06.05.2026
11:40
177
Жаңалықтар

Цифрлық үзіліс: баланы интернетсіз өмірге қалай үйретеміз

Бүгінде интернет жарық пен су секілді күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналды. Сол себепті оның уақытша өшуі ересек адамға жай ғана қолайсыздық болса, бала үшін күтпеген күйзеліс болуы мүмкін. Кеше ғана емін-еркін көріп жүрген мультфильмін қарай алмай қалады, онлайн сабағы өтпей қалады, достарымен де байланыса алмайды. Осындай сәтте бала абдырап қалмауы үшін оны алдын ала дайындау маңызды.

Интернеттің өшуі – қалыпты жағдай

Ең алдымен, балаға интернеттің де кез келген жүйе сияқты кейде істен шығатынын қарапайым тілмен түсіндірген жөн. Оны қорқынышты жағдай ретінде емес, уақытша құбылыс ретінде қабылдату керек.

Мысалы, «интернет – лифт сияқты, кейде жұмыс істемейді, сонда біз баспалдақпен түсеміз» деген секілді салыстырулар балаға түсінікті болады.

Бұл жерде ата-ананың эмоциясы шешуші рөл атқарады. Егер үлкендер ашуланып, мазасызданса, бала да сол күйді қабылдайды. Ал үлкендердің сабырлы әрекеті балаға да тыныштық пен сенім ұялатады.

Интернет жоқ кезде оны шағын отбасылық дәстүрге айналдыруға да болады. Мысалы, дәл сол күні бала бүкіл отбасыға арналған ойын ойлап табады немесе «қазір байланыс жоқ» деген сияқты шағын ойынға айналдыруға болады.

Интернетсіз де өмір бар

Цифрлық үзіліс тек көңіл көтерудің тоқтауы емес, кей жағдайда қауіпсіздікке де әсер етеді. Сондықтан балаға интернетсіз де әрекет ете алатын негізгі дағдыларды үйрету керек.

Балаға қарапайым байланыс тәсілдерін үйрету

Бала тек мессенджерге емес, кәдімгі қоңырау шалуға да үйренуі керек. Телефондағы байланыс тізімін, «қоңырау шалу» батырмасын көрсетіңіз. Маңызды нөмірлерді жылдам теруді үйретіп, ең қажет 2-3 нөмірді жаттатқан дұрыс.

Қосымша ретінде SMS жіберуді де үйретіңіз. Ал төтенше жағдай нөмірлерін ойын арқылы жаттауға болады.

Кейде баланың балансында ақша болмауы мүмкін. Осындай жағдайда операторлардың «кері қоңырау сұрау» немесе «басқа адамның есебінен қоңырау шалу» қызметтері бар екенін түсіндіріп, қалай қолданатынын көрсеткен жөн.

Жол табуды балаға қалай үйретеміз

Бала мектепке, үйірмеге немесе дүкенге интернетсіз де бара алуы керек. Сол үшін бірге жүріп, жолдағы белгілерге, көше атауларына назар аударыңыз.

Кейін баланың жолды өзі дұрыс таба алатынын тексеріп көріңіз. Қажет болса, қоғамдық көлікті қалай пайдалану керегін де үйретіңіз. Егер адасып кетсе, жүргізушіден немесе бақылаушыдан көмек сұрау керегін түсіндіріңіз.

Қосымша ретінде интернетсіз де жұмыс істейтін карта қосымшасын жүктеп, оны қолдануды көрсетіп қойған дұрыс.

Интернет жоқта төлемді қалай жасайды

Карта мен QR төлемге үйренген балалар үшін қолма-қол ақша – сирек нәрсе. Бірақ интернет жоқ кезде дәл осы тәсіл көмектеседі.

Үйде балаға ұсақ-түйек заттарды сатып алуды үйретіңіз. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелерін де түсіндіріп, ақшаны көзге түспейтіндей ұстауды, қайтарымды міндетті түрде тексеруді және ірі сатып алуды ересектерге қалдыру керегін айтыңыз.

Білімді тек телефоннан іздемеу керек

Интернет өшкен кезде ақпарат іздеу қиындайды. Сондықтан үйде қағаз кітаптар, энциклопедиялар, сөздіктер болғаны дұрыс.

Баланы маңызды нәрсені жазып жүруге үйретіңіз. Бұл – тек интернетке тәуелді болмай, өз бетінше білім алуға көмектесетін дағды.

Интернетсіз уақытты қалай қызықты өткіземіз

Интернетсіз уақытты бос өткізбеу үшін арнайы ойындар мен қызықты істерден тұратын қорап дайындауға болады. Оның ішінде үстел ойындары, пазл, бояу кітаптары, конструктор немесе түрлі қызықты кітаптар болғаны жақсы.

Сонымен қатар баланы үй шаруасына тарту да пайдалы. Бірге тамақ дайындау, гүл күту немесе бөлмені жинау сияқты қарапайым істердің өзі уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы LRT жүйесінде балаларға арналған жолақы, жеңілдіктер мен тыйымдар туралы жазған едік.