Кеше, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?Қазақстандықтардың күнделікті өмірінде пойыздың орны ерекше. Теміржол елдің түкпір-түкпірін байланыстырып қана қоймай, шалғай елді мекендердің қатынасын қамтамасыз етеді, ішкі туризмнің дамуына серпін береді және халық ең көп таңдайтын көлік түрлерінің бірі болып қала береді.
Әсіресе жаз мезгілінде теміржолдың маңызы арта түседі. Демалыс маусымы басталысымен билетке сұраныс күрт өсіп, туристік бағыттардағы жолаушылар саны көбейеді. Осы кезеңде теміржол инфрақұрылымына түсетін жүктеме де айтарлықтай артады. Бүгінде еліміздегі ең ірі жолаушылар тасымалдаушы компания қалай дамып жатыр? Вагон паркі қалай жаңартылуда? Жолаушыларға қандай жаңа қызметтер ұсынылуда? Жазғы маусымға дайындық қалай жүріп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов EL.kz агенттігіне берген сұхбатында жауап берді.
– «Жолаушылар тасымалы» АҚ – еліміздегі ең ірі теміржол тасымалдаушы компания. Бүгінде компания қандай ауқымда жұмыс істеп жатыр?
– Бүгінде Қазақстанда жолаушыларды теміржол арқылы Ұлттық тасымалдаушы да, жекеменшік компаниялар да тасымалдайды. Ел бойынша барлығы 156 бағытта пойыз қатынайды. Оның 115 бағытына «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызмет көрсетсе, 28 бағытта 13 жеке тасымалдаушы жұмыс істейді. Тағы 13 бағыт көршілес мемлекеттердің теміржол әкімшіліктеріне тиесілі. Сондықтан қоғамдық кеңістікте көтерілетін барлық шағымдар мен пікірлердің Ұлттық тасымалдаушы пойыздарына ғана қатысты бола бермейтінін ескерген жөн.
Жыл сайын компания шамамен 13,5 миллион жолаушыны тасымалдайды. Мұндай ауқымды жұмысты қамтамасыз ету үшін ұлттық тасымалдаушының иелігінде 2 мыңнан астам жолаушылар вагоны бар. Оның ішінде 1328 стандартты вагон, 732 Talgo вагоны және 126 моторвагонды жылжымалы құрам жұмыс істейді.
Бұл көрсеткіштердің артында миллиондаған жолаушының сапары, мыңдаған рейс және тәулік бойы еңбек ететін теміржолшылардың жұмысы тұр. Сондықтан компания жылжымалы құрамның техникалық жағдайына, қызмет көрсету сапасына және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық береді.
– Вагон паркін жаңарту теміржол саласындағы негізгі басымдықтардың бірі. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр және оның нақты нәтижелері қандай?
– Вагондарды жаңарту – компанияның негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл жұмыс мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға бағытталған.
Соңғы төрт жылда ұлттық тасымалдаушы 439 жаңа жолаушылар вагонын сатып алды. Заманауи вагондар қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жайлылық талаптарына толық сай келеді. Олар климат-бақылау жүйесімен, ауаны залалсыздандыру құрылғыларымен, трансформацияланатын жатын орындарымен, USB қосқыштарымен, 220 вольттық розеткалармен, Wi-Fi желісімен, биодәретханалармен және заманауи жылу оқшаулау жүйесімен жабдықталған.
Жаңартылған құрамдар бүгінде Ақтөбе – Атырау, Павлодар – Түркістан, Павлодар – Алматы, Қызылорда – Семей, Алматы – Саратов, Алматы – Өскемен, Астана – Көкшетау, Астана – Бурабай курорты, Қарағанды – Астана, Павлодар – Пресногорьковская, Алматы – Новосібір, Қарағанды – Мәскеу, Нұрлы жол – Омбы, Нұрлы жол – Семей және Маңғыстау – Ақтөбе бағыттарында қатынап жүр. Ұзақ мерзімді бағдарлама аясында Ұлттық тасымалдаушының вагон паркін 100%-ға толық жаңарту көзделген.
– Соңғы жылдары вагондардың жағдайы жақсарғанымен, жолаушылар тарапынан тазалық пен кондиционер жүйелерінің жұмысына қатысты сын-пікірлер әлі де кездеседі. Бұл мәселелерді шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Компания жолаушылар тасымалының көлемі үлкен болғандықтан, жекелеген кемшіліктердің кездесуі мүмкін екенін жасырмайды. Алайда әрбір оқиға жедел түрде қаралып, тиісті шаралар қабылданады. Жуырда әлеуметтік желілерде бір пойыз вагонынан жәндіктердің табылғаны туралы ақпарат кеңінен талқыланды. Осы жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, вагонға жоспардан тыс санитарлық өңдеу жасалды. Сондай-ақ, жауапты қызметкерлерге қатысты шара қолданылды.
Компания жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрап, мұндай жағдайлардың қызмет көрсету стандарттарына сай келмейтінін атап өтті. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін вагондар тұрақты түрде дезинсекциядан өткізіліп, рейске шығар алдындағы санитарлық бақылау күшейтілген. Соңғы жылдары вагондардың техникалық жағдайы айтарлықтай жақсарған. Егер 2023 жылы вагон паркінің орташа тозу деңгейі 45,5 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 35,7 пайызға дейін төмендеді.
Сонымен қатар кондиционер жүйесімен жабдықталған вагондар саны артып келеді. Қазір Ұлттық тасымалдаушы вагондарының 86 пайызы кондиционермен қамтылған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 71 пайыз болған. Дегенмен жаңа вагондар толық жеткізілгенге дейін кондиционері мен биодәретханасы жоқ ескі үлгідегі вагондар пайдаланылып келеді. Мұндай вагондардағы жол жүру құны заманауи вагондармен салыстырғанда шамамен 20 пайызға арзан. Компанияның жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін жолаушылар вагондары толық жаңартылып, барлық бағытта бірыңғай заманауи қызмет көрсету стандарттары енгізіледі.
– Жаз мезгілінде жолаушылар саны айтарлықтай артады. Ұлттық тасымалдаушы демалыс маусымына қалай дайындалды және сұранысты толық қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар жүргізілді?
– Ішкі туризмнің қарқынды дамуы теміржол қатынасын кеңейтуді талап етіп отыр. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы туристер жиі баратын өңірлерге ерекше көңіл бөлуде. Олардың қатарында Алакөл, Балқаш, Каспий теңізінің жағалауы, Бурабай курорттық аймағы және Түркістан бар. Жаз мезгіліндегі жолаушылар ағынының басым бөлігі дәл осы бағыттарға тиесілі. 2026 жылдың жазында ұлттық тасымалдаушы 4,2 миллионнан астам жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр. Сұранысты қамтамасыз ету үшін 15 қосымша теміржол бағыты, төрт Тальго пойызы және үш қосымша қала маңы пойызы қатынасқа шығарылады.
Дәстүрлі түрде ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – Алакөл. Биыл бұл бағытта Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Қызылорда өңірлерінен қатынайтын 13 пойыз қызмет көрсетеді. Жазғы маусымда Алакөл бағыты бойынша шамамен 320 мың жолаушыны тасымалдау жоспарланған.
– Жолаушылардың көбі көрмейтін, бірақ қауіпсіз әрі жайлы сапар үшін аса маңызды техникалық жұмыстар бар. Жазғы маусым қарсаңында вагондарды дайындау барысында қандай жұмыстар атқарылады?
– Жолаушылар пойыздарын жазғы маусымға дайындау жұмыстары жаппай тасымал кезеңі басталмай тұрып қолға алынады. Жолаушылар көретін жайлы сапардың артында ауқымды техникалық жұмыс жатыр. Оның басым бөлігі көзге көрінбегенімен, қауіпсіз әрі қолайлы жол жүруді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Дайындық барысында мамандар вагондардағы желдету және ауа баптау жүйелерін толық тексеріп, сүзгілерін ауыстырады. Сонымен қатар дәретхана кешендеріне техникалық қызмет көрсетіліп, су жүйелері залалсыздандырылады. Электр жабдықтары мен вагондардың негізгі тораптарына диагностика жүргізіледі. Әсіресе жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер ететін жабдықтардың жағдайына ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар вагондардың сыртқы және ішкі келбетін жаңарту жұмыстары қатар жүргізіледі. Тамбурлар, жылыту жүйесінің элементтері мен басқа да техникалық бөлшектер сырланып, вагондардың сыртқы корпусы жуылады. Бұдан бөлек, жоспарлы профилактикалық жұмыстар атқарылады.
– Пойыздардағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қандай жаңашылдықтар енгізілуде? Қазіргі таңда жолаушылар арасында қай қызмет түрлеріне сұраныс жоғары?
– Бүгінде қызмет көрсету сапасын арттыру жекелеген бастамалармен емес, жолаушы сапарының барлық кезеңін қамтитын жүйелі жұмыс ретінде қарастырылады. Жайлылық ұсақ-түйектен құралады, сондықтан соңғы жылдары енгізілген өзгерістердің басым бөлігі осы бағытқа бағытталған. Ең алдымен вагондардың тазалығына ерекше көңіл бөлінеді. Жолаушылар вагондары рейске шығар алдында да, жол үстінде де белгіленген санитарлық талаптарға сәйкес тазаланып, жуылады. Әр сапар алдында вагондар кәсіби тазалау құралдарының, бу генераторлары мен шаңсорғыштардың көмегімен кешенді өңдеуден өтеді. Тазалық жұмыстарының сапасын филиалдар жанындағы арнайы комиссиялар тұрақты бақылауда ұстайды.
Компания төсек-орын жабдықтарын біріздендіруге де басымдық берген. 2019 жылдан бері барлық вагондарда бірыңғай стандарт енгізілген. Әр пайдаланудан кейін төсек жабдықтары 90 градусқа дейінгі температурада жуылып, 180 градусқа дейінгі температурада үтіктеледі. Матрастар, жастықтар, көрпелер, перделер мен кілем жабындары да тұрақты түрде залалсыздандырылып отырады. Жолаушылар үшін жол үстіндегі тамақтану қызметі де маңызды бағыттардың бірі. Қазір 26 бағытта мейрамхана-вагондар, бар-вагондар және буфет жұмыс істейді. Онда жолаушыларға ыстық тағамдар мен кеңейтілген мәзір ұсынылады. Сондай-ақ қызмет көрсетудің жоғары санатындағы кейбір жолаушылар үшін тегін тамақ беру жобалары сынақ режимінде жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, пойыздарда мультимедиялық портал қызметі қолжетімді. Оның көмегімен жолаушылар фильм көріп, музыка тыңдап, аудиокітаптар мен түрлі ақпараттық материалдарды пайдалана алады. Бұл жол уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге мүмкіндік береді. Ұлттық тасымалдаушы ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға да ерекше мән береді. Бүгінде компания паркінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімделген 100-ден астам арнайы вагон бар. Теміржол қызметтеріне барша азаматтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету – компанияның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі.
– Компания қызмет көрсету сапасын қалай бақылайды? Жолаушылардың өтініштері, шағымдары мен ұсыныстарына қандай деңгейде назар аударылады?
– Қызмет көрсету сапасын тұрақты бақылаусыз қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан компанияда белгіленген стандарттарды бұзуға жол бермеу қағидаты қатаң сақталады. Пойыздарда тұрақты тексерулер жүргізіліп, әсіресе жолаушылар ағыны артатын кезеңдерде бақылау күшейтіледі. Ірі теміржол вокзалдарында арнайы отырғызу топтары жұмыс істейді. Олар қызмет көрсету сапасын бақылап, жолаушылардың сұрақтары мен мәселелеріне жедел жауап береді.
Кері байланыс орнату үшін бірнеше арна қарастырылған. Жолаушылар WhatsApp арқылы +7 776 714 5686 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ вагондарда орналастырылған QR-кодтарды сканерлеу арқылы операторға тікелей өтініш жолдауға мүмкіндік бар. Қажетті ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1433 тегін нөмірі арқылы да алуға болады. Компания үшін әрбір өтініш пен ұсыныс – қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды кері байланыс көзі.
– Қазіргі таңда жолаушылар үшін интернет пен цифрлық қызметтердің маңызы артып келеді. Пойыздардағы интернет желісін дамыту және цифрлық сервистерді енгізу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Соңғы жылдары ұлттық тасымалдаушы жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында бес бағытта пилоттық сынақтар өткізілді. Атап айтқанда, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында спутниктік интернеттің жұмысы тексерілді. Сынақ барысында мамандар OneWeb және Starlink технологияларының мүмкіндіктерін бағалады.
Пилоттық жобалардың нәтижесі оң болғандықтан, интернет жүйесін жолаушылар пойыздарына кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды. Биылғы мамыр айынан бастап вагондарды қажетті жабдықтармен қамту жұмыстары басталды. Ал 2026 жылғы 1 маусымда №153/154 «Астана – Семей» пойызын жабдықтау толық аяқталып, ол жаңа қызметті ұсынуға дайын алғашқы құрамдардың біріне айналды. Жоспар бойынша 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ құрамындағы барлық пойыз интернетке қосылады. Жоба аясында 50 бағыт пен 123 жолаушылар құрамы қамтылады. Бұл еліміздегі теміржол саласын цифрландырудағы ең ауқымды жобалардың бірі болмақ. Пойыздардағы интернет инфрақұрылымын дамыту компания басшылығының ерекше бақылауында. Бұл жоба тек жаңа технология енгізумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, сапарды барынша қолайлы әрі заманауи ету.
Теміржол қашанда Қазақстан өңірлерін өзара байланыстырып келген маңызды қатынас құралы. Сондықтан ұлттық тасымалдаушының міндеті – осы байланысты уақыт талабына сай жаңартып, әрбір жолаушы үшін қауіпсіз, сенімді әрі ыңғайлы ету.
Кеше, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін