30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыАстанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жүрген мәселелерге алғаш рет пікір білдірді. Анасымен бірге берген сұхбатында ол қайта үйленуі, Ұлдананың өліміне қатысты қылмыстық іс, әлеуметтік желідегі сын, халық жинаған қаражат және бұрынғы қайын жұртымен арадағы жағдай туралы ашық айтты.
«Бұл істі соңына дейін жеткіземін»
Әділет Зейнел ең алдымен Ұлдананың қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы айтты. Оның сөзінше, жәбірленуші мәртебесінен бас тарту ойында жоқ.
Бұл істі өзім бастадым. Сондықтан соңына дейін жеткізу – менің міндетім. Ертең бас тартып кетсем, «жаңа отбасын құрды да, бәрін ұмытты» дейді. Мен мұны адамдар үшін емес, Ұлдананың алдындағы парызым үшін жасап жүрмін, – деді ол.
Оның сөзінше, ақпан айынан бері Ұлдананың туыстарымен араласпайды.
Мен ешкіммен ұрысқым келмейді. Бұрын арамызда сыйластық болды. Қазір әркімнің өз жолы бар, – деді Әділет.
«Жаңа өмір бастау – сатқындық емес»
Сұхбаттағы ең көп қозғалған тақырыптың бірі – Әділеттің қайта үйленуі болды.
Ол қазіргі жұбайымен биыл сәуірдің соңы мен мамыр айында танысқанын айтты. Көпшілік жазып жүргендей, жаңа жары Ұлдананың құрбысы болмаған.
Олар бір ұжымда жұмыс істегенімен, жақын араласпаған. Бар болғаны бір рет бірге ауысымға түскен, – деді ол.
Әділеттің айтуынша, қазіргі жары оған ауыр қайғыдан кейін өмірге қайта бейімделуге көмектескен.
Қазір күліп жүргенім, өмірге қайта араласып жүргенім – анамның, Алланың және қазіргі жарымның арқасы. Олар маған қайтадан өмір сүруге күш берді, – деді.
Әлеуметтік желіде тараған жұбайының жүктілігі туралы әңгімеге де тоқталды.
Бұл – өзіміздің жеке өміріміз. Егер рас болса, тек қуанамын. Бұл өмірімнің жаңа кезеңі болады, – деді ол.
Сонымен бірге қайта үйленгені үшін айтылып жатқан сынға да жауап берді.
Мен өзімді сатқын деп есептемеймін. Адам өмірін жалғастыруы керек, – деді Әділет.
Суреттер қалай тарап кетті?
Әділеттің айтуынша, олар жаңа некесін жария етуді жоспарламаған.
Суреттерді мейрамхана мен мобилографтар өздерінің парақшаларына жарнамалық мақсатта жариялап жіберген.
Біз суреттердің шыққанын өзіміз де кейін көрдік. Оған ешқандай келісім берген жоқпыз, – деді ол.
Ал анасы Эльза Ерманова Ұлдананың анасына бұл туралы әдейі айтпағандарын түсіндірді.
Қызынан айырылған анаға мұндай жаңалықты жеткізу оңай емес. Сондықтан тыныш өткізгіміз келді, – деді ол.
«Баламның бақытты болғанын ғана қалаймын»
Әділеттің анасы қоғамдағы «бір жыл өтпей үйленді» деген пікірлерге де жауап берді.
Ешқандай заңда жарты жыл немесе бір жыл күту керек деп жазылмаған. Мен өз баламның күлгенін, екінші жартысын тапқанын қаладым. Түнде ұйықтамай, балам өзіне бірдеңе істеп қоя ма деп алаңдап жүретінмін. Кім не десе де, мен баламның тірі, аман, бақытты болғанын қалаймын. Ол бәрі үшін ер азамат шығар, ал мен үшін өмір бойы бала болып қала береді, – деді Эльза Ерманова.
Халық жинаған 20 миллион теңге қайда жұмсалды?
Сұхбат барысында әлеуметтік желіде қызу талқыланған тағы бір мәселе – Ұлдана Мырзуан қайтыс болғаннан кейін халық жинап берген 20 миллион теңге болды.
Әділет Зейнелдің анасы бұл қаражаттың мемлекеттік өтемақы емес, марқұмның отбасына халықтың өз еркімен көрсеткен қаржылай көмегі екенін айтты.
Оның сөзінше, жиналған қаражаттың шамамен 10 миллион теңгесі кепілде тұрған Ұлдананың автонесиесін жабуға жұмсалған. Қалған қаржының бір бөлігі марқұмның анасы мен әпкесіне берілген. Сондай-ақ жерлеу рәсімі мен ас беруге байланысты шығындар осы қаражат есебінен өтелген.
Бір теңгесін де өз қажетімізге жұмсаған жоқпыз. Барлық түбіртек пен есеп-қисап өзімде сақтаулы, – деді ол.
Әділет Зейнел мемлекеттен ешқандай өтемақы алмағандарын және ешкімнен баспана сұрамағандарын айтты.
Біз ешқандай мемлекеттік өтемақы алған жоқпыз. Ешкімнен пәтер де сұрамадық. Өз баспанам бар, – деді ол.
«Қазір де хейт тоқтаған жоқ»
Әділет әлеуметтік желідегі қысым әлі де жалғасып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, Instagram парақшасын осының салдарынан өшірген. Қазір жағымсыз пікірлер жаңа жұбайына да әсер етіп жатыр.
Ол күн сайын жылайды, – деді Әділет.
Ал анасы ар-намысқа тиетін жазбаларға байланысты сотқа жүгінетіндерін айтты.
Біз заң аясында әрекет етеміз. Ешкім адамның ар-намысына тиісуге құқылы емес, – деді ол.
«Ұлдананы ешқашан ұмытпаймын»
Әңгіме соңында Әділет марқұм жұбайын ешқашан ұмытпайтынын айтты.
Мен оны жақсы көрдім, қазір де жақсы көремін. Оны ұмыттым деген сөз емес. Тек өмірімді жалғастыруға тырысып жүрмін, – деді ол.
Оның айтуынша, Ұлдананың жылдық асында отбасымен құран бағыштап, еске алу рәсімін өткізеді.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционердің бекіткіші құлап, бес адам зардап шекті.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасының құрамында келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан. Туыстарының айтуынша, ол алғашқылардың бірі болып үйінді астында қалғандарға көмекке ұмтылған. Сол сәтте оның үстіне кірпіш қаптама мен кондиционердің бекіткіші құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жеткізіліп, он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін күресті. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол 2025 жылғы 18 қарашада көз жұмды.
Ұлдана Мырзуан мен реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнел 2025 жылғы 30 қыркүйекте шаңырақ көтерген еді. Бұған дейін олар сегіз жыл бойы кездесіп жүрген.
Жуырда Әділет Зейнелдің қайта үйленгені туралы ақпарат тарағаннан кейін марқұмның анасы Сәлима Ешанқұлова мәлімдеме жасап, мұрагерлік, көлік және қылмыстық іске қатысты өз ұстанымын жариялаған болатын. Ал бұл жолы Әділет Зейнел алғаш рет сол мәселелерге жауап берді.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды