8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?Таңғы төрт жарым. Астананың басым бөлігі әлі ұйқыда. Көшелер бос, терезелердің көбінде жарық жанбаған. Бірақ дәл осы сәтте елорданың жаңа күні басталып кеткен. Бірі көшені сыпырып жүр. Екіншісі автобус паркінен алғашқы рейске дайындалып жатыр. Бірі таңғы жаттығуға шықса, енді бірі жұмысқа асығады. Кешке саябақтар мен жағалаулар адамға толады. Ал түнде қала тынышталғандай көрінгенімен, оның тіршілігі тоқтамайды.
Көпшілік Астананы зәулім ғимараттарымен, кең даңғылдарымен, жаңа көпірлері мен сәулетті нысандарымен таниды. Алайда қаланың шынайы келбеті бетон мен әйнекте емес. Ол – күн сайын миллионнан астам адамның өмірін ыңғайлы ету үшін еңбек етіп жүрген қарапайым жандардың маңдай терінде. El.kz тілшісі бір күн бойы елорданың тыныс-тіршілігін бақылап, Астананың қалай өмір сүріп жатқанын көріп қайтты.
Біз таза көшелермен жүріп, күтімді аулаларды көріп үйренгенбіз. Алайда сол тазалықтың артында кімнің тұрғанын көп жағдайда байқамаймыз. Таң қылаң бере «Астана Тазалық» кәсіпорнының қызметкерлері жұмысқа кіріседі. Солардың бірі – осы салада 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бригадир Ғайни Есмағанбетова.
Ол жұмыс күні басталмай тұрып әріптестерімен бірге құралдарын дайындап, қала көшелеріне шығады.
Мен осы салада жұмыс істегеніме біраз жыл болды. Қазір бригадир болып қызмет атқарамын. Жұмысқа таңғы сағат 4:30-да келеміз. Сағат 6:00-де жұмыс басталады. Қыста қар күрейміз, аялдамаларды тазалаймыз. Жазда көшелер мен қоғамдық орындарды жинаймыз. Ауа райы қандай болса да жұмыс тоқтамайды, – дейді ол.
Ғайни апай басқаратын бригада Сарыарқа ауданындағы бірнеше маңызды учаскеге жауап береді. Олардың қатарында Есіл жағалауы мен қала тұрғындары жиі жүретін қоғамдық кеңістіктер бар.
Бұл жұмыс маған тек табыс көзі емес. Астанамыздың тазалығына қызмет етіп, қаламыздың көркіне үлес қосып жатқаныма қуаныштымын, – дейді ол.
Қала тұрғындары жұмысқа шыққан кезде көшелер әлдеқашан тазаланып үлгереді. Бірақ сол еңбектің артында күн сайын таңмен таласа оянатын жүздеген адамның тұрғанын бәрі бірдей біле бермейді.
Күн көтерілген сайын Астана қарбалас тіршілікке енеді. Аялдамаларда адам көбейіп, көшелердегі көлік легі қалыңдай түседі. Қаланың күнделікті өмірін қоғамдық көліксіз елестету мүмкін емес. Мыңдаған адам жұмысқа, оқуға, кездесулерге автобуспен қатынайды. №1 автобус паркінің жүргізушісі Расул Низамов бұл салада 25 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Таңғы төртте тұрамыз. Беске қарай жұмыс басталады. Кейде 13-14 сағат рөлде отырамыз. Адаммен жұмыс істеу оңай емес. Әркімнің мінезі әртүрлі. Бірақ жолаушыларды уақытында жеткізуге тырысамыз, – дейді ол.
Жүргізушінің айтуынша, таңғы қарбалас – ең жауапты уақыт.
Кейде автобусты аялдамадан шығармайды. Бір жол-көлік оқиғасы болса, бүкіл қозғалысқа әсер етеді. Біз уақыттан кешігеміз. Бірақ мұны бәрі түсіне бермейді, – дейді Расул.
Күніне мыңдаған жолаушыны тасымалдайтын жүргізуші үшін әр күн жаңа оқиғаға толы.
– Біз бір жағынан жүргізуші болсақ, бір жағынан психолог сияқтымыз. Адамның көңіл күйін, мінезін байқап үйреніп кетесің, – дейді ол күліп.
Таңғы қарбаластан кейін Астана басқа ырғаққа көшеді. Соңғы жылдары елордада бұқаралық спорт мәдениеті қарқынды дамып келеді. Соның айқын көрінісінің бірі – Astana Half Marathon.
Биыл бесінші рет өткен жарысқа әлемнің 30-дан астам елінен келген 7 мың адам қатысты. Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерден келген желаяқтар елорданың көшелерінде бақ сынады.Жарыс бағыты Тәуелсіздік алаңынан басталып, Ақорда, Бәйтерек, EXPO аумағы және Есіл жағалауы арқылы өтті. Шетелдік қатысушылар үшін бұл спорттық жарыс қана емес, Астананың заманауи келбетімен танысу мүмкіндігі болды.
«Astana Half Marathon – елорда үшін өзін мыңдаған қатысушы мен қонаққа әкімшілік орталық ретінде ғана емес, заманауи, белсенді әрі ашық қала ретінде таныту мүмкіндігі», – дейді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Түске қарай қала тағы бір қырынан ашылады. Соңғы жылдары елорданың келбетін айқындаған нысандардың бірі – LRT желісі. Бір кездері ұзақ жылдар бойы талқыланған жоба бүгінде қаланың жаңа инфрақұрылымдық бет-бейнесінің бір бөлігіне айналып келеді. Қала көшелерінің үстімен жүйткіген заманауи пойыздар Астананың болашаққа бағытталған дамуын аңғартқандай.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі жазбаларының бірінде жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылған алғашқы апталарда-ақ жоғары сұранысқа ие болғанын атап өткен еді.
Бұл көрсеткіштер қаланың тұрғындары мен қонақтары арасында көліктің жаңа түріне сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Жолаушыларға жаңа көлік жүйесіне сенім білдіріп, белсенді пайдаланғаны үшін алғыс айтамын, – деген болатын қала әкімі.
Қазіргі таңда LRT желісі елорданың жаңа символдарының біріне айналып келеді. Ал Есіл өзені үстінен өтетін Атырау көпірі сәулеттік ерекшелігімен көзге түседі. Бекіре балығының қабыршағына ұқсайтын ерекше дизайны көпірді қала тұрғындары мен туристер жиі баратын орындардың қатарына қосты.
Қаланың жасыл кеңістіктерінің бірі – Ботаникалық бақ. Мұнда күннің кез келген уақытында серуендеп жүрген адамдарды, спортпен шұғылданып жүрген жастарды кездестіруге болады.
Бұл орындар Астананың тек мемлекеттік мекемелер шоғырланған әкімшілік орталық емес, өмір сүруге қолайлы заманауи мегаполиске айналып келе жатқанын көрсетеді.
Күн батқан соң қала мүлде басқа кейіпке енеді. Есіл жағалауы мен Жетісу саябағы кешкі уақытта ерекше атмосфераға бөленеді. Серуендеп жүрген отбасылар, велосипед тепкен жастар, спорт алаңдарында жаттығып жүрген тұрғындар – мұның бәрі қаланың күн батқаннан кейін де өмірі қызу жалғасатынын көрсетеді.
Соңғы жылдары Президент саябағы елордалықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Мұнда спортпен айналысуға да, тынығып серуендеуге де барлық жағдай жасалған. Кешкі шамдардың жарығы Есілдің бетіне шағылысып, қалаға ерекше көрік береді. Бір қарағанда Астана осы сәтте ғана тынышталғандай көрінеді.
Алайда бұл – үлкен қаланың келесі күнге дайындалар алдындағы аз ғана тынысы. Тіпті дәл осы Есіл жағасындағы кешкі көріністі тұрғындар арасында "Кішкентай Стамбулға" теңейтіндер де бар.
Бүгінде Астана тек Қазақстанның астанасы ғана емес. Соңғы жылдары қала халықаралық спорттық жарыстардың, әлемдік деңгейдегі форумдардың, мәдени және саяси іс-шаралардың орталығына айналды. Әлемнің әр түкпірінен келген туристер үшін Астана ең алдымен болашақтың қаласы ретінде әсер қалдырады. Шетелдік басылымдар елорданы көбіне ерекше сәулетімен, қыс мезгіліндегі қатал климатымен және қысқа уақыт ішінде қалыптасқан заманауи мегаполис ретінде сипаттайды.
Бірі Бәйтерекпен танысады. Бірі EXPO аумағын аралайды. Енді бірі Есіл жағалауымен серуендеп, қаланың архитектуралық келбетіне таңданысын жасыра алмайды. Бірақ Астананың басты ерекшелігі ғимараттарда емес.
Бұл қаланың құндылығы – оны күн сайын дамытып, көркейтіп жүрген адамдарында. Таңғы төрт жарымда жұмысқа шығатын Ғайни апай да, мыңдаған жолаушыны діттеген жеріне жеткізетін Расул жүргізуші де, марафонға қатысып жатқан желаяқ та, кешкісін саябақта серуендеп жүрген тұрғын да – осы қаланың үлкен тарихының бір бөлшегі.
Сондықтан Астананы әлемге танытып тұрған тек сәулетті ғимараттар емес. Оны әлемге танытып тұрған – күн сайын осы қалада өмір сүріп, еңбек етіп жүрген адамдар. Ал олардың әрқайсысы Астананың бүгінгі келбетін қалыптастырып жатыр.
8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін