Қазақстандық жас инженер Санжар Тайжан жетекшілік ететін жоба Ұлыбритания Үкіметінің қолдауына ие болды.
Жоба не жайлы?
Санжар Тайжанның TaiSan компаниясы DRIVE35 бағдарламасы аясында шамамен 1 миллион фунт көлемінде грант ұтып алды. Бұл бастама – нөлдік эмиссиялы көліктерді дамытуға бағытталған ауқымды мемлекеттік инвестицияның бір бөлігі.
Жоба электролиттер мен аккумулятор ұяшықтарын өндіруді автоматтандыруға бағытталған. Ол Centre for Process Innovation (CPI) ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – энергия сақтау технологияларын өндірісте кең көлемде қолдану, яғни тиімділік пен сапаны арттырып, өндірісті масштабтау.
Аталған бастама Ұлыбританияның Бизнес және сауда департаменті, Advanced Propulsion Centre UK және Innovate UK ұйымдарының қолдауымен іске асып жатыр. DRIVE35 бағдарламасы жалпы құны 4 миллиард фунт болатын жоба ретінде елдің автомобиль өндірісін нығайтып, экологиялық таза көлікке көшу үдерісін жеделдетуді көздейді.
Санжар Тайжан кім?
Санжар Тайжан – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Warwick Boring компаниясының негізін қалаушы әрі бас инженері. Ол 2019 жылы Илон Масктың Hyperloop жобасына арналған бұрғылау машинасының прототипін әзірлеген маман ретінде танылған.
2021 жылы құрылған TaiSan стартапы қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейде танылды. 2022 жылы компания Vertical Aerospace ұйымымен келісімге келіп, электрлі ұшақтарға арналған аккумуляторлық жүйелерді дамытуға кірісті. Бұған дейін стартап британдық үкімет пен түрлі қорлардан 520 мың доллар көлемінде қолдау алған.
2023 жылы Ұлыбританияның Көлік министрлігі TaiSan-ды 67 үміткердің ішінен «ең перспективалы жоба» деп таныды.