30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты«Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдау небәрі жеті сағатта тоқтады. Алайда алғашқы кезеңге үлгермей қалғандарға биыл тағы мүмкіндік берілуі мүмкін. Отбасы банк бағдарламаны қайта ашу үшін келесі қаржыны мерзімінен бұрын тартуды қарастырып жатыр.
31 тамызда «Ұмайға» өтінім беру сағат 09:00-де басталған. Арада жеті сағат өткенде, яғни 16:00-де бөлінген қаржының шегі толып, қабылдау жабылды. Енді банк Азия даму банкінен келетін келесі қаржы бөлігін жоспарланған мерзімнен бұрын тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Жалпы «Ұмай» мен «Жасыл ипотеканы» қаржыландыруға 90 млрд теңге тарту көзделген. Бірақ бұл соманың қаншасы «Ұмайға» берілетіні және өтінім қабылдау қай күні қайта басталатыны әзірге белгісіз. Банк жаңа қабылдау туралы алдын ала хабарламақ.
«Ұмайға» қатысу үшін қанша ақша керек?
Бағдарламаға ресми табысы бар, кейінгі алты айда зейнетақы жарналары аударылған жұмыс істейтін әйелдер қатыса алады. Айлық табыс 1,25 млн теңгеден аспауға тиіс. Ал тұрмыстағы әйелдердің төлем мүмкіндігін есептегенде отбасының ортақ табысы ескеріледі.
Бастапқы жарна Астана мен Алматыда – үй бағасының кемінде 20%-ы, қалған өңірлерде – 15%. Несие мөлшерлемесі – 14,8%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 16,3–16,8%.
Ақшаңыз депозитте болса, осы тұсқа назар аударыңыз
«Ұмайдың» көпшілік ескере бермейтін бір шарты бастапқы жарнаға қатысты. Бастапқы жарна банкке емес, пәтер сатушыға тікелей төленеді. Сондықтан оған жұмсайтын қаражат Отбасы банктегі депозитте тұрса, ақшаны несие беру туралы шешім шыққанға дейін шешіп алу керек. Шешім қабылданғаннан кейін депозит бойынша операция жасауға болмайды.
Бірақ жинақтың бәрін шешіп алу да тиімді бола бермейді. Банк мүмкіндік болса, депозитте қаражат қалдыруды ұсынады. Себебі жинақ бағалау көрсеткішіне және ай сайынғы төлемге әсер етеді. Сондай-ақ кейін мөлшерлемесі 5%-ға дейін төмендейтін тұрғын үй заемына ертерек ауысуға мүмкіндік береді. Яғни келесі қабылдауды күтіп жүргендер үшін бастапқы жарнаны жинау ғана емес, оның қайда сақталғаны да маңызды.
Ескі үйден пәтер алуға бола ма?
Ескі үйден пәтер алуға болады, бірақ оған кез келген үй жарамайды. Қайталама нарықтағы пәтер орналасқан үй 2016 жылдан ерте салынбауы керек. Ал жаңа үй алғысы келетіндер пайдалануға берілген тұрғын үйден пәтер таңдай алады. Құрылысы әлі аяқталмаған нысаннан да баспана алуға болады, бірақ оған Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі берілуі немесе тиісті сақтандыруы болуы қажет.
Сондай-ақ жаңа тұрғын үйлер Baspana Market платформасынан таңдалады. Баспанаңыз бар болса, «Ұмайдың» тағы бір мүмкіндігін пайдалануға болады. Аталған бағдарламада үйді жөндеуге 15 млн теңгеге дейін бөлек қарыз қарастырылған.
Жеті сағатта жабылған қабылдауға қалай дайындалған дұрыс?
Алғашқы қабылдаудың бір жұмыс күніне де жетпегенін ескерсек, келесі кезең ашылған күні ғана құжат жинауға кірісу қолайсыз болуы мүмкін. Сондықтан «Ұмайды» күтіп жүргендер мына үш нәрсені – кейінгі алты айдағы зейнетақы жарналары толық аударылған ба, бастапқы жарна жеткілікті ме және алғысы келетін пәтер бағдарлама талабына сай ма қазірден тексеріп қойғаны жөн.
Ал өтінімді дәл қазір беруге болмайды. Жаңа қабылдаудың күні де, оған қанша қаржы бөлінетіні де әлі жарияланған жоқ. Дегенмен 31 тамызда үлгермей қалғандар үшін маңыздысы – мүмкіндік әлі бар. Отбасы банк «Ұмайдың» келесі кезеңіне қажет қаржыны мерзімінен бұрын тарту мәселесін қарастырып жатыр.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды