Түркістанда кәмелетке толмаған 70-ке жуық балаға заңсыз діни сабақ өткізген адам анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Түркістан облысы Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іс-шаралар өткізу барысында, кәмелетке толмағандарға заңсыз діни сабақ берген ер адамды анықтады.
Оқи отырыңыз:
Түркістан қаласының тұрғыны үйінде 5 жастан 17 жасқа дейінгі 68 балаға сабақ беріп, діни уағыздарды заңсыз насихаттаған. Ал оқу ақысы 100 мың теңгені құраған. Күдіктінің мекенжайы бойынша тексеру жүргізу кезінде 68 бала діни бағыт бойынша сабақ алғаны расталды. Сондай-ақ оқушылар арасында Түркістан ғана емес, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Өзбекстан Республикасының балалары да білім алғаны анықталды.
Оған қоса полицейлер жергілікті тұрғынның үйінен сараптамаға бағытталған 100-ден астам діни сипаттағы кітаптарды тәркіледі. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-бөлігі (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз діни қызметпен айналысқаны және діни әдебиеттерді таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.