Түркияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынды

Түркияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынды

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Түркияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын жаңа ереже күшіне енді. Енді осы жасқа дейінгі балалар жаңа аккаунт аша алмайды, ал бұрын тіркелген парақшалары кезең-кезеңімен бұғатталады. Бұл туралы Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Махинур Гөкташ мәлімдеді.

Жаңа талапқа сәйкес, әлеуметтік желі платформалары пайдаланушылардың жасын міндетті түрде тексеруі тиіс. Компанияларға жүйелерін жаңа ережеге бейімдеу үшін 2027 жылдың 31 наурызына дейін уақыт берілген. Осы аралықта 15 жасқа толмаған балалардың аккаунттары біртіндеп жабылады.

Пайдаланушылардың жасын анықтау үшін Түркияның e-Devlet мемлекеттік электрондық қызметтер порталы қолданылады. Азаматтар осы жүйе арқылы жасын растайтын цифрлық сәйкестендіру құжатын ала алады.

Ал 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге әлеуметтік желіні пайдалануға рұқсат беріледі. Алайда олар үшін бірқатар шектеу енгізіледі. Атап айтқанда, жасөспірімдер тек достар тізіміндегі адамдарға хабарлама жібере алады. Тікелей эфир жүргізуге тыйым салынып, ересектерге арналған контент пен жарнамалар бұғатталады.

Жас шектеуін айналып өту үшін жалған аккаунт ашқандарға, сондай-ақ талаптарды орындамаған әлеуметтік желі платформаларына ірі көлемде айыппұл және өзге де санкциялар қарастырылған.

Сонымен қатар Түркияға қысқа мерзімге келетін шетелдік туристер үшін ерекше тәртіп енгізіледі. Қауіпсіздік саласының сарапшысы Мұстафа Бегюрдчюдің айтуынша, туристер арнайы портал арқылы төлқұжат деректерін тіркеп, әлеуметтік желілерді шектеусіз пайдалана алады.

Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу бұл шешім балаларды виртуалды әлемге шамадан тыс тәуелді болудан қорғауға бағытталғанын түсіндірді. Оның сөзінше, билік интернетке толық тыйым салуды көздеп отырған жоқ. Негізгі мақсат – балалардың білім алуға, кітап оқуға және шынайы өмірдегі қарым-қатынасқа көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау.

Бұдан бөлек, Түркияның Әділет министрі Йылмаз Тунч әлеуметтік желілердегі анонимді және жалған аккаунттарға толық тыйым салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Осы мақсатта заңнамаға қосымша өзгерістер енгізу көзделген.

Қазақстанда да осындай шектеу енгізілуі мүмкін

Айта кетейік, Қазақстанда да 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу мәселесі көтерілген. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бастаманы қолдап, балаларды интернеттегі зиянды ақпараттан қорғау қажеттігін атап өткен болатын.

Қыркүйекте Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Үкіметке депутаттық сауал жолдап, балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу тетіктерін нақтылауды ұсынды. Ол әсіресе жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау, кибербуллингтің алдын алу және жеке деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды екенін жеткізді.

Ал қазан айында Премьер-министр Олжас Бектенов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеуге қатысты заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына ұсынылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, заң қабылданса, пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы тәртібі енгізіліп, өтпелі кезеңде 16 жасқа толмаған балалардың қолданыстағы аккаунттары уақытша тоқтатылады. Айта кетейік, әзірге Қазақстанда бұл шектеу заңнамалық қарау кезеңінде.

Оқи отырыңыз

{