13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызҚазақстанмен шекаралас жатқанымен, Түрікменстан көпшілік үшін әлі де жұмбақ елдердің бірі. Ал Түрікменстандағы күнделікті өмір сырт көзге көрінетін көріністен қаншалықты өзгеше? El.kz тілшісі осы елде бірнеше жылдан бері тұрып жатқан Айгүл есімді қазақ қызымен тілдесті. Отандасымыз жергілікті өмірдің ерекшеліктері, елдегі шектеулер мен өзі байқаған артықшылықтар туралы айтып берді.
Түрікменстан неге «жабық мемлекет» саналады?
Ақ мәрмәрлі Ашхабад, Қарақұм шөліндегі әйгілі Дарваза кратері, интернетке қойылған шектеулер мен туристерге арналған қатаң талаптар Түрікменстанды сырт көзге құпиясы көп, жабық мемлекет ретінде танытады. Мұнда Қазақстан азаматы жай ғана билет алып, еркін саяхатқа шыға алмайды: ұлттық паспорт иелеріне виза қажет, ал кейбір аумақтарға бару мен нысандарды суретке түсіруге шектеулер бар.
Human Rights Watch-тың 2026 жылғы есебінде Түрікменстанда тәуелсіз БАҚ жоқ екені, интернетке қолжетімділік қатаң бақыланатыны және сөз бостандығы мен жүріп-тұру еркіндігіне елеулі шектеулер сақталғаны жазылған. Ұйым елдегі интернет кеңістігінде VPN сервистері мен мыңдаған IP-мекенжайдың бұғатталғанын да атап өтеді.
Осы ерекшеліктердің барлығы Түрікменстанның әлемдегі салыстырмалы түрде жабық мемлекеттердің бірі ретінде сипатталуына негіз болып отыр.
Алайда бірнеше жылдан бері осы елде тұратын Айгүл Түрікменстандағы өмірді тек шектеулер тұрғысынан бағалау дұрыс емес деп есептейді. Оның айтуынша, елде ішкі өндіріс пен отандық нарыққа айрықша мән беріледі.
Түрікменстанда ішкі өндірісті дамытуға көп көңіл бөлінеді. Мақта өндірісі жақсы жолға қойылған, тоқыма өнімдері шығарылады. Көкөніс шаруашылығы да дамыған. Мәселен, қызанақ қыс мезгілінде ТМД елдеріне экспортталады. Елдің өз өнімі мен өзіндік бренді қалыптасқанын байқауға болады, – дейді Айгүл.
Оның сөзінше, шетел азаматтарының елге келіп, еркін кәсіп жүргізуіне де белгілі бір талаптар қойылады. Турист ретінде баруға мүмкіндік болғанымен, сапарды ұйымдастыру арзанға түспейді.
Интернет неге шектеулі?
Түрікменстанға барған шетелдік үшін ең бірден байқалатын ерекшеліктің бірі – интернет. Ұлыбританияның шетелге шығатын азаматтарға арналған ресми нұсқаулығында Түрікменстанда YouTube, X, Facebook және WhatsApp сияқты көптеген танымал платформалардың бұғатталғаны көрсетілген. Gmail, Yahoo және Hotmail сервистеріне кіру де қиын болуы мүмкін.
Human Rights Watch дерегінше, билік интернетке қолжетімділікті жүйелі түрде шектеп келеді. 2025 жылғы есебінде елде 122 мыңнан астам интернет домені бұғатталғаны көрсетілген.
Мен үшін кем тұстарының бірі – интернеттің шектеулі болуы. Instagram, TikTok секілді біз күнделікті қолдануға үйренген әлеуметтік желілерге еркін кіру қиын. Қазақстанда интернет пен цифрлық сервистерге әбден үйреніп қалған адамға мұндағы жағдай бірден сезіледі, – дейді ол.
Айта кетейік, Айгүл VPN арқылы кіруге болатынын айтқанымен, шетелдік туристерге арналған Ұлыбританияның ресми нұсқаулығы VPN қолдануға қатысты құқықтық тәуекел барын ескертеді. Сондықтан елге баратын азаматтарға жергілікті талаптарды алдын ала нақтылаған жөн.
«Қазақстанға келгенде цифрландырудың қадірін түсінемін»
Түрікменстандағы бірнеше жылдық өмір Айгүлге Қазақстандағы күнделікті қызметтердің артықшылығын басқа қырынан сезінуге мүмкіндік берген. Оның ерекше атап өткені – цифрландыру.
Түрікменстанда тұрып, Қазақстанға барған сайын біздің цифрлық технологиямыздың қаншалықты дамығанын сезінемін. Қазақстанда көптеген құжатты, төлемді, күнделікті мәселені онлайн шешуге болады. Kaspi секілді сервистерге үйреніп қалған соң, оның қаншалықты үлкен қолайлылық екенін басқа елде тұрғанда жақсы түсінеді екенсің, – дейді.
Ол Қазақстан азаматы ретінде шетелде жүргенде консулдық қолдаудың маңызын да сезінгенін айтады.
Бір жолы Қазақстан елшілігіне жүгінгенімде мені өте жылы қабылдап, сұрақтарыма жауап беріп, қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндірді. Сол кезде шетелде жүрген Қазақстан азаматы ретінде өз құқығымның қорғалатынын ерекше сезіндім. Өзге елде жүргенде көк паспортымды мақтанышпен көрсетемін, – дейді ол.
Ашхабад неге аппақ?
Түрікменстан десе, көп адамның көз алдына ақ мәрмәрлі Ашхабад келеді. Бұл жай ғана туристік теңеу емес. 2013 жылы Ашхабад ақ мәрмәрмен қапталған ғимараттар ең тығыз орналасқан қала ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Сол кезде қаланың 22 шаршы шақырым аумағында 543 ақ мәрмәр ғимарат есепке алынған. Оларды қаптаған мәрмәрдің жалпы көлемі 4,5 миллион шаршы метрден асқан.
Айгүлдің айтуынша, ақ түс бүгінде Ашхабадтың ажырамас белгісіне айналған.
Ашхабадқа алғаш келген адам ақ түстің көптігін бірден байқайды. Ғимараттардың басым бөлігі ақ мәрмәрмен қапталған, көшелерде де ақ көліктер өте көп. Бұл қаланың өзіндік стиліне айналып кеткен, – дейді ол.
Камераны кез келген жерге бағыттауға болмайды
Түрікменстанға барған турист үшін тағы бір маңызды мәселе – фото және видео түсіру тәртібі.
Ұлыбританияның ресми туристік ескертуінде әуежайлар, әскери нысандар, полиция бөлімдері, мемлекеттік ғимараттар мен елшіліктер маңында фото түсірер алдында абай болу керектігі айтылған. Кей нысандарды суретке түсіруге тыйым салынған. Президент сарайының күзеті де камера қолдануға шектеу қоюы мүмкін. Айгүл мұндай тәртіпті күнделікті өмірде де байқаған.
Суретке түсіруге болмайтын жерлер бар. Әсіресе мемлекеттік нысандардың маңында камераны еркін бағыттап, видео түсіре алмайсың. Жергілікті адамдардың арасында да суретке түсуді қаламайтындар кездеседі. Сондықтан камераны шығармас бұрын қай жерде тұрғаныңды ескерген дұрыс, – дейді ол.
«Тәртіпке қатал қарайды»
Айгүл Түрікменстандағы өзі бағалайтын ерекшеліктердің бірі ретінде қоғамдық тәртіпке мұнда ерекше мән берілетінін айтады.
Менің жеке тәжірибемде мұнда өзімді қауіпсіз сезінемін. Қоғамдық тәртіпке қатал қарайды. Көшеде немесе қоғамдық орындарда тәртіп бұзуға көз жұма қарамайды. Әрине, бұл елде қылмыс мүлде болмайды деген сөз емес, бірақ күнделікті өмірде қауіпсіздікке үлкен мән берілетінін байқаймын, – деді.
Түрікменстанның климаттық жағдайына қарамастан, Айгүл қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінетінін айтады.
Мұндағы климат Қазақстанға қарағанда ыстық әрі құрғақ. Соған қарамастан, Ашхабадты көгалдандыруға, тазалық пен абаттандыруға көп көңіл бөлінеді. Осы жағы маған ұнайды, – дейді ол.
Қазақ пен түрікменнің ұқсастығы неде?
Бірнеше жыл түрікмен отбасында өмір сүрген Айгүл екі халықтың тұрмысынан ұқсастықтарды да байқаған. Соның ең бастысы – той мен қонақжайлық.
Қазақтар мен түрікмендердің ұқсастығы көп. Түрікмендер де тойды ерекше жақсы көреді. Қандай да бір қуанышты жағдай болса, атап өтуге тырысады. Қонақ күту, дастарқан жаю дәстүрі де бізге жақын. Әрине, әр отбасының салты әртүрлі, бірақ жалпы ортақ дәстүрлерді байқауға болады, – дейді ол.
Сонымен қатар білім алу мүмкіндіктерін салыстырғанда Айгүл Қазақстандағы мемлекеттік гранттардың маңызын Түрікменстанға көшкеннен кейін жақсырақ түсінгенін айтады.
Қазақстанда жастардың грантпен білім алуына мүмкіндік көп. Бұрын оның қадірін толық түсінбеген шығармыз. Мұнда жоғары білім алу оңай емес, ақылы оқу отбасы бюджетіне салмақ түсіреді. Осында келгеннен кейін Қазақстандағы жастарға білім алу мүмкіндіктерінің жоғары екенін түсіндім, – дейді Айгүл.
Түрікменстанда турист не көруі керек?
Түрікменстан тек ақ мәрмәрлі Ашхабадпен шектелмейді. Елдің ең танымал орындарының бірі – Қарақұм шөліндегі Дарваза газ кратері. Диаметрі шамамен 70 метр, тереңдігі 20 метрге жуық алып шұңқырдың ішіндегі газ ондаған жыл бойы жанып келеді. Кратердің нақты қашан және қалай пайда болғаны жөнінде бірнеше нұсқа бар, сондықтан интернетте кең тараған «1971 жылы кеңестік геологтар әдейі өртеген» деген оқиғаны толық дәлелденген тарихи факт ретінде қабылдауға болмайды.
Айгүл елдің басқа аймақтарын да аралауды жоспарлап жүр.
Туристерге Ашхабадтан бөлек көретін жер көп. Өзім Марыға, Дарвазаға барғым келеді. Ауылдық жерлердегі өмірді де көргім келеді. Мұнда жергілікті халық зиярат ететін қасиетті орындар өте көп. Кейбірінде алыстан келген адамдарға арнайы жағдай жасалған, ас дайындайтын орындар мен қонақтайтын бөлмелер бар. Бұл дәстүр маған ерекше әсер етті, – дейді ол.
Жабықтықтың ар жағындағы өмір
Түрікменстанды бір ғана «жабық мемлекет» деген анықтамамен сипаттау елдегі өмірдің барлық қырын көрсете алмайды.
Бір жағынан, халықаралық ұйымдар елде ақпаратқа қолжетімділік, тәуелсіз журналистика, интернет пен жүріп-тұру еркіндігіне елеулі шектеулер бар екенін бірнеше жылдан бері айтып келеді. Human Rights Watch 2026 жылы да тәуелсіз журналистиканың жоқтығын және интернеттің жүйелі түрде бұғатталатынын хабарлады.
Екінші жағынан, Айгүлдің әңгімесінен жергілікті тұрғындардың күнделікті өмірінде басқа құндылықтар – қауіпсіздік мәселесі, абаттандыру, отандық өнім мен дәстүрге мән беру секілді дүниелердің алдыңғы қатарға шығатынын көруге болады.
Сондықтан Түрікменстанның «жабықтығы» тек шекарадағы виза немесе туристің камерасына қойылатын шектеумен өлшенбейді.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды