24.11.2025
10:41
417
Тұмауды жұқтыру қаупін 4,2 есе арттыратын фактор анықталды

Тұмауды жұқтыру қаупін 4,2 есе арттыратын фактор анықталды

Ұйқыны тәулігіне алты сағатқа дейін қысқарту жедел респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) шалдығу қаупін 4,2 есе арттырады. Калифорния университетінің зерттеушілері осындай қорытындыға келді. Зерттеу нәтижелері Brain, Behavior and Immunity (BBI) журналында жарияланған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеуге 164 ерікті қатысып, мамандар оларды екі ай бойы бақылған. Қатысушылар тұрақты медициналық тексеруден өтіп, өмір салты жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат беріп отырған: күйзеліс деңгейі, алкоголь тұтыну, шылым шегу сияқты факторлар ескерілді. Әсіресе ұйқы параметрлеріне – оның ұзақтығына, тұрақтылығына және субъективті сапасына ерекше назар аударылды.

Жиналған деректерді талдау нәтижесінде ұйқының ұзақтығы суық тию вирусын жұқтыру қаупінің ең маңызды көрсеткіші екені анықталды. Тәулігіне шамамен алты сағат ұйықтаған адамдардың ауруға шалдығу ықтималдығы, кем дегенде жеті сағат тыныққан адамдарға қарағанда, 4,2 есе жоғары болды. Ал түнгі ұйқыны бес сағатқа дейін қысқарту бұл қауіпті 4,5 есеге дейін арттырды.

Жас, әлеуметтік жағдай және кең тараған зиянды әдеттер инфекцияға шалдығуға бейім адамдарға айтарлықтай әсер етпеген.

Сонымен бірге ғалымдар тәуліктік биоритмі бұзылған тышқандарға қосымша тәжірибе жүргізді. Олар түнде қалыпты мөлшерде ұйықтаса да, ұйқы кестесінің өзгеруі иммундық жүйесін әлсіреткен – жануарлар баяу қимылдап, жиі ауыратын болған. Зерттеушілердің айтуынша, иммунитеттің дұрыс жұмыс істеуі үшін ұйқының ұзақтығы ғана емес, оның құрылымы мен биоритмнің тұрақтылығы, ұйқы фазаларының дұрыс бөлінуі де өте маңызды.