15.05.2026
18:00
172
Жаңалықтар

Түркі елдері ЖИ саласында бірігуі мүмкін: Тоқаев ұсыныс жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеп, жасанды интеллект, цифрландыру және технологиялық даму мәселелеріне айрықша тоқталды.

Президент қазіргі геосаяси жағдайда технологиялық бәсекенің күшейгенін айтып, түркі елдерін бұл үдерістен шет қалмауға шақырды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде:

Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс, – деді.

Президент Қазақстанның цифрлық бағыттағы стратегиялық жоспарларына да тоқталды. Оның айтуынша, елде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланып, Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылған.

Ақорда

Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ біз екі суперкомпьютерді іске қостық. Келесі қадам – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент Қазақстанға шетелдік кәсіпкерлер мен IT мамандарын тарту үшін «Алтын виза» енгізілгенін еске салды.

Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент түркі мемлекеттері арасында цифрлық қолтаңбаны өзара тану жүйесін қалыптастыру қажеттігін де айтты.

Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн, – деді ол.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән берді.

Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет, – деді президент.

Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының бірыңғай желісін құруды ұсынды.

Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын. Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге президент ортақ IT-хаб құру идеясын көтерді.

Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы технологиялық даму барысында рухани құндылықтарды да ұмытпау қажеттігін айтты.

Ақорда

Жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет. Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес. Бұл – біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылатынын мәлімдеді.

Мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды, – деді мемлекет басшысы.