды – дейді психолог Балабек Сақтағанов. 
Спорттағы «underdog effect»
 
Көбінесе, осы құбылыс спортта жиі нәтиже береді. Атақты спортшы мен әлсіз қарсылас жолықса, немесе әлеуеті жоғары клубқа «белгісіз» қарсылас кезіксе, қолдай кетеміз. Бейсаналы түрде жанкүйер болып, кубок көтергенін елестететініміз бар. Санамызда әдемі ертегі құрастырып, соның орындалуын тілейміз. 
 
  • «Лестер Сити» 2016 жылы Англия чемпионы атанғанда ертегі шындыққа айналғандай әсер қалдырды. Алыптардың ортасында кішкентай команданың табысқа жетуі  бүкіл әлемді біріктірді.
  • Исландия құрамасы Euro 2016-да  кішкентай елдің үлкен сенсация жасай алатынын дәлелдеді.
  • Грекияның 2004 жылы Еуропа чемпионы атанғанын еске түсіріңізші. Мұндай чемпионды ешкім күткен жоқ. Финалда да жанкүйерлер жаңа есімге болысып, тілеуін тіледі.
  • 2018 жылы Әлем чемпионатында Хорватия құрамасы финалға дейін сондай жолды жүріп өтті. 
Маркетингтегі «сиқыр»
 
Underdog effect маркетингте де бар. Бұл эффекті тек спортта емес, брендтер де қолданады. Мысалы, шағын компаниялар өзін әлсіз болса да, үлкен компаниялармен күресе алатындай, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдегісі келетіндей көрсетеді. Стартап иелері де осы схеманы қолданып, өзінше образ жасайды. Себебі тұтынушы өзінше жәрдемдескісі келіп, әлсіздің аяқтан тұрып кетуіне көмектеседі. Блогерлер де біраз жыл «нөлден бастап, байып кеткенін» көрсетіп, аудитория жинады. Тіпті, Threads әлеуметтік желісінің танымал болып кетуіне де осы эффектің әсері бар. Өйткені мұнда адамдар өзінің шынайы оқиғасын айтып, халықтан демеп жіберуін сұрайды. Әзірге бұл үрдіс сәтті жүріп жатыр.